astana-view

Өнімді көбейтудің жаңа жолдары

2018 жылғы 28 Наурыз
- Ақтөбе облысы
6769 просмотров

Климаттың өзгеруі жағдайында диқандарға бидаймен қатар  майлы дақылдарды да өсіру ұсынылады

Ақтөбеде майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытының құрылысы аяқталып келеді. Бұл өңірдегі диқандарға дәстүрлі емес дәнді дақылдарды, айталық, мақсарыны алысқа бармай-ақ, өз жерімізде сатуға мүмкіндік береді. Бүгін Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының алаңында жаңа зауыттың қуаттылығы таныстырылып, мақсары өсірудің экономикалық мүмкіндіктері талқыланды.

«Ақтөбе май экстракциялау зауыты» ЖШС майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын биылғы күзде, егін жинау науқанына орай пайдалануға бермек. ЖШС-нің құрылтайшыларының бірі Негматулло Кориджумаев шикізатты сатып алуға байланысты жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін толық технологиялық циклды май экстракциялау зауытынан басқа майлы дақылдарды тазартатын дәнді кептіру кешені іске қосылады.

«Біздің кәсіпорынымыздың негізігі бағыты күнбағыс дақылдарын өңдеу болғанымен, өте пайдалы, бірақ мұнда аз өсірілетін мақсары және зығыр сияқты майлы дақылдарды өңдеуді де қолға алмақпыз. Зауыт жұмысы майлы дақылдарды жыл бойы, күні-түні, алдын ала тазартусыз, далалық алқаптан бірден алуға мүмкіндік береді. Шамамен, тәулігіне 150 тонна  тұқым қабылдаймыз деп ұйғарып отырмыз. Тоннасы елу мың теңге көлемінде болмақ», – деп мәлімдеді «Ақтөбе май экстракциялау зауыты» ЖШС құрылтайшысы.

Жергілікті шаруаларға ғалымдар мақсарыны өсірудің тиімді екеніне сендіруде. Мақсары – шығыны аз, шығымы мол өсімдік. Ол қалдықсыз өнімге жатады, мақсарының дәнінен – май, қауызынан – сабын, гүлінен шай, бал алып, жапырағын мал азығы ретінде пайдалануға болады. Мақсарының қазіргі климат жағдайындағы маңызды артықшылығы құрғақшылыққа төзімділігі. Құрғақшылық жылдары мақсарының шығымы астықтың өнімділігінен 2-2,5 есеге асады. Ол топырақтың құнарлылығын қажет етпейді, сортаң жерлерде де өсе береді.

Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы қызығушылық танытқан шаруашылықтарға кеңестер мен ұсыныстар беруге дайын. Бүгінгі күні мақсарыны өсіруді Мәртөк, Қобда және Алға аудандары бастап кетті.

 «Біз бұл дақыл түрін егуді Мәртөк ауданынан бастадық. Олар күнбағыс секілді майлы дақылдарды әрдайым өсіріп келеді. Олар 2015 жылы мақсарының жеке «Ахрам» деп аталатын түрін енгізді. Ол он жыл бойғы жеке селекциялық таңдау нәтижесінде алынған. Бұл дақылдарды «Дина» шаруашылығы  көбейтуді қолға алды. Алғашқы жылы - ақ олар біздің 700 кг тұқымымыздан 22 тонна өнім алды. Келесі жылы 700 гектарға сеуіп, 560 тонна тұқым алды. Бұл-аталған дақылдардың өсу коэфицентінің өте жоғары екенін көрсетеді», – дейді егін шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, аға ғылыми қызметкер Айбатша Жұбанышева.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да мақсарыны қайта өңдеуге ерекше назар аударатындықтарын жеткізді. Бұған дейін  мақсары еккен шаруаларға ғана субсидия ұсынылса, енді май шығаратын зауытқа өткізілетін шикізатқа да демеу қаржы берілетін болады.

Дәстүрлі күнбағыс майымен салыстырғанда мақсары мен зығыр майының маңызды артықшылықтарының бірі – дәстүрлі азық-түлік мақсаттарымен қатар, олардың медицинада да қолданылуы. Мақсары майы – өсімдік майларының арасында линол қышқылының құрамы және өнеркәсіпте және фармокопеяда қолдану жағынан алғашқы орында (75-80%). Осы артықшылығын ескере отырып, соңғы кезде Қытай елі мақсары майын импорттауды ұлғайтқан.

 «Соңғы жылдардағы тәжірибе құрғақ климат жағдайында майлы және мал азығы дақылдарының (күнбағыс, зығыр, рапс және т.б.) шығымы бидайдан  бірнеше есе жоғары екенін көрсетті. Бидай климатқа өте тәуелді, құрғақшылық жағдайында оның өнімділігі төмендейді, оны қазіргі таңда өсіру экономикалық жағынан пайдалы болмай тұр. Майлы және мал азығы дақылдары климатқа соншалықты тәуелді емес. Сондықтан, біз  бидайға қосымша осындай дақылдарды да егуді ұсынамыз», – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіп кешені бөлімінің мамандары.

Дөңгелек үстелге облыс аудандары мен Ақтөбе қаласындағы қырыққа жуық егін шаруашылықтарының басшылары мен агрономдар қатысты. Жиын қорытындысы бойынша дихандар өз пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, Әйтеке би ауданының «Щербаков» ЖШС басшысы «Ақтөбе май экстракциялау зауыты» ЖШС мен әріптестік танытуға ниет білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер