astana-view

Астанадағы кәсіпкер 10 жылдан бері өз нысанын пайдалануға бере алмай келеді

2018 жылғы 02 Наурыз
- Астана қаласы
5913 просмотров

«Атамекен» болмаса, көп пәтерлі үй салу жоспарланған жер учаскемізден айырылып қалар едік» – Кәсіпкер

Бүгін Елордада Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда шағын және орта бизнестің өз еркімен құрылыс жүргізуі және сот тәртібінде жер учаскесін алып қою мәселелері қаралды.

Кеңес мүшелері рұқсатсыз құрылыс жүргізу мәселесіне қатысты жеке кәсіпкер Рымкеш Әшірбекованың шағымын қарады. Жеке кәсіпкер соңғы 10 жылда Астанада «Бразерс Компани» ЖШС-нан жылжымайтын мүлік нысанын сатып алып, оның пайдалануға берілуіне заңды негіздеме ала алмай жүр.

Бұл жағдайда «Бразерс Компани» ЖШС құрылысты нысанның жобалық-сметалық құжатынсыз жүргізіп, келісімшарт бойынша міндеттемесін орындамаған. Қазір бұл нысан заңды пайдалануға берілмей қолданылып отыр және азаматтық тауар айналымынан шығарылған. Кәсіпкердің қорғаушысы Алия Құлыбекованың айтуынша, 2008 жылы сот тәртібінде жылжымайтын мүліктің бір бөлігіндегі меншік құқығы Әшірбекованыкі деп танылған, ал қалған бөлігіне талап арызын беруге үлгермеген, себебі сот мұндай талап арызының тәжірибесінен бас тартқан еді.

«Бұл тұйықтан шыға алмай келеміз, 5 жылдан бері жауапты мекеменің табалдырығын тоздырдық. Бүгін Астана қаласы кәсіпкерлер палатасына келдік, себебі Елорданың адал кәсіпкерлері қатарына жататын менің клиентімді қорғауға мұқтажбыз», - деді кәсіпкердің қорғаушысы.

Өз кезегінде Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының заңгері Гүлмира Молдағалиева қазіргі таңда Палатада шағын және орта бизнес субъектілерінің осыған ұқас шағымдары қаралып жатқанын айтты.

«Бұл мәселе Астанада жиі орын алатындардың қатарында Үлесті құрылыс нысандары қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаты болмағандықтан пайдалануға берілмейді, пайдалануға беруге және адал сатып алушыларды меншік құқығына ие деп тануға мүмкіндік бермейді», - деді Гүлмира Молдағалиева.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңеске жер учаскесін алып қою мәселесімен 3 кәсіпкер шағымданған. Соның бірі Айсұлу Садықова. Ол жеке тұлғадан жалпы ауданы 0,80 гектар болатын екі жер учаскесін сатып алған, әуел баста көп пәтерлі тұрғын үй кешенін салу жоспарланған.

«Ұзақ уақыт пен көп қаражатты талап ететін жоба дайындалғанша, жергілікті атқару органдары жерді жосықсыз пайдаланды деп сотқа беріп, 0,40 гектар аумақтағы бір жерді алып қойды. Екінші жер учаскесі бойынша Астана қаласы Жер қатынастары басқармасының ұйғарымымен жер нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған деген шешім шығарылған, алайда Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының арқасында істі сотта жеңіп шықтық. Енді бірінші жер учаскесі бойынша аппеляцияға бердік, оң шешімнен үмітіміз бар», - деп баяндада Айсұлу Садықова.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі кәсіпкерлерден түскен өтінімді жан жақты қарап, меншік құқығын тану және заңнаманың жер қатынастары бөлігіндегі өзгеріс нормаларын қайта қарау мақсатында «Атамекен» ҚР ҰКП орталық аппараты арқылы ҚР Жоғарғы Сотына жүгінуге шешім қабылдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер