astana-view

Жамбыл облысында тауардың түр-түрі бар

2018 жылғы 15 Мамыр
- Жамбыл облысы
2684 просмотров

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік деңгейіне қатысу үшін өтінім қабылдау басталды

Кәсіпорындар өндіретін өнімдерінің сапасын арттыру, облыс нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті тауармен толықтыруға ықпал ету, халық арасында сапа идеясын кеңінен насихаттау мақсатында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысуға жергілікті компаниялар тарапынан  қызығушылық жыл сайын еселеніп келеді.

«Биыл байқауға Кәсіпкерлер палатасына өтінім берушілердің арасында алғаш рет қатысуға ниетті кәсіпорындар белсенділік танытуда. Мұның бірден бір себебі облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санының артуы (60 мыңға жуық) болса, екіншіден республика деңгейінде маңызы бар байқаудың отандық тауар өндірушілер арасында бәсекелестік орнатып, халықаралық нарыққа лайықты тауар шығаруға ықпалы артуы деуге болады», – дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Нағима Молдахметова.

Биылғы байқау әртарапты болады деп күтілуде. Жеңіл өнеркәсіп, тоқыма өнеркәсібі, азық-түлік саласы, киім-кешек, құрылыс материалдар, ұлттық тағам, құс өнімдері, химиялық заттар, тіптен балық өнімдерін шығаратын тауар өндірушілер қатысуға төбе көрсетіп отыр. Бұл Жамбыл облысының мал және егін шаруашылығынан бөлек, кәсіпкерлік тұрғысынан да республикалық деңгейде танылуының белгісі.

Меркі ауданы Андас батыр ауылдық округінде орналасқан «Меркі балық өңдеу зауыты» ЖШС 2017 жылы құрылған, жас кәсіпорын болғанымен «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатыспақ ниетте. Жоба қуаттылығы жылына 1500 тонна балық өңдеп, одан 750 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Зауытта көксеркенің жон еті, табанның жон еті, балықтың ұрты, балықтың фаршы сынды өнімнің түр-түрі әзірленеді. Өнімдердің негізгі бағыты экспортқа бағытталған, басым көпшілігі Латвия, Литва, Польша, Германия, Дания сынды Еуропа елдеріне жіберілетін болады. Серіктестіктің директоры Кенжехан Әлімбаев бүгінде  20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жоба толық іске қосылғанда мұнда 75 адамға дейін еңбек ететін болады.

«Шикізат Каспий, Арал теңіздері мен Зайсан көлінен алынады. Бүгінгі күні зауыт балықтың 1 келісін 200-900 теңге аралағында қабылдайды, ал дайын өнімді ішкі нарыққа келісін 400-1500 теңге аралағында,  экспортқа 1500-2500 теңге аралығында сатып, жалпы өнім көлемі шамамен жылына 1 млрд теңгені құрайтын болады. Әзірше, 2018 жылға  400 тоннаға дейін дайын өнім өндіруді жоспарлап отырмыз», – дейді зауыт басшысы Кенжехан Алимбаев.

Зауытты әлі де экспорт жүйесін жолға қою үшін Еуропа елдерінің ветеринарлық және санитарлық талаптарына өндіріс орнын сәйкестендіру жұмыстары күтіп тұр. Бұл дегеніміз, судан ауланған балықтың жағаға шығуынан бастап, өңделіп, экспортқа жөнелтілгенге дейінгі жолын қадағалайтын Қауіптілікті талдау және сыни бақылау нүктелері жүйесін  (ХАССП) енгізу қажет.  Дегенмен де зауыт жүлделі орыннан үмітті.

Жуалы аудандық «Шолақбастау» шаруа қожалығы да байқауға алғаш қатысу үшін өтініш білдіріп отыр. Қожалықтың негізгі бағыты – құрт және май өнімдерін өндіру. Мекеме жылына 7 200 тонна, ал айына 600 келіге дейін құрт әзірлеп шығаруға және жылына 3 600 тонна май шығаруға қуатты. Директоры Майкл Бейсеқұлова Ұлы даланың Ұлттық тағамы – құрт өнімдерінің байқау барысында көптің көңілінен шығатынына сенімді.

  Қасиетті Әулие-Ата топырағы тұнып тұрған қазынаның қойнауы. Сарысу ауданы Жаңатас қаласында 2014 жылы тіркелген  «ЕвроХим – Тыңайтқыш» ЖШС компаниясы да биылғы байқауда бақ сынап көрмек. Жобаның қуаттылығы 1400 тонна минералдық тыңайтқыш өндіруге жетеді. Бұл инвестициялық жобаның құны 356,6 млрд теңге. Зауыт толыққанды іске қосылғанда 2 000 адамды, ал қазірде 450 адамға жұмыс беруші компания болып отыр. Әлбетте, өлкеге құйылған инвестиция ең әуелі қара халықтың игілігіне жұмсалады. «ЕвроХим – Тыңайтқыш»  минералдық тыңайтқыштар шығару бойынша мемлекеттегі алып компанияларға бәсекелестік туғызары сөзсіз.

Мәрмәр тастарынан құрылыс материалдарын дайындайтын Сарысу ауданы Жаңатас қаласында орналасқан «Фирма Минерал» ЖШС де өңірлік байқауда қатысушылардың қатарын толықтыратын болады. «Фирма минерал» ЖШС-і қазіргі уақытта «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені аумағында мрамор тастарын өндірумен айналысуда. Жобаның жылдық қуаттылығы 13 мың тонна мәрмәр. Компания директоры Игорь Паршинның басшылығымен 7 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Отандық тауар өндірушілердің қызмет сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейтін аталмыш байқау барысында қатысушылардың ұсынған өнімдері үш номинация бойынша бағаланады: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары». Өткен жылы көрме-байқауға және жергілікті тауар өндірушілердің көрмесіне  жалпы саны 104 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынған болатын.

Нәтижесінде, 2017 жылы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орынға «Қазфосфат» ЖШС, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында «Айвенго» ЖШС, «Үздік азық-түлік» аталымында «Rola-7» ЖШС үздік деп танылған болатын.

Айта кетейік, биылғы жылғы байқауға өтінімдерді қабылдау рәсімі маусым айының 25-не дейін жалғасады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер