astana-view

Қонақжайлылық мектебін ашу мәселесі талқыланды

2018 жылғы 14 Мамыр
2490 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева БАӘ Елшілігі саяси-экономикалық және медиалық департементінің жетекшісі Хинд Альтахери бастаған Біріккен Араб әмірліктері Елшілігі өкіледрімен кездесті.

Кездесу Юлия Якупбаева және БАӘ елшісі Мұхаммед Ахмед Сұлтан әл-Джабер арасындағы келісімдерді жүзеге асыру аясында өтті. Елшіліктің дипломатиялық атташесі Хинд Альтахери араб тарапының Қазақстанмен кәсіпкерлікті дамыту, сонымен қатар туризм саласында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып, ынтымақтастық орнатуға ынталы екенін хабарлады.

 «Осы лауазымға тағайындалмас бұрын осында отбасыммен алғаш келген сапарымнан-ақ Қазақстанды ұнаттым. Астана мен Дубай әрі екі ел халқы арасында көп ұқсастық барын байқадым. Тіпті мен тұрып жатқан Астанадағы аудан, менің әмірліктегі ауданыма сондай ұқсайды. Бүгінде Қазақстан арасындағы байланысты жоғары бағалаймыз, осы ретте екі елдің кәсіпкерліктегі ынтымақтастығын ары қарай дамытқымыз келеді. Әрі БАӘ ірі кәсіпкерлерін Қазақстанға инвестиция салуға ынталандыруды көздейміз», – деді Хинд Альтахери.

 Өз кезегінде Юлия Якупбаева қонақтарды Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен туризм индустриясының дамуы туралы хабардар етті. Оның айтуынша шетелдік инвесторлар үшін елімізде қолайлы жағдай жасалған, кедергілер алынып тасталған, айтарлықтай ашық саясат жүргізіліп отыр. Бүгінде Қазақстан Doing Business халықаралық рейтингінде 36-орында тұр. Үкімет инвестициялауға жағдай жасауда үлкен жұмыс атқарып отыр.

Осыған дейін «Атамекен»  ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бірікекен Араб әмірліктері елшілігіне туризм саласы бойынша  39 инвестициялық жобадан тұратын тізбе жолдаған болатын. Нәтижесінде екі жоба бойынша келіссөздер жүргізілуде.

 «Қазіргі таңда Қазақстанда «Kazakh Tourism» компаниясы құрылған. Аталған компания туризмдік әлеуетті жетілдіріп, салаға инвестиция тартумен айналысады. Бүгінгі кездесу нәтижесін ескере отырып, жуырда жоба тізбегін жаңартамыз да сіздерге жолдаймыз деген ойдамын», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.  

 Инвестициялар мәселесінен басқа тараптар Қазақстандағы демалыс туралы араб телеарналарына арнап жарнамалық бағдарлама түсіру жайын және Қонақжайлылық мектебін ашу мәселесі талқыланды.

 «Туризм кез келген мемлекет дамуында сүбелі мәнге ие сала. Қазақстанға келетін болсақ, біз сіздердің осы бағыттағы нақты қадамдарыңызды көріп, оларды жоғары бағалап отырмыз. Өз кезегінде қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгін Елшімен өткізген кездесуді қорытындылай келе біз Қазақстандағы туризм туралы анықтамалық материалдарды дайындап жатырмыз, оларды барлық араб арналары бойынша таратпақ ойымыз бар. Сонымен қатар телевизиялық бағдарлама, Қонақжайлылық мектебі бойынша ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз», – деді Альтахери.

Сондай-ақ, Юлия Якупбаева Қазақстанда туризм туралы ақпараттық материалдарды құруға көмектесуді ұсынды, атап айтқанда «Мен Қазақстанды сүйемін» атты фотобайқау жеңімпаздарының жұмыстарын ұсынатынын хабарлады. Бұл жұмыстарда еліміздің әр өңірі бойынша көрікті жерлер мен туризм аймақтары түсірілген.

 «Мен Қазақстанды сүйемін» атты фотобайқау жыл сайын өтетін шара. Бұл жобаға біз әріптес ретінде қатысып жатырмыз. Бұл өте бірегей кадрлар шоғыры. Биыл ең үздік туристік өнімге байқау жарияламақпыз. Іс-шара күзде өтеді деп күтілуде. Осы ретте қазылар алқасы құрамына елшілік өкілін енгізуді ұсынамын», – деді Юлия Якупбаева.

Кездесуді қорытындылай келе тараптар Қазақстанның өңірлері бойынша араб компанияларына арналған ақпараттық тур ұйымдастыру мүмкіндігін талқылады.   

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер