astana-view

Кәсіпкерлер палатасы шет елден маман шақырып береді

2018 жылғы 01 Тамыз
- Қызылорда облысы
3755 просмотров

«Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында облыстық Кәсіпкерлер палатасы «Аға сеньорлар» құрылымы бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді.  Бұл құрылым қатысушыларға басқарудың жаңа әдістерін енгізу, өндіріс технологияларын, құрал-жабдықтар мен персоналды басқаруды оқыту мәселелері бойынша тікелей өндірістік кеңес беру үшін нәтижелі жұмыс тәжірибесі бар, жоғары білікті шетел мамандарын тартуға бағытталған.

Сырдария ауданы Тереңөзек кентінің тұрғыны Ақтоты Әбдуова 2017 жылы «Бақ-Нұр бөбек» балабақшасын ашып, өз кәсібін бастайды. Балалардың жан-жақты тәрбие алып, дамуына қолайлы жағдай жасалған бөбекжайда 75 бала тәрбиеленуде. Әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның балабақшадан болашағына қажетті дүниелерді игеріп шығуына ықпал етіп, тынымсыз тер төгуді қажет деген ұстанымды басшылыққа алған балабақша ұжымы өз тәжірибелеріне үнемі жаңа әдіс-тәсілдерді енгізіп отыруды әдетке айналдырған. Осы жолы да жаңашылдыққа бет бұрған ұжым облыстық Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, «Аға сеньорлар» құрылымы бойынша жұмыс жасады.

«Талапқа сай, қазіргі заманауи технологияға сай жұмыс жасау үшін Кәсіпкерлерт палатасымен бірлесе отырып, Түркия елінен арнайы маманды шақырттық. Түркиялық маман Қызылгүл Валибакова бизнес-тренер әрі ағылшын тілінің маманы. Маман балалармен де, тәрбиешілермен де жұмыс жасады», - дейді жеке кәсіпкер Ақтоты Әбдуова.

«Аға сеньорлар» құрылымына бағдарлама аясында экономиканың басым секторларында өз қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілері қатыса алады. Шет елдік сарапшыларды тарту бойынша шығындар республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Қызылгүл Валибакова әдіскер-мұғалім. Оның міндеті балалар мен тәрбиешілерге ағылшын тілін оңай әдістерді пайдалану арқылы үйрету. Қызылгүлдің ағылшын тілін үйрету бағдарламасы 10 күнге арналған. Осы аралықта балалар қарапайым ағылшын тілін түсініп, сұрақтарға жауап бере алуы тиіс. Тоғыз жыл еңбек өтілі бар әдіскер бұл жолы Тереңөзек кентіндегі «Бақ-Нұр бөбек» балабақшасындағы бүлдіршіндермен жұмыс жасады.

Аз мерзімнің ішінде балалар сұраққа жауап беріп, түстерді ажыратуға, өздері де сауал қоюға үйреніп алды. Палатаның сүйемелдеуі арқасында келген түркиялық маман аталмыш бағдарлама аясында тәрбиешілерді де ағылшын тіліне үйретті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер