astana-view

Жеке тұрғын үйлерде орналасқан балабақшаларға газ беру тоқтатылады

2018 жылғы 26 Сәуір
- Ақтөбе облысы
1943 просмотров

Мектепке дейін білім берудегі мәселе

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өкілдері және жергілікті жеке балабақша иелері қатысқан кездесу өткізілді. Отырыста газбен қамтамасыз етуші компания жеке тұрғын үйлерде орналасқан балабақша иелерінен автономды жылыту қазандықтарын ғимараттан оқшау жерге қондыру туралы талабын жеткізді. Компания балабақшаларға ескерту жасаған, осы жылғы жылыту маусымы аяқталған соң, мамырдың 10-ы күні жеке тұрғын үйлерде орналасқан балабақшаларға газ беру тоқтатылады.

«Жеке балабақшалар көбінесе көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында, коттедждерде ашылған. Мұндай жерде қауіпсіздік және санитарлық нормаларды сақтау қиындық келтіреді. Біз жауапты мекеме иелерін Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына сәйкес балабақшадағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында газбен жабдықтау құрылғыларын тұрғын жайлардан алшақ жерге орналастыру талаптарын орындауға шақырамыз. Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болу керек», -дейді «КазТрансГаз Аймақ» АҚ өкілі Айгүл Калимова.

Жер үйде орналасқан балабақшалардың көбісі тағам дайындау және суды жылыту үшін де газды пайдаланады. Газ құбырларын ауыстыру кезінде газ беруді біраз уақытқа тоқтата тұруға тура келеді. Бұл уақыт аралығында бала бақша тәрбиеленушілері мезгілсіз демалысқа шығуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, балабақша иелері жылыту қазандықтарын қондыратын орындарды салу қыруар қаражатты қажет ететінін және мұндай құрылғыларды қысқа мерзімде салу мүмкін еместігін алға тартуда.

«Біріншіден, жылыту қазандықтарын балабақша ғимаратынан бөлек жерге шығару үшін арнайы құрылыс жүргізу, құбырлар өткізіп, қазандықтар сатып алу керек. Екіншіден, құрылыс жұмыстарына миллион теңгеден аса қаржы қажет. Үшіншіден, құрылыс кезінде балаларды балабақшаға қабылдауды тоқтату керек болады. Төртіншіден, балабақша қызметкерлерінің жалақысын төлеу керек. Осы мәселелерді қалай шешпекпіз? Ең болмаса оқу жылы аяқталғанға дейін газ беруді тоқтатпауды сұраймыз», – дейді «Ақеркеш» жеке балабақша басшысы С.Құрманалина.

Балабақша иелерінің бұл уәжіне газбен қамтамасыз ететін компания өкілдері газ болмаған жағдайда балама жылыту көздерін пайдалануға болатынын айтты. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда газ шаруашылығына жауапты мамандарды оқыту мәселесін қолға алу тапсырылды. Газ таратушы мекеме әрбір кәсіпкерді қолданыстағы қауіпсіздік нормалары аясында жеке қабылдауға әзір.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер