astana-view

Табыс әкелетін 5 кәсіп

2018 жылғы 10 Сәуір
48687 просмотров

Қазақстан экономикасының негізгі құрауышы – шағын және орта кәсіпкерлік әлеуеті. Бүгінде бұл бағытта мемлекеттік бастамалар мен қолдау шаралары қолға алынған. Айталық Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіп бастағысы келетін адамдарға тегін оқу, жеңілдетілген несие қарастырылған. Қолдау бір бөлек, ал кәсіп түрін таңдау әдетте көп жандар үшін күрделі мәселе.

Демек, көпшілік қандай кәсіп таңдау керек дегенде алғашқы қадам жасауға жүрексінеді. Бүгінгі материалда назарларыңызға қалалық жерде табысты болатын кәсіп түрлерін ұсынбақпыз. Ендеше кеттік.

Қоқыс жинау қызметі

Иа, қоқыс қалада бітпейтін мәселе. Күнделікті тонналап тасталатын қоқыс әдетте ретсіз жиналады. Оған тұрғындардың өзі кінәл. Осыған байланысты жергілікті билік бұл массаны игере алмайды, қоқысты полигондарда өртеуге қыруар ақша бөлінеді. Қоқыстан бөлінетін улы газдар қоршаған ортаға, адамзат саулығына зиян.

Бір қарағанда бұл бағытта ірі бизнес қана пайда табатын секілді көрінеді. Алайда қоқыс жинау, оны сұрыптап, жиналған «шикізаттан» табыс табу шағын кәсіпкерлер үшін әбден мүмкін.

Қазақстанда жалпы ТМД мемлекеттері бойынша болсын, қоқыс жинау мәдениеті қалыптаспаған. Астана мен Алматы сынды ірі мегополистерде жалпы қоқыс жәшіктерінің қасында пластик заттарына арналған арнайы торлар орнатылған, алайда оған пакетіндегі қоқысын сұрыптап, тастап жатқан ел қарасы аз. lsm.kz порталының хабарлауынша биыл Астанада қоқысты қайта өңдейтін құны 3,4 млрд теңгелік зауыт салынады. Бұл туралы қала әкімі Әсет Исекешев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2017 жылы қоқыс тасымалдайтын көліктер мен контейнерлерге 1 млрд теңге жұмсаған инвестор табылған. Сонымен қатар, пластик пен қағазды қайта өңдейтін екі цех іске қосылған. 2018 жылы осы салаға 5,2 млрд теңге бөлінеді.

«Байқау нәтижесінде ЭКСПО-2017-де көрмесіне қатысқан француз технологиясы аясында қайта өңдеу зауыты салынады. Құны 3,4 млрд теңге болатын қоқысты қайта өңдеу зауытының құрылысы осы жылдың тамызында басталып, 2019 жылдың қыркүйегінде аяқталады», – деді Исекешев.

Дегенмен бұл бағытта шағын бизнес үшін де жұмыс бар. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында қоқыс зауытына «шикізатты» жеткізу қызметін қолға алуға болады, макулатура қабылдау бөлімшелері құрып, қала тұрғындары арасында қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру бойынша ақпаратты нәсихаттау, био пакеттер өндірісін жолға қоюға болады.

Хостел

Қаладағы күн көріс оңай емес. Көп адамдар пәтер жалдауға мәжбүр. Студенттер мен отбасын құрмаған жастар үшін пәтер жалдау да оңай емес.  Осы бағытта арзан әрі таза баспана қашан да сұранысқа ие. Сондықтан заманауи жатақхана қызметін ұсыну – тиімді кәсіп көзі болмақ. Хостел қызметін ашу үшін жеке жылжымайтын мүлігіңіздің болуы шарт емес. Орынжайды тиімді бағамен ұзақмерзімге келісімшарт арқылы жалдауға болады. Маңыздысы – адам басына шақталған дәретхана мен жуынатын бөлмелердің болуы керек. Бөлмелердің көлеміне қарай төсек орындарды орналастырып, ас үй мен кір жууға арналған бөлмені тұрмыстық техникамен жабдықтау қажет. Әдетте меймандар өзінің ыдыс аяғын алып жүреді. Дегенмен, хостелде әр тұрғынға арналған ыдыс аяқ болуы шарт.

Хостел ішіндегі тәртіпті өзіңіз басқарасыз. Комендантық қызмет, тазалық сақтау үшін кезекшілік жүргізу, түнгі режим барлығы хостел иесімен реттеледі. Таза әрі тартымды бөлмелер тұрғындардан арылмайтыны анық.

Үйде сұлулық салоны қызметін көрсету мен массаж жасау

 

Бьюти индустрия – әлемді жаулаған бағыт. Қыз-келіншектер қашанда сұлу әрі жас болып көрінгісі келеді. Бұл бағытта нарықтың ұсынары көп. Косметика, бет терісін күтуге арналған процедуралар мен аппараттар, массаж түрлерін қалтаңызға қарай таңдай бересіз. Дегенмен, қымбат косметика және аппараттарсыз да бұл кәсіпте табысты болуға болады. Бет әрлеу, тырнақ күтімі шеберлігі сұраныста. Ынтасы мен икемі бар кез келген адам арнайы курстарды бітіріп, бикештердің бет-әлпетін үйлеріне барып әрлеуге болады. Тапсырыстар мен тұтынушылар санын көбейтуде әлеуметтік желілер көмекке келеді.

Фудтрак – тез тамақтану

Уақыт қала тұрғындары үшін тапшы. Қоғамдық жерлерде дәмді фаст-фуд өнімдерін ұсыну тиімді бизнеске айналады. Фудтрак арқылы тағамды көпшілік жиналатын жерлерде ұсынуға болады. Мәселен, дүйсенбі күні қаланың орталық алаңына көшпелі цирк келеді, сейсенбі күні вокзал аумағында ауыл шаруашылығы өнімінің жәрмеңкесі өтеді. Сәрсенбі күні екі оқу орнына барған тиімді, түскі ас кезінде ірі бизнес орталықтары мен банк ғимараттарын нысанға алған жөн деп қаланың қоғамдық өміріне қарай бейімделіп, көшпелі асхана бизнесін сәтті жүргізуге болады. Мұндай бизнесті бастау үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рұқсаты, басқа да тексеруші органдардың мақұлдауы керек.

Клинигтік компания

Тазалық – денсаулық кепілі. Шағын және орта қалаларда клинингтік қызмет сұраныста болады. Үй ішін тазалау, кілем-алаша жуу –а табысты кәсіп. Бұл кәсіпкерлікті әдетте көлік жуу бекеті бар кәсіпкерлер қатар алып жүруге тырысады. Дегенмен, осындай көлік жуу орталығы бар кәсіпкермен бірігіп жұмыс істеуге болады. Есте сақтаңыз, әр жабындының (еден, қыш тақта, жұмсақ жиғаз, ыдыс аяқ және т.б.) өз жуу құралы болады. Тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін жуғыш құралдарды алуда ақша үнемдемеген абзал.

Бұл кәсіп түрлері қалалық жерге арналған бастамалар. Алайда ауылда да сәтті бизнес бастауға болады. Бұл бағытта «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы бағдаршам бола алады. Айта кетелік, кәсіпкерлік негіздерін оқытатын «Бастау» жобасы 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдаралмасы негізінде еліміздің өңірлерінде жүргізіледі. Биыл оқыту республиканың 160 ауданында жүргізілмек. «Атамекеннің» бизнес-тренерлері сіздің өңіріңізге сай қандай кәсіпті қолға алған жөн, бойыңыздағы кәсіпкерлікке деген ынтаңызды анықтауға көмектеседі. Биыл оқыту науқаны сәуір айына жоспарланып отыр. Республика бойынша 160 ауданда іріктеу кезеңі басталып, арнайы тестілеу арқылы кәсіпке қабілеті бар талапкерлер таңдалады. 12 модульден тұратын 30 күндік оқу курсына қаныққан жандар, жеке бизнес жобаларын қорғап, жеңілдікпен несие алып, бизнес баспалдағына көтеріледі. Осылайша ауылда жаппай кәсіпкерлік тиімді жүзеге аспақ. Жобаға 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Өтінімді өңірлердегі Кәсіпкерлер палатасына беруге болады. Өз мүмкіндіктіреңізді сынап көріңіздер.

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер