astana-view

Сараптама шығындарын неге кәсіпкер өтеуі тиіс?

2018 жылғы 03 Мамыр
- Жамбыл облысы
6264 просмотров

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасында ерекше мәселе қаралды. Мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлердің қатысуымен ұйымдастырылған іс-шарада Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы қызметкерлері тексеруге алатын өнім сынамалары талқылауға арқау болды.

Мұндай сынамалар өнім сапасына мониторинг жасауда қажет, және тұрғындарды сапасыз азық-түлік тұтынудан сақтайды. Әрине, бұл игі іс. Бірақ мұнда бір түйткіл бар. Осындай процедураларды жүргізу үшін кәсіпкерлер неге өз тауарымен төлеуі керек? Аталған мәселе Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жиынында қаралды.

 «Кәсіпкерлер палатасына «Стелл» ЖШС Тараз қаласы бойынша филиалының өкілдері өтінім жасады. Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы өкілдері кәсіпорында жүргізген мониторинг барысында өнімді зерттеу үшін азық-түлік сынамалары алынған. Нәтижесінде кәсіпорын шығынға ұшырады», – деп түсіндірді ұйым сарапшысы Райымжан Абдрахманов.

Яғни коньяк, шарап және басқа да алкогольді өнім жалпы айтқанда тексеру жұмыстардың құрбанына айналды.

Өңірлік кеңестің төрайымы Антонина Ан және ӨКП директорының орынбасары Қайрат Сыдықов аталмыш мәселенің өзектілігін атап өтті. Өйткені бүгінде өнім сынамалары кәсіпкер есебінен алынады, осылайша кәсіпкерлер жоспарланбаған шығынға батады. Ал бір жағынан Кәсіпкерлік кодексінде өнім сынамаларын алумен байланысты шығындар бюджет есебінен төленеді делінген.

 Алайда жоғарыда аталған тексеруші органның өз уәжі бар. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде: өкілеттілер зерделеуге қажетті материалдарды сұратуға, сондай-ақ осы өнімнің құнын өтеместен, сараптама жүргізуге жеткілікті және оған қажетті көлемнен аспайтын мөлшерде өнімнің сынамасын алуға және үлгілерін іріктеуді жүргізуге құқылы» делінген.

 «Әрине, өнім сапасы мен қауіпсіздігін тексеру маңызды шара екенін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, мұндай іс-шараларды жүргізу ауыртпалығы неге кәсіпкерлерге артылуы керек?», – деді Сыдықов.

 Жиын қатысушылары орын алған жағдайға әсер ететін ұсыныстарды талқылады. Бұл ретте заңды коллизияның болуы орынды. Егер олай болмаса, онда мәселені заңнамаға өзгерту енгізу арқылы шешу керек.  

 Мәселе Кеңестің келесі отырысында талқыланады деп шешілді, өйткені Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы тарапынан нақты дәйектер алу керек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер