astana-view

«Бастау» жобасы еліміздің 160 ауданында басталды

2018 жылғы 19 Сәуір
5494 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының басталғандығын хабарлайды.

Сәуір айының ортасында басталған жоба еліміздің 160 ауданы бойынша 30 000 өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды бастады. Оқыту 27шағын қала мен 14 облыс орталығы қамтылады.

«Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасы шеңберінде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды экономикалық айналымға тарту осы жобаға жүктелген. Бұл жобаны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынды әрі жүзеге асыруда жауапкершілік алып отыр. Сондықтан  біз жобаның бірқатар компоненттерін күшейттік. Бизнес-жоспарларды іріктеу жүйесін енгізіп, іске қосылған жобаларға қолдау көрсетуге күш саламыз. 2018 жылы «Бастау» жобасының өңірлерді қамту ауқымы артты: бірінші тоқсанда жобалау тобы жобаны бастауға барынша дайындалды, жаңадан тартылған бизнес-тренерлер пулын дайындауға ерекше көңіл бөлінді. 2017 жылы жобаға қатысқан тәжірибелі бизнес-тренерлер құрамына 100 шақты жаңа бизнес-тренер қосылды. Барлық тренерлер, жобаға былтыр қатысқан әрі биыл жаңадан қабылданған тренерлер тренерлерге арналған тренингінде өткен бизнес-жоспарлау және мемлекеттік бағдарламаларды тестілеу барысында өз біліктіліктерін дәлелдеді», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.         

Бизнес-жобалардың бағдарлануын (АӨК саласында іске қосылған жобалар 82%-ды құрайды) есепке ала отырып, оқыту бағдарламасы жоба тыңдаушыларының аграрлық біліктілігін арттыруға бағытталған практикалық модульдермен күшейтілді.

Сонымен қатар, электронды SRM-бағдарлама арқылы іске қосылған жобаларды сүйемелдеу енгізіліп отыр. Жобаны басқарудың жаңа әдіс-тәсілдері қолданылды. Басқаруды автоматтандыруды және процестерді үйлестіруді бағамдайтын жобаның менеджмент жүйесі енгізілу үстінде. 2017 жылы жасалған оқыту сапасын мониторингілеу жүйесіне жоба тыңдаушыларына телефонмен сауалнама, онлайн-сауалнама жүргізу кірді, енді SMS-сауалнама енгізілуде.

«Бастау» жобасының оқыту және әрі қарай сүйемелдеу сияқты маңызды компоненттерінің тағы бірі қаржыландыру болып табылады. Нәтижелі  жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Бастауға», басқа да стартап-жобаларға қатысушылар мен ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін, максималды мерзімі – 7 жылға дейін, жылдық  6 пайызбен 8 000 АЕК-ге дейінгі сомаға шағын несиелеу қарастырылған. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің төртінші тармағына сәйкес, Бағдарлама аясында стартап-жобаларды микрокредиттеуге 20 млрд теңге (ауылдарда шамамен 14 млрд теңге, қалаларда 6 млрд теңгеге жуық) мөлшерінде бюджет қосымша бөлінеді. 

«Жобаны іске асырудың екінші жылында біз «Бастау» аясындағы бизнес-жобалардың рентабельділігін бағалау жұмысын күшейтудеміз. Тәуекелдерді азайту және кепілдік бере отырып өткізуді қамтамасыз ету үшін бизнес-жобаларды өткізу тізбегіне, яғни ауданның, өңірдің экономикалық өзара байланысы картасына ендіру тәжірибесіне көшудеміз. Қазірде карталар Солтүстік Қазақстан облысы (М.Жұмабаев атындағы аудан), Шығыс Қазақстан облысы (Катонқарағай ауданы), Ақтөбе облысы (Мәртөк ауданы), Қызылорда облысында (Жаңақорған ауданы) 4 аудан бойынша  әзірленді. Карталарды әзірлеуге «Бастау» жобасының бизнес-тренерлері, сондай-ақ Палатаның аудандық филиалдары тартылды», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Анықтама үшін:

«Бастау» жобасы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытындағы оқыту форматы түрінде қабылданған. Жоба ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік машығына оқыту, сондай-ақ олардың бизнес-жобаларын сүйемелдеуге бағытталған. Жобаның мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыздарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру болып табылады.  

Оқуға ауыл тұрғындары – жұмыссыздар (жұмыспен қамту орталығындағы тіркеу талап етілмейді) және бизнес ашқысы келетін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ бизнесін кеңейтуге мүдделі, ісін жүргізіп жатқан кәсіпкерлер (бизнесінің тіркелу мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс) шақырылады.

Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша 2017 жылы 3314 адам бизнес ашты/кеңейтті. 10 мыңдай жұмыс орны ашылды. Іске асырылған бизнес жобалардың 82%-ы ауылшаруашылық қызмет түріне жатады, 19%-ы – ауылшаруашылық емес. Жобаларды салалар бойынша бөлуді талдауда мал шаруашылығы саласы сұранысқа ие бағыт болып табылды. Бұл бағыт 93% үлесті қамтиды (ірі қара мал, жылқы шаруашылығы, қой шаруашылығы, жабайы қояндар, құстар және басқалар).  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер