astana-view

Электр энергиясы үшін алдын ала төлем алынып тасталды

2018 жылғы 16 Мамыр
- Атырау облысы
7615 просмотров

Атырауда айналысатын қызмет түріне қарамастан барлық кәсіпкерлік субъектілері электр энегриясына 100% алдын ала төлем жасаудан босатылды.

Бұл жетістікке Атырау қаласы прокуратурасы, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы және Атырау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бірлескен жұмысы арқылы қол жетті.

 Атап айтқанда, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Атырау қаласы прокуратурасына жасаған өтінімінен кейін энергиямен жабдықтаушы ұйым талабының заңдық күшіне талдау жасалды және  онда бұзушылықтар анықталды. Осының негізінде қадағалаушы орган монополияға қарсы органға анықталған бұзушылықтарды жою туралы өтініш жіберді, нәтижесінде «Атырау Энергосату» ЖШС-на сәйкес хабарлама жасалды. Өңірдің кәсіпкерлерлік субъектілері үшін көптен күткен жаңалықты доминантқа ие энергиямен жабдықтаушы ұйым «Атырау Энергосату» ЖШС хабарлады.

 «Атырау Энергосату» ЖШС электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке емес пайдаланатын тұтынушыларға Атырау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің 2018 жылдың 25 сәуір айы №6-04/647 ескертуі негізінде жеткізілетін электр энергиясы үшін 100% алдын ала төлем алу  2018 жылы 15 мамырдан бастап тоқтатылғаны жайында хабарлайды. Яғни енді кәсіпкерлік субъектілерінің барлығы электр энергиясы үшін 100 пайыз алдын ала төлем жасаудан босатылды», – деді «Атырау Энергосату» ЖШС директоры Эльмира Исембергенова.    

Айта кетелік, электр энергиясы үшін 100 пайыз алдын ала төлем жасау талабы кәсіпкерлер үшін қиынға соғатын. Бұған дәлел Өңірлік кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер тарапынан түскен көп өтінімдері. Онда аталған талаптың заңдылығына күмәнмен қараған кәсіпкерлер мәселені тексеруді сұраған.

 «Аталған шара электр энергиясын пайдаланудағы міндетті шарт ретінде өңірде 2002 жылдан бастап қолданыста болған. Бұл жайт кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша қаржылық ауыртпалық еді әрі бизнес дамуына кері әсер еткен. Кей жағдайда кәсіпкерлер бұл төлемдерді төлеу үшін қосымша несие алуға мәжбүр болған. Сондықтан Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы аталған мәселені шешу мақсатында бейінді органдармен бірлесіп жұмыс атқарды. 2014 жылы біз энергиямен жабдықтайтын компаниямен Меморандумға қол қойдық. Нәтижесінде шағын кәсіпкерлік өкілдері алдын ала төлемнен босатылған болатын. Енді міне алдын ала төлем жасаудан барлық субъектілер босатылды. Бизнес дамуы үшін бұл үлкен жетістік», – деді Атырау облысы ӨКП директоры Абдолла Идресов.      


Еншілес ұйымдар

Серіктестер