astana-view

«Заңдағы өзгерістер кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетеді» – кәсіпкер

2018 жылғы 01 Маусым
1078 просмотров

Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға жария түрде қол қойды.

Бұдан былай кәсіпкерлік тұлғаларына мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет  түрлері жеңілдейді. Бизнесті бітпейтін тексерістер, артық мазалау іс-қимылдары азаяды. Мұндай Заңдағы жаңа өзгерістер отандық кәсіпкерлерді серпілтті. Жамбылдық кәсіпкерлер де мұндай жаңашылдықтарға ерекше ілтипат білдіріп отыр.

 «Заңдағы бақылау және қадағалау функцияларын 30 пайызға қысқарту туралы бастама – кәсіпкерлер қауымы үшін маңызды деп санаймын. Елімізде кəсіпкерлік қызметті реттеу жүйесі қайта қаралды, нәтижесінде 14 кодекс пен 109 заңға 1000-ға жуық түзету енгізілмек. Бұл көптеген мәселелерді алдын алуға мүмкіндік бермек» – дейді Өңірлік Кеңестің мүшесі, «Ремком» ЖШС басшысы Константин Юрьевич.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілерін арнайы тексеру уақыты отыз күннен он бес күнге, жоспардан тыс тексерулер отыз күннен он күнге дейін қысқарды. Заң жобасын әзірлеу жұмыстарына Ұлттық палатаның атсалысуының нәтижесінде мұндай жағымды өзгерістер орын алуда деп айтуға толық негіз бар.

«Ұмтыл» ШҚ басшысы Балғабай Сырлыбаев пайымынша кәсіпкердің жеке ісін жүргізуде әкімшілік кедергілерді азайтуға қатысты енгізілген түзетулер бәсекелестікті дамытуға жағдай туғызады. Алайда, бизнестің жауапкершілігін де арттыру, адал кәсіпкерлікті дамытуды да қалыс қалдырмаған жөн деп санайды.

Соңғы жылдары мемлекет бизнеске бір бүйірін бұрды, шағын және орта бизнестің дамуына қаражат құйды, ел экономикасына инвестиция тартуды мықтап қолға алды. Бизнестің аяғына кісен, жолына бөгет болатын кедергілерді азайтты. Алайда, Заң – жалпыға ортақ. Заң тек адал кәсіпкерлерді қолдайтынын естен шығармаған абзал.

Президент Заңның жаңашыл тұстарын әр кәсіпкерге түсіндіру, хабардар ету жұмыстарына деп қою керектігін айтты. Бұл тұрғыда Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары да алдағы уақытта бизнес субъектілеріне түсіндіру жұмыстарына атсалысатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер