astana-view

Кәсіпкерлер қорғаныш құрылыстарын қамтамасыз етудің қиындап кеткеніне шағымданды

2018 жылғы 20 Наурыз
- Ақтөбе облысы
1244 просмотров

Бизнес өкілдері Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына Кәсіпкерлік объектілерінде орналасқан қорғаныш орындарын өз есептерінен қамтамасыз етудің қиындап бара жатқанын айтып жиі шағымданады. Осы мәселені талқылау үшін ӨКП алаңында Төтенше жағдайлар департаментінің, құзырлы органдардың басшылары, кәсіпкерлер мен заңгерлер қатысқан дөңгелек үстел өткізілді

Кеңес дәуірі кезінде қорғаныш құрылыстары, негізінен, мемлекеттің қарауында болып келді. Тәуелсіздік жылдарында аталмыш нысандардың дені кәсіпкерлердің құзырына берілген болатын. Бүгінгі күні олардың жағдайы бастапқы мақсатқа сай келмейді,  көбі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер қорғану орындарын қаржылық қамтамасыз етуден қиналатынын жасырмады. Кәсіпорындардың көбінде жұмысшылар саны едәуір қысқарған. Сондықтан, кәсіпкерлер үлкен шаршы метрлі ғимарат бөлмелерін иеліктерінде ұстап отырудың қажеттігі жоқ екенін айтады.

Мәселен, «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС қарасты әкімшілік ғимаратында орналасқан қорғаныш орнының көктемгі және күзгі мезгілдерде жерасты суларына толатыны, салдарынан баспананың корпустық және тірек конструкцияларының қорғаныш қасиеттерінің көнеріп, жарамсыз күйге түскені себепті Ақтөбе қаласының әкімдігі мен Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Азаматтық қорғаныс  құрылыстарын есепке алу базасынан алып тастауды өтініп, талай мәрте барған.  Алайда, Мемлекеттік орган заңнама негізінде күрделі жөндеу жүргізу керектігін алға тартып, кәсіпкердің өтінішінен бас тартады. Жөндеу жұмыстары 400 миллион теңгені құрайды. «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС мұндай шығынды қалтасы көтермейтіндігін жеткізді.

Кәсіпкердің ойынша, қорғаныш орындарын ҚР Республикасының 2014 жылғы 30 мамырындағы «Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есепке қою және есептен шығару қағидаларының» 8 тармағына сәйкес қоршау және тірек құрылыс конструкцияларының есептік қорғау қасиеттері жойылған кезде, егер оларды қалпына келтіру техникалық мүмкін немесе экономикалық мақсатқа сай болмаса, аталмыш базадан шығарылуына толық негіз бар. Дегенмен, кәсіпорын көрер көзге анық көрінетін апаттық жағдайда тұрған қарамағындағы қорғану орынының жарамсыздығын дәлелдей алмай келеді.

«Қорғаныш құрылыстары мемлекеттік құпия нысан саналады, олардың стратегиялық маңыздылығын жою үшін бірнеше сараптама жұмыстары жүргізілу керек. Биыл осы тізімдегілердің жартысынан көбі қысқартылды. Дегенмен, төтенше жағдайлар орын алған жағдайда бұл паналау орындары, алдымен, осы компания қызметкерлерінің өздеріне қажет болады емес пе?», - дейді Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов.

Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге заң бойынша қорғаныш құрылыстарын бейбіт заманда асхана, спорт алаңы, оқу залдарын, ойын орталықтары, қойма, тігін цехтерін ашу сынды қауіпсіз мақсатта пайдалануға болатынын ескертті.

Кәсіпкерлер теңгеріміндегі қорғаныш құрылыстарының көбі ескіргенін, су немесе құм басқанын, тарлығын және коммерциялық негізде пайдалануға келмейтінін әрі ғимаратты сатқан жағдайда қиындық келтіретінін алға тартты. Сонымен қатар, су басқан қорғану орындарын тазарту үшін шығынданатындары бар. Осы мәселелердің шешімі ретінде кәсіпкерлік субъектілері қорғаныш құрылыстарын қаржыландыруды мемлекеттің құзырына беруді және қорғанысқа жарамсыз деп танылған нысандарды есептен алып тастауды сұрады.

«Азаматтық қорғаныс – бұл өте маңызды мәселе. Бірақ, онсыз да өз күнін өздері көріп, мемлекетке де барынша көмек көрсетіп отырған кәсіпкерлерге қорғаныш құрылыстарына жауаптылық арту –оларға көп жағдайда қосымша жүк артқандай болады. Бизнес өкілдерінің көпшілігі кәсібін несие есебінен жүргізеді. Кәсіпкерлер азаматтық борыштарын өтеуден қашпайды. Алайда оларға жеңілдіктер көрсетілуі керек немесе қаржылай көмек берілгені жөн. Әсіресе , «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС-нің өтінішін қайта қарау қажет деп ойлаймын», - деді ӨКП директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Дөңгелек үстелдің жұмысын қортындылай келе аталған мәселелер бойынша өкілетті органдарға сұраныстар жіберілетін болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер