astana-view

«Аға сеньор» түрік тәттілерін әзірлеудің қыр-сырын үйретті

2018 жылғы 31 Шілде
- Жетісу облысы
5822 просмотров

«Хакимова» жеке кәсіпкерлігінің директоры Ильмира Хәкімова «Fortuna Food» брендімен кең ассортименттегі кондитерлік өнімдерді шығарады.

Кондитерлік цех нарықта 10 жылдан астам қызмет етіп, бүгінгі таңда 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпкер жаңа технологияларды енгізу мақсатында шетелдік сарапшының шақыруды жоспарлаған болатын. Жақында Ильмира «Аға сеньорлар» жобасының қатысушысы атанды. Жоба «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында басқарудың жаңа әдістерін, өндіріс технологияларын, жабдықтарды енгізу және персоналды оқыту мәселелері бойынша біліктілігі жоғары шетелдік мамандарды тартуға бағытталған.

«Аға сеньорлар»-ға өтініш берген соң кәсіпорынға наубайлық және кондитерлік кәсіпте көпжылдық тәжірибесі бар Шахин Төрер деген түрік сарапшы-кеңесшісі шақырылды. Ол Газиантеп провинциясындағы Ислахие атты қаласында дүниеге келген. Балалық кезінен бастап кәсіптің нәсібін білетін адам. Жеті жасынан шоколад фабрикалары мен кондитерлік цехтарда жалдамалы жұмыста жүріп, рецептураларды біле бастайды. Осылайша 25 жылдан бері Шахин Төрер кондитер, өндіріс басқарушысы, кеңесші ретінде ондаған еуропалық және араб мемлекеттерінде қызмет істеп келеді. Қазіргі таңда жеке фирмасы бар және әлем бойынша тәттілерді әзірлеу бойынша оқытуды жалғастыруда.

Екі апта ішінде сарапшы «Fortuna Food»-қа сараптама жүргізіп, жұмыс үрдісін ұйымдастыру, өндіріс технологияларын жетілдіру, сапа бақылауын күшейту бойынша ақыл-кеңестерімен бөлісті.

 «Шахин Төрердің технологиясы мүлдем басқа, осы бағыттағы тәжірибесі мол. Мысалы, пахлаваны дайындауда қамырды жаймалау ең маңызды бөлім болып табылады. Ашытқы қамырын илеу мен жаюдың да технологиясы өзгеше және күрделі екен. Кондитердік өнімдердің 10-нан астам түрін пісірдік», – дейді компания жетекшісі Ильмира Хәкімова.

Шахин Төрер наубайшылар мен кондитерлерді пахлава, балмұздақ, торттар, печенье мен пицца дайындауға үйретті. Сонымен бірге ол үрдістерді оңтайландыру, басқарудың тиімді әдістері мен өнімділікті арттыру жөнінде кеңінен тоқталды.

«Әлбетте әркімнің рецептілерінің жеке құпиясы болады. Мен мәселен, печеньенің үш мыңнан астам рецептін білемін, торттың 1000-нан астам түрін, пахлаваның 100-ге тарта түрін жақсы білемін. Барлығын да үйретуге болады. Үш айдың ішінде түрік пахлавасынан кем түспейтін өнім дайындай алатын маманды оқытып шығуға болады», – деді сарапшы.

Ендігі таңда кәсіпкер Ильмира Хәкімова айтылған ұсыныстар мен тәжірибелік сабақтардағы білімді өндіріс ошағында қолданбақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер