astana-view

Неміс бизнесімен қарым-қатынас орнату: іскери қатынастар қалай жүзеге аспақ?

2018 жылғы 27 Сәуір
6668 просмотров

«Атамекен» алаңында Карл Дуйсберг атындағы қоғамның өкілі Аксана Кавальчук қоғамның білім беру орталықтары Қазақстанның шағын және орта кәсіпкерлері немесе кәсіпорындарын бағдарламаға қатысуға дайындау мен басқарушы кард мамандарының біліктілігін арттыру қызметіне бағытталған тренинг өткізді

«Іскери қатынастар» бағдарламасы аясында жалпы алғанда 400-ге жуық қатысушыдан екі сатылы іріктеуден тек 21 қатысушы қалып, Германия еліне бір айлық тағылымдамадан өтуге жолдау алды. Тағылымдама барысында серіктестік қатынастар орнату, бизнес өкілдерімен кездесулер, неміс кәсіпорындарын аралау, заманауи технологиялармен бөлісу сынды кәсіби тұрғыдан пайдалы іс-шаралар өткізіледі. 

«Бағдарлама басқарушы кадрлар мен шағын және орта бизнес иелеріне бағытталып, іскери қатынастар басты назарда болады. Бағдарламаны Германия Федеративті Республикасының экономика министрлігі ұйымдастырып, негізінен неміс және қазақ бизнес өкілдерінің қарым-қатынасын жақындату мақсатын көздейді. Сол себепті бағдарлама аясында халықаралық бизнесті жүргізуге қажетті салаларда білімдерін жоғарылатып, қатысушылар өзінің құзіреттілігін арттырады. Мәселен, кросс-мәдени бизнесті жүргізу, Еуропа одағының нарық ерекшелігін білу, оның ішінде Германия еліне сараптама жасау, Еуропа одағының қызметкерлерді басқару ерекшелігін білу, жобалар менеджменті, түрлендіру менеджменті сынды кәсіби салада қажетті білім беріледі», – деді Карл Дуйсберг атындағы қоғамның жаттықтырушысы және кеңесшісі Аксана Кавальчук.

Аталмыш бағдарлама арқылы қазақстандық қатысушылар кәсіпті дамыту бойынша көптеген жаңа бизнес идеялар мен бизнесті дамытудың жаңа бағыттарын ашады. Тәжірибеге сүйенсек, көптеген кәсіпкерлер бағдарламаны өткенен кейін өз бизнестерінде түрлендіру жобаларын дайындап, күнделікті қолданыста жаңа идеяларды жүзеге асырады. 

«Түрлендіру жобалары тиімді жұмыс жасауы үшін бағдарлама аясында тәжірибелік жұмыстарға көп назар аударылады. Дегенімен, бағдарлама Германияда серіктестер іздеу, қарым-қатынас орнату, бірлескен жаңа жобалар ұйымдастыруға ерекше көңіл бөледі. Мәселен, көптеген қатысушылар елге оралған соң кәсіпорындар Германияның белгілі бір компаниясының қазақстандық нарықтағы өкілдігі қызметін мойнына алып, жұмыстарын жаңа деңгейге көтереді. Технологиялық процесстерді жүргізу барысында неміс сараптамасын қолданатын қазақстандық компаниялардың да мысалдары бар», – деді кеңесші.

Осы уақытқа дейін бағдарлама аясында нан пісіру, ірімшік және йоругт өндірісі, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу салаларында неміс сарапшылары елімізге келіп, отандық кәсіпорындарында жұмыс үрдісіне бақылау жүргізен мысалдар кездеседі. Неміс-қазақ серіктестік қарым-қатынасы арқылы бағдарлама негізінде бірлескен жобалардың, кәсіпорындардың және іс-шаралардың мысалдарын Карл Дуйсберг қоғамының ресми сайтында «best practice» бөлімінде көрсетіліп отырады. 

«Бағдарлама стандартталған және оның тиімділігі кеңес беру компанияларының бақылауында. Тек Қазақстан емес, Ресей, Қытай, Индия, Монғолия, Вьетнам, Латын Америкасы, Мысыр сынды елдер белсенді қатысады. Бағдарламаны жүргізу ретіне келетін болсақ, біріншіден Германияға келмес бұрын қатысушылар іріктелінеді және елге келгенге дейін кіріспе семинар өткізіледі. Бүгінгі өткізіліп жатқан іс-шара сол кіріспе семинардың бірі. Негізінен 2 күн шамасында өтеді. Германияның өзінде бір ай болып, бір уақытта «Германияда бизнесті қалай жүргізу қажет» деген сынды аудиториялық сабақтар жүргізілсе, келесі бір уақытта «сапаны бақылау» немесе «логистика қалай жүзеге асырылады» тақырыбы бойынша топпен кәсіпорындар мен ұйымдарға барады», – деді Аксана Кавальчук.

Топтардың баратын кәсіпорындары қандай салаға маманданғанына тікелей байланысты. Мәселен, медицина техникасына маманданған кәсіпорындардан келген қатысушылар негізінен немістің медицинаға маманданған Бавария немесе Германияның солтүстігінде орналасқан Гамбургке жіберіледі. Сонымен қатар, кез келген топ «BMW», «Volkswagen», «Siemens» сынды Германия нарығының жұлдызы болып саналатын ірі компаниялардың жұмысын көруге мүмкіндік алады. 

«Бүгінгі кіріспе семинардың мақсаты бағдарлама басында әрбір қатысушы Германияда тағылымдама өту арқылы нені көздейтіндігін ашатындығы жайында жоба күтеміз. Егер сол жобасын жүзеге асыруда белгілі бір фирманы көру қажет болса, кәсіпорынға жеке баруына мүмкіндік жасаймыз. Бағдарлама соңында қатысушылар тесттен өтіп, соңғы күні бағдарлама барысында алған білімдерімен толықтырылған өз жобасын Германия Федеративті Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан елшілігінің өкілдерінің алдында таныстырады. Елге оралған соң бағдарлама соңына жетті деген сөз емес, жарты жыл өткен соң қатысушылардың барлығы қайта жинақталып, «full up» жұмыстары жүргізіледі», – деді жаттықтырушы.

«Алтай компани» ЖШС атқарушы директор Омашев Мейіржан аталмыш бағдарламаның қатысушыларының бірі ретінде жобаға іріктеу қалай жүргізілгендігі жайында өз ойымен бөлісті. 

«Біз жылыблок өнімін дайындаймыз. Бұл жаңа Қазақстан нарығына енді кіріп жатқан өнім. Құрылыста жиі қолданылатын әрі бағасы төмен өнім болғандықтан сұраныста. Жылыблок ең алғаш Германия елінде пайда болған өнім екендігін ескере, тағылымдаманы дәл сол елде өтетіндігіне ризамын», – деді «Алтай компани» ЖШС атқарушы директоры.

Омашев Мейіржанның айтуынша бизнестері қазіргі күні 5 адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорын. Жоспар бойынша тағылымдаманы өткен соң кәсіпорын технологияларды жетілдіріп, жұмыс орындарын көбейтеді. 

«Қазіргі күні айына 400 текше метр шығаратын болсақ, көрсеткішті 1500 текше метрге жеткізуді көздейміз. Ол үшін бізге білім, жаңа технологиялар, тәжірибе жинау қажет. Тағылымдама жайында ұсыныс түсті. Одан соң 2 аптаға созылған Шымкент қаласында Қазақстанның бизнес-жаттықтырушыларымен тәжірибе алмастық. Іріктеудің бірінші сатысынан өткен соң екінші сатыда жоба қорғау тапсырмасы берілді. Нәтижесінде міне бүгінгі күні 22 қатысушы ерекше жобаларымен шетелге тәжірибе алуға аттанғалы отырмыз», – деді Омашев Мейіржан.


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер