astana-view

Іскер әйелдерге арналған шағын несиелеу

2018 жылғы 05 Шілде
- Атырау облысы
9808 просмотров

Атырауда іскер әйелдерге арналған шағын несиелеудің жаңа бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдау басталды. Өтінім қабылдаудың алғашқы күнінда Атыраудағы 12 кәсіпкер қыз-келіншек бағдарламаға қатысуға ықылас танытты.

Әйелдер кәсіпкерлігі субъектілеріне шағын несие бөлуге арналған бағдарлама «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі мен «Қазақстан Халық банкі» АҚ мен Еуразиялық топтың бастамасымен қолға алынған. Атыраудағы іскер ханымдар ерекше қызығушылық танытты. Себебі қатысушылар жылына 5% мөлшерлемемен несие ала алады. Құжат қабылдау басталғанға дейін өңірлік палатаға хабарласушылар қатары көп болды. Жаңа бағдарламаның шарттарымен таныстыру үшін өңірлік палата іскер әйелдермен арнайы кездесу ұйымдастырды.

«Қазақстан халық банкі» АҚ Атырау филиалы шағын және орта бизнес бөлімінің басшысы Амангелді Ұнғанов бағдарламаға жеке және заңды тұлғалар, шаруа қожалықтары, шағын бизнеске жататын жеке кәсіпкерлер қатыса алатынын айтты.

«Бағдарламаға қатысушының салық төлеуден қарызы, бюджетке салынатын басқа да төлемдері, сондай-ақ банктерге несие өтеуден қарызы болмауы керек. Сондай-ақ кәсіпорны қайта құрылып, таратылып немесе банкрот жариялағандар, мүлкіне тыйым салынғандар қатыспайды. Экономикалық құқық бұзушылық бойынша қылмыстық жауапқа тартылған, меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықпен айыпталғандар да үміткерлер қатарынан шығарылады». – деп хабарлады банк өкілі.

Бағдарламада кәсіпкерлік қызмет түрі мен географиялық орналасуына ешқандай шектеу қойылмаған, яғни қалада да, ауылда да тұратын шаштараз, стилист, өндірушілер өтінім бере алады. Қатысу үшін алдымен өңірлік кәсіпкерлер палатасынан бастапқы тіркеуге тұру керек.

«Қатысушы берілген формаға сай өтінім толтырады, кеңес беріледі. Егер өтінім берушіде кәсіпкерлік негіздері курсынан өткен сертификаты болмаса, алдымен курстан өтуге жазылады. Қатысуға берілген өтінім, кәсіпкерлік негіздерінен өткенін растайтын сертификат, мәліметтер жинауға келісімнен тұратын құжаттар топтамасы жинақталған соң бір жұмыс күні ішінде Іскер әйелдер кеңесі белсенділерінің қарауына жолданады. Одан кейін банкке беріледі», – деп түсіндірді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасында бөлім басшысы Нұрия Шауалиева.

Халық банкі республика бойынша аталған бағдарламамен шағын несиелеуге 1 млрд теңге бөліп отыр. Бұл қаражатты жыл соңына дейін игеру жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер