astana-view

Ұлттық экономика министрлігі шағын және орта бизнесті несиелеудің балама институтын құруды ұсынды

2018 жылғы 11 Шілде
3481 просмотров

Шағын несие жүйесінде алғаш рет былтырдан бері қала тұрғындары да қатысуды бастады. 10 шілдеде үкімет отырысында Ұлттық экономика министрлі Тимур Сүлейменов хабарлағандай, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несиелеуге 7 екінші деңгейлі банк пен 2 шағын несие ұйымы қатыстырылды.

Алайда бағдарламаның ерекшелігі мен әлеуметтік бағыталуы қаржыгерлер тарапынан аса бір қызығушылық тудырмады. Олар бағдарламаның 3 жылдан аз мерзімде жұмыс істейтін, кәсібін енді бастағандар үшін арналуы несиенің қайтарылмау қаупін арттырады деп есептейді.

«Бұл шара екінші деңгейлі банктердің бағдарламаға қатысуын айтарлықтай қысқартты. Қазіргі таңда 7,5 млрд теңгенің еркін лимитінде қаржы институттарынан 4,1 млрд теңге сомасына өтінім түсті. Осаған байланысты өңірлерде банк қаржыландыруынан бөлек жеңілдікпен несиелеудің балама инфрақұрылымын құру ұсынылады. Қолданыстағы тәжірибе бойынша «Атамекен» ҰКП қатысуымен өңірлерге шағын несиелеу ұйымдарын құру қажет. Бұл бағдарлама аясында қаражатты соңғы қарыз алушыларға жедел жеткізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті экономика министрі.

Бүгінде Ұлттық палата мен әкімдіктер шағын несие ұйымын Қостанай, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарында құрды. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов үкімет отырысында «Бастау» жобасы бойынша 2018 жылы 30 мың азаматты оқыту жоспарланғанын, оған 2,4 млрд теңге қарастырылғанына өңірлер назарын аударды.

«Өңірлерде осы бағдарламаға қаржы бөлу үшін және өз мәслихаттарының тиісті отырысын өткізуге қажетті құжаттардың барлығы қабылданды. Осы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек. Былтыр «Бастау» аясында 5 мың адам қаржы ала алмады, ал биыл Елбасының тапсырмасымен қосымша бөлінген 13 млрд теңгені соңғы тұтынушыға дейін тұтастай жеткізу керек», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Жалпы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен төртінші әлеуметтік бастама негізінде шағын несиелеуді кеңейту үшін 2018 жылы шағын несиелеу қаржысы 20 млрд теңгеге дейін артты – барлығы 62,6млрд теңге.

Оның 45,3 млрд теңгесі, яғни 72%-ы ауылдық жерге бөлінеді, ал қалаға – 17,3 млрд (28%). 2018 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша жылдық жоспардың 24%-ы, яғни 14,8 млрд теңгесі игерілді, оның ішінде 8,8 млрд теңге ауылда, ал қалаға – 6 млрд теңге берілген. Бұл бірінші жарты жылдық жоспарының 90%.

«Ауыл шаруашылығы саласының ерекшелігі мен маусымдық сипатына байланысты қаржыландыру жоспары бойыннша 76%-ын немесе 47,8 млрд теңгені ІІ жартыжылдықта игеру ұйғарылған», – деп атап өтті Мадина Әбілқасымова.

Жыл басынан бері 3027 шағын несие берілді, оның ішінде стартап жобаларын қолдауға — 1567 шағын несие, зәкірлік кооперацияның жаңа бағытын дамытуға — 74 шағын несие және жеке бизнесті кеңейтуге — 476 шағын несие берілді. Жалпы биыл 14 мыңнан астам адам шағын несиемен қамтылады деп күтілуде. Ауылдағы шағын несиелердің орташа көлемі — 3,6 млн теңге, қалаларда — 11 млн теңгені құрайды. Жалпы, шағын несие алушылар қосымша 1808 жұмыс орнын ашты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер