astana-view

Кәсіпкерлерге апаттық жағдайдағы үйлерді МЖӘ тетігі арқылы жаңалау ұсынылды

2018 жылғы 07 Маусым
- Ақтөбе облысы
5698 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Ақтөбе қаласындағы апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің орнына Мемлекеттік жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жаңа үйлер тұрғызу мәселесі сөз болды. Дөңгелек үстел жұмысына Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қ.Қасымов, мемлекеттік органдардың, даму институттарының (Даму қоры, ТҮҚЖБ, ҚИК) өкілдері, Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары және құрылыс саласындағы кәсіпкерлер қатысты.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан немесе жоспарланған мемлекеттік-әріптестік жобаларына зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктері мен дайындығын есепке ала отырып, өңірлерге тарату үшін ұсынылатын келешегі зор бастамалар іріктелді. Соның ішінде, тұрғын үйлерді қалпына келтіру және пайдалануға беру мемлекетке де, бизнеске де тиімді жоба болғалы тұр»,деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Ақтөбе қаласында қазіргі кезде тозығы жеткен 15 үй бар. Мемлекеттік органдардың өкілдерінің айтуынша, кәсіпкерлердің осы үйлерді МЖӘ аясындағы келісім-шарт негізінде алған жағдайда тегін жер теліміне ие болуымен қатар жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ Банкі» кәсіпкерлерге жаңадан салынған үйлердегі пәтерлерді өткізуге ықпал жасайтын болады. Осы мақсатта «Даму» қоры жеңілдетілген несие қаржысын ұсынбақ, мемлекеттік субсидия бөлінеді.

«Мәселені егжей-тегжейлі зерттеп алуымыз қажет. Үйлердің жағдайын, тұрғындардың құжаттарын тексеріп шығуымыз керек. Барлығы дұрыс болса, ұсынысты қарастыруға болады», – дейді «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС өкілі Жанболат Әлшенов.

Бүгінгі күні Есет батыр көшесінде орналасқан тұрғын үйді МЖӘ негізінде алған «Керемет үй» ТҚК тұрғындармен келісімге келіп, жаңа кешеннің құрылысын бастап кетті. Мемлекеттік органдар кәсіпкердің мұнымен тоқтап қалмай тағы бір үй алуға ниеті барын жеткізді. Бұл жоба жүзеге асырылған жағдайда мемлекеттің үй кезегінде тұрғындарды тұрғын үймен қамту мәселесін де шешуге болар еді дейді әкімдік қызметкерлері.

Атап кетсек, «Мемлекеттік жекеменшік әріптестік туралы» арнайы заң осыдан үш жыл бұрын қабылданған болатын. Бұл заң кәсіпкерлердің мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестік негізінде жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. МЖӘ аясында кәсіпкерлерге тұрғын үйлерді қалпына келтіру және пайдалануға беруден басқа көшелердегі жарықтандыруды жаңғырту, мектеп асханаларын жөндеу және пайдалануға беру, футбол алаңдарын қалпына келтіру, емханалар мен дәрігерлік амбулаториялардың базасында компьютерлік және магнитті-резонансты томография кабинеттерін ашу, дәрігерлік амбулаторияларды қалпына келтіру және пайдалануға беру, блок-модульді қазандықтарды орнату және пайдалану жобалары секілді тиімді ұсыныстар жасалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер