astana-view

Мейрамхана иелері колледж түлектеріне жұмысқа орналасу сертификаттарын ұсынды

2018 жылғы 28 Ақпан
- Ақтөбе облысы
5732 просмотров

Кәсіпорындар мен әлеуметтік әріптестер Ақтөбе технико-технологиялық колледжі түлектеріне жұмыс орындарын ұсынды.

Облыста нарық қажеттілігіне сай мамандар дайындап отырған колледж түлектеріне сұраныс көп. 28 ақпан күні қоғамдық тамақтану кәсіпорындары мен мейрамхана иелері Ақтөбе технико-технологиялық колледжін тәмамдаған 99 жасқа жұмыс орындарын ұсынды. Аталмыш шара Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Мейрамхана және қонақ үй бизнесі қауымдастығы базасы саналатын «Зере» мейрамханасында өткізілді.

«Қаламызда мейрамхана, қонақ үй сынды қызмет көрсету орындары күн сайын дерлік ашылып жатыр. Сондықтан, бүгінгі күні өңірде білікті аспаз, бесаспап мейрамхана қызметкерлері тапшы»,- дейді  Мейрамхана және қонақ үй бизнесі қауымдастығының төрайымы Бану Тілегенова.

19 жасар Бауыржан Өмірзақ - Ақтөбе технико-технологиялық колледжінің түлегі. Ол колледж қабырғасында жүріп-ақ отандық және шетелдік мамандардың шеберлік сабақтарын өтіп, бірнеше байқаулардың жүлдегері атанды. Бүгін ол колледж дипломымен бірге мейрамханаға жұмысқа орналасуға арналған сертификат алды.

«Тағам әзірлеуге бала кезден құмармын. Мектепті бітірген соң аспаз мамандығын таңдауды жөн көрдім. Колледжде оқып жүріп, қаламыздағы мейрамханаларда тәжірибеден өттім. Сол кезде қабілетімді байқаған болу керек, мейрамхана басшысы оқуды бітірген бойда жұмысқа шақырды» - деп қуанышымен бөлісіті Бауыржан.

Кездесу нәтижесінде қаламыздағы ірі қоғамдық тамақтану орталықтары саналатын «Ваниль», «Багетто» кондитер цехтері, «Зере», «Алтын Сарай», «Атамекен», «Рауан», «Салтанат Сарайы» мейрамханалары, «Славянка», «Таксим», кафелерінің, «Сымбат» мектеп-интернатының қызметкерлері колледж түлектеріне 61 жұмыс беру сертификатын табыстады.

«Біз осы колледж студенттеріне сертификат беру рәсімін асыға күтеміз деуге болады. Жыл сайын бірнеше түлек біздің мейрамханаларымызда тәжірибеден өтіп, жұмысқа қабылданады. Әрине, олардың барлығы түрлі себептерге байланысты орындарында тұрақтап қала бермейді. Дегенмен, жергілікті мамандарды жұмысқа тарту барлық жағынан тиімді деп есептеймін», -дейді «Самғау» ЖШС басшысы Әлия Әлиева.

 

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы колледждердегі дуалды оқыту бойынша білім алған түлектердің кәсіпкерлік нысандарына жұмысқа орналасуын бизнестің бизнеске қолдауы деп есептейді.

«Технолог мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие. Қызмет көрсету саласы білікті мамандарға зәру деуге болады. Колледж дұрыс бағытты таңдап отыр, өйткені қазіргі өндірістік заманда технология мамандары өте қажет. Колледж студенттерінің жұмыс берушілермен бетпе-бет кездесіп, өз машықтарын көрсетуге арналған мұндай кездесулер жақсы нәтиже беріп отыр. Бүгінгі шараға жеке жұмыс беру агенттіктерінің өкілдері қатыстырылды. Ендігі уақытта колледждің түлектері түгел дерлік жұмысқа орналастырылады деп сенемін», - деді түлектерге  арнаған құттықтау сөзінде  Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Дамиля Қунанова.

Колледж он төрт жылдан астам уақыт бойы қызмет көрсету саласындағы мамандарды дайындап келеді. Осы уақытқа дейін колледжді 2 800 студент бітіріп, бүгінгі таңда олар республиканың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр.

«Қазіргі таңда қызмет көрсету саласындағы мамандарға сұраныс жоғары, алайда олармен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік бола бермейді. Бұл ретте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қаламыздағы белгілі кәсіпкерлермен арада байланыс орнатып, түлектердің жұмысқа орналасуына жағдай туғызып отыр. Жеке колледж болғандықтан біз мемлекеттік органдардың осы бағыттағы шараларынан қалыс қалып жатамыз. Бұл тұрғыда бізге «Атамекен» ӨКП көмегі көп», – деп атап өтті колледж директоры Людмила Ким.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер