astana-view

Эльдар Жұмағазиев: «Бастау» әлеуметтік кәсіпкерліктің элементі болып табылады»

2018 жылғы 11 Мамыр
- Ақтөбе облысы
7756 просмотров

«Атамекеннің» жұмыссыздарды кәсіпкерлікке тарту бойынша қызметінің келешектігі жайында ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Ақтөбе қаласында өткен Әлеуеметтік кәсіпкерлік форумы барысында айтты. «Әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес және мемлекеттік емес ұйымдардың әріптестігі» тақырыбында өткен бұл форум облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылды.

Қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуде мемлекет, бизнес, мемлекеттік емес ұйымдардың өзара жұмысының тиміділігін арттыруға бағытталған ірі іс-шара осы күндері Ақтөбе қаласында өтуде.

Талқылау алаңына мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар, бизнес және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар Қазақстан, Израиль, Түркия, Польша, Грузия, Қырғызстаннан келген қоғам қайраткерлері мен сарапшылар шақырылды.

Сонымен қатар іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов, ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстан іскер әйелдері кеңесінің президенті Раушан Сәрсембаева қатысты.

Форум кәсіпкерліктегі жаңа бағытқа байланысты көптеген мәселелер шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

 Эльдар Жұмағазиевтың айтуынша, «Бастау» жобасы әлеуеметтік бағытқа ие. Бұл толығымен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жобасы әрі бизнеске оқыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар кемшіліктерін ескере отырып әзірленген. Жоба бизнес негіздерін оқыту және оқытудан кейін бір жыл бойы өз идеяларын қолдай отырып, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлікке баулу, олардың кәсіпкерліктегі мүмкіндіктерін анықтауға және дамытуға бағытталған.

 «Бастау» жобасы ауыл тұрғындары арасында жақсы сұранысқа ие. Алғашқы жылдың (2017) өзінде еліміз бойынша 15 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқыды. 8 мыңнан астам адам жобаларын қорғап, 3,5 мың адам қаржыландыруға қол жеткізіп жеке кәсіптерін ашып немесе бизнестерін кеңейтті. Былтыр жобаларын қорғаған бес мың адамға қосымша 20 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ақтөбе облысында жобаға 1125 адам қатысты. Бүгінде жоба нақты нәтиже беріп отыр. Кешегі жұмыссыздар кәсіпкерлер қатарын көбейтті, жаңа жұмыс орындарын ашты. Бұл – әйелдердің белсенділігі 60%-ды құрайтын нағыз әлеуметтік бағыт», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

 

Естеріңізге салсақ, 2016 жылы «Бастау» Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында пилоттық режимде іске асқан болатын. Пилоттық режимнің екінші нысаны – Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылы болды. Іріктеу тестілеуіне қатысқан 140 жұмыссыз бен бастауыш кәсіпкердің 60-ы оқуға өтті. Оқу аяқталғанда олар өз бетінше бизнес-жобаларын әзірлеп, қорғады. Нәтижесінде 30,1 млн теңге көлемінде алты жоба қаржыландырылды. Оның ішінде бес жобаны әйелдер қорғады. Олар шағын-жылыжай, пицца мен кондитер өнімдерін пісіру және медициналық қызмет көрсетуді қолға алған. Бүгінде бұл жобалар сәтті жүзеге асып жатыр.

Биыл «Бастау» Ақтөбе облысының барлық ауданын қамтыды. Республика бойынша 30 мың адам оқыту жоспарланған. Оның ішінде кем дегенде 20 мың ауыл тұрғыны бизнес-жобаларын қорғауы керек. Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-ортаның жаңа сапалы легін қалыптастырмақ және осы әлеуетті әр өңір сұраныса бейімдеу көзделген.

Эльдар Жұмағазиев бұл бағытта ҰКП мониторинг, нақты айтқанда «жеткізу тізбектері» анықтайтын скрининг жүргізіп жатқанын хабарлады.

 «Жалпы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары. Жүргізілген талдау көрсеткендей, былтыр бизнесмендер қайырымдылыққа 48 млрд теңге жұмсаған. Мұқтаж жандарға қол ұшын созған кәсіпкерлердің көбі заңнама бойынша салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтар бары туралы бейхабар. Ірі салық төлеушілерге – салық салынатын табыстан 3%-дан аспайтын жалпы сома көлемінде, жоғарыда аталған салық төлеушілерден бөлек салық төлеушілерге – салық салынатын табыстан 4%-дан аспайтын жалпы сома көлемінде жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар көп кәсіпкер меценаттық қызметін жасырады. Біздің ойымызша мұндай жандардың үлгісін насихаттау керек. Былтыр «Атамекенім» атты әлеуметтік жоба іске қосылғаны белгілі. Акция мақсаты – бизнестің қайырымдылық көрсету бойынша бастамасын қолдау», – деді Эдъльдар Жұмағазиев.

 Спикердің пікірінше, әлеуметтік кәсіпкерлікті ауқымды дамыту үшін нақты индикатив енгізуді ұсынды.

 «Бұл бағытта атсалысуға дайынбыз. «Бастаудың» өзі әлеуметтік кәсіпкерліктің элементі екенін түсінемін. Дегенмен, индикативті күшейтіп, оған мұқтаж жандардың тізімін қосу керек. Бұл адамдар «Бастау» аясында оқып, жеке бизнес нысандарын ашар еді. Екінші ұсыныс – Ұлтты кәсіпкерлер палатасында «5 мың ауылға, 5 мың қамқоршы» атты жаңа жоба қолға алынып жатыр. Аталған жобаға бизнесмендерді атсалысуға және ауыл-аймаққа қамқоршы болуға шақырамыз», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Спикер қамқорлықтың үлгісі ретінде танымал кәсіпкер, Ақтөбе облысы кәсіпкерлердің өңірлік кеңесінің мүшесі, «Алтын Қыран» компания тобының директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Исламбек Салжановты мысалға келтірді.  Меценат Ақтөбе қаласындағы жаңа тарихи-өлкетану мұражайы құрылысына демеушілік жасаған. Туған өлкесі Қобда ауданында кәсіпкер 320 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесін салып, оны жергілікті билік балансына өткізген.

 «Ақтөбе облысы қашанда белсенділігі әрі жауапкершілігімен ерекшеленіп келеді. Бұл жолы да резонанс осы өңірден бастау алады деп сенеміз», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Ақтөбе облысының тәжірибесі өзекті мәселелерді шеше отырып, әлеуметтік кәсіпкерлік бизнеске табыс табуға жол ашатынын көрсетіп отыр, яғни барлық тарап: кәсіпкерлер, мемлекет және халықтың ұпайы түгел. 2017 жылы өңірде бюджеттік емес қаражатқа жалпы сомасы 29 млрд теңгені құрайтын  73 әлеуметіік жоба жүзеге асқан.  

Оның ішінде офтальмологиялық аурухана, жедел жәрдем станциясы, Жекпе-жек, күрес түрлері сарайы, «Өнер орталығы», «Жұбановтар әлемі» үй-мұражайы, Шығармашылық академиясы салынып, пайдалануға берілді. Биыл облыста жалпы сомасы 28 млрд теңгені құрайтын бюджеттік емес инвестицияға 33 жоба іске асады. Атап айтқанда Ақтөбеде теннис орталығы, мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, «Аналарға тағзым» үй-мұражайы, Сал ауруына шалдыққан балаларға арналаған оңалту орталығы, Ядролық медицина орталығы салынбақ.

Форум жұмысына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі «Атамекен» ұсыныстарына белсенді қолдау танытты.

«Кәсіпкерлікті жаппай дамытуда белсенді жұмыс атқарып жатырмыз – былтырғы жылдың нәтижесі бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері саны 52 мыңды құрады, бұған мемлекеттің қуатты қолдауы әсер етті.  Кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілікке талмай бағыттап келеміз, – деді әкім әйелдердің белсенділігін ерекше атап өтіп. – Өңірдегі шағын және орта кәсіпорындардың 40%-ын әйелдер басқарып отыр. Олар әлеуеметтік белсенділік танытуда,  олар «Туған жер» бағдарламасын қызу қолдап отыр. Мәселен, Зәмзагүл Баймағамбетова балабақша, Халық кеңсесін салды, қазіргі таңда Неке қию сарайын тұрғызып жатыр. Рабиға Тасыбаева балалар лагері, физика-математика бағытында мектеп-интернатын салды».  

 Форум аясында әлеуметтік кәсіпкерлік нысандары бойынша көшпелі таныстырылым жасалды.

 Эльдар Жұмағазиев делегация мүшелерімен бірге «МК Корпарациясы» ЖШС жанынан ашылған «Taksim Food Academy» оқу орталығына барды, бұл нысан ҰКП Оқу орталықтары тізіліміне енген. Кәсіпорын ҚР  бойынша кафе мен мейрамханалар желісіне ие. Осылайша курстан өткен түлектердің 100%-ы жұмысқа тұрады. Былтыр Жұмыспен қамту орталығы бағыты бойынша 76 адам оқудан өтті (аспаз, даяшы, бармен, кассир, әкімші). Биыл аспазға 12 адам, кассирға – 15 адам оқып жатыр. Білікті мамандарға деген сұраныс бар, кәсіпорын көп көлемде курсанттарды оқуға қабылдауға дайын.

Айта кетелік, биыл жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия бизнес ұсынысын ескеріп, жобаны қаржыландыруға жекелей кірісті. Мәселен, аспаздарды оқуты 24 048 теңгеден 30 986 теңгеге артты, тігіншілік 24 048 теңгеден 27 690 теңгеге артты.

Естеріңізге саласақ, «Атамекен» ҚР ҰКП оқу орталықтар тізіліміне тіркелу арқылы кәсіпорындар қысқа мерзімді оқытуға Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қаржыландыру ала алады. Бүгінде Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшылары тізілімге 7 оқу орталығын қосты.

 Халықаралық форумның бірінші күнінде Ақтөбе облысы ұйымдары мен кәсіпорындары Израиль, Түркия, Қырғызстанның әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша ұйымдарымен ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойыды.

 Осылайша форум аясында бірнеше бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Атап айтқанда ақтөбелік «Азайа» тігін кәсіпорны израильдік «Хашемекем» кәсіпорынмен өзара байланыс орнатпақ. Шетелдік бұл компанияның тәжрибесі ақтөбелік кәсіпкерлер үшін қызықты. Тараптар әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жобаларды жүзеге асырып, Қазақстан үшін жаңа  салада тәжірибе алмасуға келісті.

 Ақтөбе облысы мемлекеттік емес ұйымдар қауымдастығы және Қырғызстан әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің басшылығы қысқа және ұзақмерзімді оқу бағдарламаларын ұйымдастыру, әлеуметтік кәсіпкерлерге тренинг өткізу, ғылыми және мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жауапкершілікті алып отыр.

 Форум қатысушылар пікірінше әлеуметтік кәсіпкерліктің жетілмеуі халықтың бұл саладағы ақпаратының аздығы, бизнес жүргізу мәселелері, пікір алмасу алаңдарының болмауы себеп.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер