astana-view

Жиналмалы әсем бесік өндірісі

2018 жылғы 25 Мамыр
- Жамбыл облысы
6319 просмотров

«Бизнес-Кеңесші» жобасының түлегі мемлекеттік грант жеңіп алды

Біз ұлттық құндылығымыз үзіліп қалды деуден аулақпыз. Алайда соңғы уақытта әр үйден тербетілген бесіктің орнын ағаш манеждер мен ХХ ғасырдың орта тұсында Америкада пайда болған «памперстер», яғни бір реттік жаялықтар басуда. Оның бала гигиенасы үшін зиянды тұстары қаншама?! Бабаларымыз «Тәрбие тал бесіктен» деген тәмсілді тегін айтпаған. Баланың тыныш ұйқысы үшін тал бесіктен артық ештеңе жоқ. Расында, қонаққа барған кезде бесікті емес, аталмыш жаялықты жол дорбасына салып жүру аналар үшін оңтайлы. Алайда осы олқылықтың орнын толтыруда тараздық өнертапқыш Пернебай Ахметов жиналмалы ағаш бесік ойлап тапты. Бес жыл бұрын ағаштан ойылып жасалған дүниесін патенттеп алған шебер мұны отбасылық кәсіпке айналдырып та үлгерді. Кәсіпкер үйінің ауласынан шағын ғана шеберханасын ашып, ата жолын қууды ұйғарыпты.

«Бұл бесік – келешек ұрпақ саулығы үшін жасалған дүние. Бір реттік жаялықтардың зиянды тұстарын естіп, бас шайқап жатырмыз ғой. Бұрындары кәдуілгі тарыны ақтап, қабығынан осындай табиғи жаялықтар жасалған екен. Кейін келе бұл химиялық қоспалардың бірігуі арқылы пайда бола бастады. Қазіргі жас аналар үшін жиналмалы бесіктің жобасын құрап, ол дайын болған соң мемлекеттік тапсырыс арқылы қаражат көзін тауып, украиндық құрылғы сатып алдым. Әкем кезінде етікші болған, ал мен бесік жасауды қолға алдым», – деді Пернебай Ахметов.

Өнертапқышқа кәсіпкерлер Палатасы сервистік қызмет көрсетті. «Бизнес-Кеңесші» жобасымен оқып шыққан Пернебай Ахметов қырса мерзімдік курстан алған білімін шыңдап, алған білім жеке кәсібін жүргізуге ықпал етті. Ал, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының маркетолог мамандары бизнес-жоспарды толыққанды жазып шығуға қолдау білдірді. Нәтижесінде кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттік тегін грантты жеңіп алды.

 «Қазірде, шеберхана әлі толыққанды жабдықталмаған. Алайда алдағы уақытта тапсырыс ұлғайса, заманауи техникалармен жабдықтайтын боламын. Жолға алып жүруге қиындық тудырмас үшін жұбайым Дина бесікті салатын арнайы сөмкелерін тігуде. Ең алғашқы ұсталық қызметімді бесік жасаудан бастадым. Айына 15-20 бесікке тапсырыс түсуде. Бұл халыққа керек нәрсе ғой. Бірақ еліміздің барлық өңірі әлі толық құлақтана қоймаған секілді», – деген ұста тапсырыс арқылы үш адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтады.

Бұл мүлікті жасауға шебер үш ай уақытын сарп етіпті. Есесіне бас-аяғы бірер минутта құрастырылатын ұлттық бұйым пайда болды. Ұзындығы 83-85 сантиметрлік бесікті бар-жоғы 11 сантиметр болатындай етіп жинауға болады.

Инновациялық бесікті шебер 25 мың теңгеге бағалап отыр. Бұйымдары мен материалдарының мүмкіндігіне орай бесікті күнделікті жасап тұруға дағдыланған. Жабдығына ұлттық нақыштағы оюмен көмкерілген бесікті түрлі дизайнмен әсемдеп жасауда. Сондай-ақ бұл бесікке өзінің немерелерін салған шебер бізге көрсеткен дүниесін немересінің есіміне байланысты «Әсем» деп атапты. Одан соң Пернебай ұста тоққа қосылатын қос ішекті домбыра ойлап тапқан. Электронды домбыраның ерекшелігі – ішегінде. Тоқ көздері өтетіндей етіп жасалынған ұлттық аспапты ешкінің ішегінен жасаған.

 «Ешкінің ішегі. Алайда магнит тартады. Оның химиялық құрамын өзгертіп, үзілмейтін қылып істедім. Әлі де жетілдіру үстіндемін. Алдағы уақытта аспапты аппараттан қашықта жүріп шертетіндей етіп жасау жоспарда бар. Домбыраны патенттеп алғаннан кейін ғана ішегінің қоспасын жария етермін», – деді өнертапқыш.

 Шебердің домбыраны жасауы да тегін емес. Музыка мамандығын игерген ол кезінде ансамбльмен ән салып, өнерпаздар сапында болған. Сонымен қатар шебер каратэмен шұғылданып, шәкірт тәрбиелеуге де үлесін қосқан екен. Ал қызы Назым таэквондодан еліміздің төрт дүркін жеңімпазы. Бүгінде үлкен ұлы Досан әке жолын қуса, немерелері де бұйым жасауға әуестенуде. Өткен жылы елімізде өткен ЭКСПО халықаралық көрмесінде өнертапқыштың жиналмалы бесігі көрмеге қойылыпты. Тапсырыс пен қолдау болса ұстаханасын ұлғайтып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын жас шеберлерді даярлауды мақсат еткен шебер «Саят» жеке кәсіпкерлігінің тынысын кеңейтуді көздейді. 

Осыдан біраз уақыт бұрын елордалық жас өнертапқыш Серікбол Шәймардан өздігінен тербелетін бесік ойлап тапқан болатын. Баланың дауысына қарай қозғалатын құрылғы дене қызуы мен жаялық дымқылдығын өлшеп тұратын бесік жас отбасыларға үлкен көмек болып отыр. Ал тараздық Пернебай шебердің жиналмалы бесігі елімізде алғаш болып ойлап табылған қолайлы дүние. Міне, осындай өнертапқыштарымыздың еңбегі тасада қалмай, келешек ұрпақтың саулығы үшін сіз бен біздің хабардар болғанымыз абзал. Қазақтың манежі де, қол арбасы да, тербеткіші де – осы бесік емес пе?! Өнертапқыштың айтуынша, бесік – ата-ананың көмекшісі емес, тәрбие құралы. «Ел болам десең, бесігіңді түзе!»дейді халқымыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер