astana-view

Мақашева Жұмагүл: белгілі бір мамандықты оқыту бір бөлек, бизнес-жоспарлар жасап, кәсіп жүргізуді үйрету мүлдем басқа дүние

2018 жылғы 28 Ақпан
1833 просмотров

Мақашева Жұмагүл Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы және қазіргі таңда «Бастау Бизнес» жобасының жаттықтырушысы қызметін атқарады. Осы орайда, жаттықтырушымен жоба жайында ой-пікір бөлісіп, сұхбаттастық.

- Өзіңіз жайында айтып берсеңіз? Жобаға қалай келдіңіз?

- Ақтөбе қаласының бизнес-жаттықтырушысымын. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламасы» аясында жүргізілген «Бастау Бизнес» жобасы жайында аяқ астынан білдім. Өзім университетте оқытушы болып қызмет атқарамын. Белгілі бір мамандықты оқыту бір бөлек, бизнес-жоспарлар жасап, кәсіп жүргізуді үйрету мүлдем басқа дүние. Өзімнің мамандығым экономист және банк қызметіне байланысты жұмыстар бойынша пәндерді оқытамын. Ой талқы ретінде жүргізілетін оқыту тәсілінің өзі ұнады. Бағдарлама бойынша негізгі назар тыңдаушылардың білімдерін өздері жетілдіруінде болды.

- Бірінші жылы бірнеше ағымдарды оқытып, белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинақтадыңыздар. Биылғы жылғы оқытуда өзіңіздің бір ерекше оқыту тәсіліңіз болады ма?

- Менің ойымша интерактивті тәсілдерді көбірек қолдану қажет. Нәтижесінде кері байланысты орнатып, ортақ жұмыс жасау керек. Мәселен, 12 модуль бойынша оқыту ауылдық тұрғындардан гөрі менің студенттеріме оңай түсуші еді. Себебі оқып жүрген студенттерде оқу негізі, база бар. Өмір сүру дағдылары мүлдем басқа. Жаттықтырушылардың көбі ауыл тұрғындарына жақсы тәлімгер болу үшін ауыл тұрғыны сынды өмір сүру, ойлау қажет екендігін түсінеді. Ауыл тұрғындардың шамамен 50%-ы қаржы тұрғысынан сауаты жоқ. Қарапайым мысалдармен, сурет салу, жазып түсіндіру арқылы оқытуды жүргізу қажет болуы әбден мүмкін.

- Ауылдық ортада ұзақ мерзім болудан қорқытпайсыз ба?

- Шынымды айтсам, алдымен баратын аймақты көріп, түсініп, байқаған соң айтуға рұқсат етіңіздер. Білмей тұрып, сенімді айта алмаймын. Бірақ қатты қорқыныш бар деп те айта алмаймын, себебі жобаға қатыспас бұрын неге бара жатқандығымызды біліп келдік. Аймақтар бойынша үлестіру алдағы уақытта болады, алайда, орыс тілді солтүстік аймақтарға барсам жақсы болар еді деген ой бар. Дегенмен, түбінде қазақ тілінде сөйлеу бәрі бір керек.  

- Маман ретінде аталмыш жобаның аз-кем кемшілігі не жетіспеушіліктерін байқаған боларсыз?

- Тәжірибе жүзінде жасап көрмеген соң, нақты айта алмай отырмын. Өткен жылдың қатысушылары да, бизнес-жаттықтырушылары да жобаны сәтті аяқтағанына қарағанда жақсы бастамалардың бірі екені байқалады. Жаттықтырушылар оқыту, кеңес беру уақытында қызметтерін көрсетеді. Ендігі сүйемелдеу барасы да ерекше қызықтыратындығы жасырын емес. Оқытудан өткен адамдардың жұмыс нәтижелерін, алғашқы қадамдарын биыл ғана көре бастып, сараптама жасауға болады. Ал тәуекелге келетін болсақ, адамның өзіндік сана-сезіміне байланысты болары анық.  Айтпақшы, биылғы жылы территорияларды қамту өскенменен, қаржыландыру өзгеріссіз қалғандығы белгілі. Бұл шынында өзекті мәселе. Қаржыландыру жылдың басында болып, соңғы лекпен оқытылатындарға жетпей қалу үрдісі байқалатындығы белгілі. 4, 5, 6 топтарға байланысты әділетсіздік екені анық.

- Өткен жылы ауыл шаруашылық саласына қаржыландыру белсенді жүргізілді, биылғы жылға аталмыш салаға сол көлемде назар аударылмайды делінген. Бұл арада ауданның және жалпы бұқараның салаға бейімділігі ескерілмегендігі туралы пікіріңіз қандай?

- Ауыл шаруашылығы аудан орталықтарында дамуын қаласақ, менің ойымша, ауыл тұрғынына қалаға көшпеу үшін барлық жағдай мен инфрақұрылым жасалу қажет. Жұмыс, жағдай болмағандықтан қалаға көшу үрдісі белең алғандығы белгілі. Алайда, негізінде, тек мал бордақылаумен ғана емес, мал санын көбейту, ауыл шаруашылықтан тыс салаларды дамытумен айналысу қажет деп ойлаймын. Тағы бір факторлардың бірі, біз қалаған саланың кез келгенін ауылда дамытуға мүмкіндік жоқ. Себебі, ауылдың өзіндік спецификасы болады. Кәсіп ашуға бейімділігі деген де бар.  Қарыз қаражатты өзінің мүліктері бар екендігін мәлімдейтін құжатты көрсете алатын уақытта береді.

- Оқу курсына тыңдаушыларды жинау үрдісі қашан басталады?

- Бізге берілген мәлімет бойынша сәуір айының соңына таман басталуы тиіс. Наурыздың соңында аудандар бойынша жаттықтырушыларды анықтау болады. Оқыту қараша айының соңына дейін болады деп күтілуде.

- Бизнес-жаттықтырушы болу ұнайды ма?

- Қазіргі таңда жаттықтырушы болу белгілі бір деңгейде тренд болуда. Алайда, өз басыма мұндай тәжірибе өте қызықты. Біріншіден, нақты әрі түсінікті қай бағытта жұмыс жасау керектігін анықтайды. Екіншіден, түсіндіру тәсілдері байсалды, салмақты болу қажет. Бизнес-жоспар жасауға дайындалған арнайы электрондық бағдарлама өте тиімді екендігі қуантады. Мәселен нақты бизнеске байланысты нақты сандар мен өлшемдер енгізілген соң бизнес-жоспарға байланысты өлшемдерді бағдарлама өзі есептеп шығарады.

- Жобаның ерекше ұнаған тұстарына тоқталып өтсеңіз?

- Мен үшін, осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы қарапайым ауыл шаруашылығы болып еді. Ауылдық жерлердегі жағдай қандай болуы мүмкін деген мәселе бар. Өзім қалалық тұрғын болғандықтан мен үшін көк тұман болғаны рас. Алайда, қазіргі таңда тұман сейіліп, мәселе анықталды. Үйреніскенім де рас. Жобаның жақсы тұстарына, жаттықтырушылардың барлығы дерлік өздерінің күнделікті өмірлерінен ажырап, ауылдық тұрмысқа, жобаның қатысушыларына толық беріле алғандығын айта аламыз. Ол жерде өмір қарқыны, жұмыс қарқыны мүлдем басқа. Сонымен қатар, өміріңдегі кез келген жаңа таныстық белгілі бір қажет ақпаратты алудың көзі болып табылатындығы белгілі. Қарым-қатынас орнату, көп ауқымдағы позитив, жаңа энергетика, ақпарат алмасу – мұның барлығы жаңа таныстықтың нәтижесі. Шынымды айтсам, жоба тәмәмдағанына қарамастан қарым-қатынасымыз үзілмейді деген үміттемін.

- Ауыл тіршілігімен бір қазанда қайнаған соң қай бағытта жұмыс жүргізу қажет екендігін білетін боларсыздар?

- Әрине, нарықтың сұранысы қандай екендігін, болашақ кәсіпкердің мүмкіндігін, аймақтың кәсіби әлеуетін көріп тұрған соң қай бағытта жұмыс істеу қажеттігі айқындалатындығы сөзсіз.

-Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Динар Шахай


Еншілес ұйымдар

Серіктестер