astana-view

Әйелдер - бизнес биігінде

2018 жылғы 07 Наурыз
5607 просмотров

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын қолданғандардың 1/3 – әйелдер

Қоғамда белсенді әрі жеке кәсібімен айналысатын қыз келіншектер туралы ақпарат жиі жарияланады. Бұл соңғы уақытта бизнесте де әйелдердің үлесі бар екенін айқын көрсетіп отырғаны анық. Қандай бизнес түрімен айналысу керек екенін шама-шарқына, қабілет-қарымына қарай таңдау әркімнің өз еркінде. Дегенмен бизнес және әйел дегенде жеңіл өнеркәсіп, тағам және қызмет көрсету салалары бірінші ойға оралады.

Алайда қазіргі таңда ауыл шаруашылығында да әйелдердің қолымен атқарылып жатқан жұмыстар бар. Шалғай аймақтарда, ауылдық жерледе шаруа қожалықтарын ашып, асыл тұқымды мал басын көбейту, құс өсіруді қолға алған келіншектер қаншама?! Осы ретте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесі ауыл шаруашылығында әйелдердің кооперациясын құру туралы бастама көтерді. Бұл туралы отандық әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау және дамыту тақырыбына арналған баспасөз-мәжілісінде айтылды.

«Жалпы статистикаға сүйенсек, әйелдердің 40%-ы ауылдық жерде тұрады. Оларға барлығы да жеткілікті деп ойлаймыз, алайда олай емес. Қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікке баулығымыз келеді. Әйел азаматтары өзіне қажетті ақпаратты тез түсінеді. Бір жыл болды Атамекен «Бастау Бизнесті» ауылға әкелді, көп жандар жобаларын қорғап, кәсібін ашты. Оған Үкімет қана емес, мына қоғам да атсалысып жатыр», – деді Лаззат Рамазанова.

Іскер әйелдер кеңесі төрайымының айтуынша бүгінгі күні қазақстандық әйелдер мемлекет ЖІӨ-нің 40%-ын қалыптастырып отыр. Қазақстандағы жеке кәсіпкерлердің 47%-ын әйелдер құрайды, заңды тұлғалардың 26%-ы, шаруа қожалықтарының 19%-ын қыз-келіншектер басқарады.

Бизнеспен айналысуда бастапқы қаражат қана емес, сондай-ақ кәсіпкерлік негіздері туралы білім мен бизнес-идея керек. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауында адам ресурсын дамыту, адами капиталды арттыру, жаппай кәсіпкерлікті өрістетуге ерекше мән беріп, нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте Кәсіпкерлер палатасында «Бизнес–Кеңесші», «Бизнес–Өсу» секілді курстар арқылы халыққа тегін кәсіпкерлік негіздері мен бизнес жүргізудің жолдары үйретіледі. Бұл курстарға қатысушылардың қатарында әйелдер де баршылық.

Ал елімізде кәсіпкерлікке бағытталған несиені екінші деңгейлі банктерден бастап, шағын несие институттарынан алуға болады. Солардың бірі – KMF шағын несие ұйымы. Бұл ұйымның мәліметінше Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында кәсіпкер әйелдер несиеге өтінімді көп берген. Осы үш облыста 86 мыңнан астам кәсіпкер әйел болса, олардың 60%-ы  шағын несие алған.

«Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» қалайтын қыз келіншектер бизнесте де әрбір қадамдарын нықтап алғанды жөн санайды. Мұны шағын несие ұйымынан алған қаражат есебінен де байқауға болады. KMF сарапшыларының айтуынша ер азаматтарға қарағанда әйелдер аз сомаға өтінім беріп, оның орнымен жұмсай алады. Атап айтқанда орта есеппен алғанда әйелдер 700 мың теңгеге жуық қаржы сұраса, ерлерде бұл сома жүз мыңға артық. Бұл әйелдердің сақтығын анық байқатады.

Кәсіпкерлікті дамыту қорының мәліметіне сүйенсек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын қолданғандардың 1/3 – әйелдер. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 3432 жобаға субсидия берілсе, оның 2621 жобасы әйелдер басқарады. Сонымен қатар өтінім арасында халық тұтынатын тауарларды сатуға арналған кәсіпке және ірі қараны өсіруге берілгенінің саны басым. Сонымен қатар кепілдендіру бойынша 56 163 млн теңге сомасында 3662 кепілдік берілсе, 1271 жоба іскер әйелдерге тиесілі. Кепілдікті пайдаланғандардың 34,7%-ы қыз-келіншектердің үлесінде.

Әйелдер кәсіпкерлігі дегенде ең алдымен сауда-саттық саласы, тігін шеберханасы, сұлулық салонын ашып, нан-тоқаш пісіруді қолға алады. Сонымен қатар қыз-келіншектер соңғы кезде клининг, яғни тазалау жұмыстарын ұйымдастыруды да қолға алған.

«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы мен 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған «Бастау Бизнес» жобасы, «Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастырып отырған бизнес-тренингтер негізінде кәсіпкерлікке қадам басып отырған жандардың қатары артып келеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан Іскер әйелдер кеңесі құрылады дегенде алдымен Атырау облысы бұл бастаманы қолдаған. Бүгінде кеңес іскер әрі белсенді қыз-келіншектерді біріктіріп отыр. Кешегі әйел кәсіпкер бүгін үлкен кәсіпорын, зауыттың басшысы. Отбасы, балаларын сақтап қалу үшін жол дорбасын алып, нарыққа шықты. Сол қыз-келіншектер бүгінде ірі-ірі кәсіпорындарды ашып отыр. Тіпті балық шаруашылығын дөңгелеткен әйелдер бар. Іскер әйел барлығына үлгеріп отыр – бала тәрбиесіне де, қазан-ошаққа да. Күні бүгін осы әйелдер көмекке, қайырымдылық жасауға дайын тұрады. «Атамекеннің» іскер әйелдердің бәрін бір жерге жинауы, күшін жұмылдыруы үлкен еңбек деп есептеймін», – деді Әлия Бекқожа.

Мысалы жыл сайын өткізілетін Жаһандық кәсіпкерлік мониторингінің қорытындысында Қазақстан кәсіпкерлік белсенділігі бойынша 54 мемлекеттік арасында 26-орында. Сауалнамаға Қазақстанның барлық облысынан 2100 адам мен 36 сарапшы қатысқан. Мониторинг әлемде кәсіпкерлердің саны артып отырғанын көрсетті. Дегенмен кәсіпкерлерлікпен өз мүмкіндігін жүзеге асыру мақсатында айналысып отырғандардың қатары басым, сондай-ақ жаңа жұмыс орнының ашылу көрсеткіші төмендегенін байқауға болады. Әлемде кәсіпкерлердің 74% табыс табу үшін емес, өз мүмкіндігін жүзеге асырып көру үшін кәсіпкерлікке келгендіктерін айтқан. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2017 жылы 69,5% болған, 2016 жылы 68,9% болған.

Жалпы мемлекет тарапынан гендерлік саясатқа назар аударылып келеді. Кәсіпке жауапкершілікпен қарап, әр жобаға жанын беретін қыз-келіншектер есеп-қисапқа, құжаттар мен күнделікті жұмыс барысына ұқыпты келеді. Әйел кәсіпкерлігіне мемлекет тарапынан көрсетілген кез келген қолдау қажетті. Әйелдер ел экономикасына «қыздың жиған жүгіндей» тәртіп пен жинақылық әкеледі, жемқорлық та азаяды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер