astana-view

Тимур Құлыбаев: Қолжетімді демалыс – халықтың өмір сүру сапасының маңызды көрінісі

2018 жылғы 15 Маусым
7206 просмотров

Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев ҰКП Туризмді дамыту комитетінің басшылығымен кездесуі барысында  айтты.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен туризм саласы Үкіметтің жобалық кеңсесіне қосылды. Туризм «олимпиадалық жолдың» 6 негізгі басымдықтарының бірі. Сонымен қатар туристік сала 2022 жылға дейінгі Ұлттық экспорттық стратегияға енген. Үкіметтің тікелей тапсырмасымен Бірыңғай туристік карта әзірленіп, оған 7 өңірдің 60 туристік нысаны енді. Туризмді дамыту бойынша жергілікті әкімдіктер жұмысқа белсенді кіріскен, әр өңірде туризм саласын жетілдіру бойынша Жол карталары бар, жалпы инфрақұрылымды жақсарту мақсатында бірнеше жылға шамамен 140 млрд теңге бөлінген. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы республиканың туризм нысандарындағы сервистік қызмет деңгейін көтерудің маңыздылығын атап өтіп, қызмет көрсетуді туристік қажеттіліктерге қарай бейімдеу, оның ішінде инфрақұрылымды жақсарту қажеттілігін айтты.

«Киелі тарихи нысандардың картасын әзірледік, халық еліміздің түкпір-түкпірінен мәдени мұра ескерткіштерін тамашалау үшін келеді, ал ол нысандарда ешқандай инфрақұрылым жоқ. Ұлытау, Алтын шоқы сынды бұл нысандар отандастарымыз үшін маңызы зор. Түркістанға да жұрт ағылып келеді, онда да туристер үшін жағдай қарастырылмаған. Қазақстан бойынша бірыңғай карта әзірленді, енді өңірлер бойынша карталар дайындалуы керек. Әр аймақта халық демалуға баратын табиғи көрікті жерлер бар, осындай демалыс аймақтарын да өңірлік туристік картаға қосып, онда мәдени тынығуды қамтамасыз етіп, қызмет көрсету сапасын арттыру қажет», – деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысы еліміздің екі мегаполисіндегі инфрақұрылымның жеткілікті деңгейде дамымағанына назар аударды.

«Алматыдағы Медеудің өзіне бірнеше жаяу жүретін жол салуға болады, Бутаковкаға да, Шымбұлаққа да, алайда ештеңе салынып жатқан жоқ. Серуенге жағдай жасалуы керек. Бір жарым миллион тұрғыны бар қала, ал алматылықтарға табиғат аясында демалатын орындар болмай тұр. Астана да мегополиске айналды, бірақ демалыс күні баратын жер жоқ. Бурабай шалғайда, көп адамға қымбат келеді. Отбасылар, балалар демалатын нысандарды ойластыру керек, демалыс ыңғайлы әрі қолжетімді болуы шарт. Осы ретте экономикалық туризмді дамыту керек. Бүкіл демалысты теледидар алдында отырып өткізу дұрыс емес. Халық табиғат аясындағы демалысқа мұқтаж, балалар серуендеп, құмарын қандыруы қажет. Бұл да өмір сапасының бір белгісі», – деді Тимур Құлыбаев.        

Комитет отырысында туристерге арналған автобустардың тұрақты орнын қайтару, нысандарды фотосуретке түсіруге тыйымды алып тастау, керісінше, нысандардың сайты мен келушілер үшін интерактивті аймақтарды құру бастамалары бар. Шипажай демалысын жаңарту бойынша жұмыс берушілерді салықты шегеру арқылы ынталандыруды енгізу. Бұл кәсіподақтар мен жұмыс берушілерді қызметкерлерінің демалысына инвестиция құюға талпындырады. Туристердің көлік шығынын субсидиялау отандастардың тұтастығын арттырады. Қонатын үйлерді және қолөнер орталықтарын ашу – жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жақсы бизнес-кейсі.

Өңірлерде туристік қызметті жандандыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, табысты көбейтіп, жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін, өңірге деген қызығушылықты және жергілікті мәдени өмірдің жандануын арттыруға сеп болады.

Алайда, тағы бір түйткілді мәселе – мамандар тапшылығы. Бүгінде мемлекеттік тізілімде еліміз бойынша 403 гид бар. Былтырдан бері туризм «олимпиадалық жолдағы» алты басымдықтың бірі болғандықтан, «Атамекен» басшысы мемлекеттік тапсырысқа туризм және қонақ күту саласына арнап маман дайындауға қаражат енгізу мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті. Егер жоғары санатты маманды Алматы мен Астанада дайындаған абзал болса, онда орта санаттағы мамандарды өңірдің ерекшелігін ескере отырып, барлық өңірдегі Кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде дайындауға болады.

«Еліміздің барлық өңірінде жоғары біліктілік қажет етпейтін қызмет көрсету саласында адам капиталын, жаңа жұмыс орындарын ашуды дамыту керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілерді жеделдетілген бағдарламамен дайындауға және зейнетақы аударымы бар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге болады», – деді Ұлттық палата басшысы.

«Атамекен» басшысы Комитетке осы мәселе бойынша өңірлік туристік қауымдастықтарды қосуды және салалық министрлікпен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен бірлесіп дайындауды тапсырды.

Төралқа Төрағасы бизнес тарапы Ұлттық компанияның бюджеттен бөлінетін қаржыны игеруін бақылауға алуы қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет инфрақұрылымды құруға және еліміздің брендін танымал етуге арнап ауқымды қаражат бөледі. Мемлекет басшысы кәсіпкерлер палатасының осы жұмысқа қатысуын сұрады. Біздің міндетімізге бөлінген қаржы мақсатына сай тиімді жұмсалуы кіреді, ол ішкі туризмді дамытудағы ортақ міндетті шешіп, отандастарға мәдени, белсенді әрі арзан демалыс ұсынуы керек», – деп тұжырымдады Тимур Құлыбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер