astana-view

Кәсіпорын жұмысына қолдау көрсетті

2018 жылғы 19 Ақпан
- Шымкент қаласы
4049 просмотров

ОҚО «Гранд Микс» жиhаз фабрикасы  Кәсіпкерлер палатасы көмегімен екі жыл бойы ала алмаған несиеге қол жеткізді

Бұл фабрика алғашында үй жанынан ашылған, 4 адам жұмыс істейтін цех болатын. Кейіннен мемлекеттен қолдау алып, өрісін кеңейтті. Түркістан қаласындағы индустриялық аймақта орналасқан бұл кәсіпорын қазіргі таңда 100-ден аса адамды жұмыспен қамтуда. Өндіріс көлемі артқан мекемеде білікті маман тапшылығы сезіліп,  Палата сарапшыларының қолдауымен шет елден маман да шақырылды. Германиядан арнайы келген дизайнердің сән үлгілерін басшылыққа алып, өзара тәжірибе алмасу жүргізілді.

 Алайда, өз кәсіпорынын ұлғайтқысы келген  «Гранд Микс» жиhаз фабрикасы қажетті құрылғылар алу үшін несие алуға өз бетінше кіріседі. Банк қызметкерлері қомақты қаржыны берместен, кәсіпорынның кепілі жеткіліксіз деген негізге сүйеніп, несие беруден бас тартқан. Осылайша еңсесі түскен кәсіпорын басшылығы ОҚО кәсіпкерлер палатасына жүгінеді.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің менеджер-кеңесшісі Руслан Сартаев жобаны сүйемелдеуді өз қолына алады. Қажетті құжаттарды рәсімдеп, бизнес жоспар құрып, банктің басшылығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 200 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткізілді.

«Несие алу үшін талай есікті қағып, көп жерлерден көмек те сұрадық. Бұл несие алудағы көздегеніміз өндіріс көлемін арттырып, жұмыс санын көбейту болатын. Үзілген үмітімізді қайта жалғап, аз уақытта қомақты қаражатты алуға көмектескен Палата менеджерлеріне алғысымыз шексіз»,-деп атап өтті «Гранд Микс» ЖШС директоры Сабыржан Исхахов.

Қазір рухани шаһардың жетекші кәсіпорны өнім сапасын арттырып, тұтынушы таңдауын ұлғайтуда. Бағасы арзан, сапасы жоғары жиһаз шығаратын «Гранд Микс» кәсіпорны айына 350-400 миллион теңгенің тауарын өндіреді. Өндіріс көлемі екі есеге артып отыр. Сұраныс көбейген. Компания өз жиһаздарын еліміздің барлық аймағына шығарып та үлгерді. Ол үшін қажетті құрылғының бәрі бар. Алдағы уақытта Қытай, Ресей елдеріне экспортқа шығару жоспарланып отыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер