astana-view

Қоғамға қажетті шара

2018 жылғы 06 Сәуір
- Ақтөбе облысы
1285 просмотров

Тағам өнімдерінен улану және жедел ішек жұқпалары ауруларының алдын алу шаралары пысықталды

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы Ақтөбе қаласы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы және «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ мамандарымен бірлесіп, қоғамдық тамақтану саласында қызмет ететін кәсіпкерлермен «Тағам өнімдерінен улану және жедел ішек жұқпалары ауруларының алдын алу» тақырыбында кездесу өткізді. Отырыста Департамент мамандары кәсіпкерлерге тамақтану нысандарының нормативтік-құқықтық актілерге және гигиеналық нормативтерге сәйкестігінің маңыздылығы және санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу тәртібі жөнінде мәлімет берді.

«Біз эпидемиялық маңыздылығы жоғары нысандарды уақытылы тексеру  шараларын ұдайы өткізіп отыруға тырысамыз. Ондағы аумақ, контейнерлер, таңбалау, жабдықтар, тазалық құралдары, өндірістік құрал-саймандар, қызметкерлердің рұқсат қағаздары - барлығы тексеріледі. Алайда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексінің талаптарына сай эпидемиялық маңыздылығы болмашы нысандар өз жұмысын санитарлық-эпидемиологиялық тұжырымдаманы алмай-ақ жүзеге асыра алады. Сондықтан санитарлық талаптардың сақталуын қадағалауды, әсіресе, осы топқа жататын кәсіпкерлердің қаперден шығармауын сұраймыз», - дейді Ақтөбе қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айсәуле Оралбаева.

Дегенмен, кез-келген кәсіпкер Ақтөбе облысы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне өз иелігіндегі тамақтану орындарын тексеру туралы өтініш беруге құқылы. Департамент мамандары бұл өтініштер бойынша да сараптамалық жұмыстар жүргізетінін жеткізді. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлік субъекті нысандарына барып, санитарлық-гигиеналық нормалар мен ережелер туралы дәрістер өткізуге болатындығын хабарлады.

«Бұндай тексерулерден қашпау керек, керісінше, санитарлық -эпидемиологиялық сараптама қорытындылары мен сәйкестік сертификаттың болуы кәсіпкерге көмекші құрал болады деп есептеймін. Қолайлы болу үшін  санитарлық-гигиеналық талаптар туралы дәрістерді «Ақтөбе облысының мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі қауымдастығы» Қоғамдық бірлестігінің базасында өткізуді ұсынамын», - деді қоғамдық бірлестіктің төрайымы Бану Тілегенова.

Бұл ұсыныс жиналғандардың көңілінен шықты. Кәсіпкерлер қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын ұйымдастыру барысында кездесетін мәселелер төңірегінде сұрақтар қойып, мамандардан жауап алды.

Сонымен қатар, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ мамандары кәсіпкерлерге қоғамдық тамақтандыру орындарын сынақтан өткізіп, сәйкестік сертификатын алуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Өйткені, аталған сертификат өнім өндірушілер үшін міндетті, бірақ қызмет көрсету саласына ондай талап қойылмаған. Кәсіпкерлер бұндай сертификаттаудан ақылы түрде өте алады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер