astana-view

Бизнеске қаражатты қайдан алуға болады?

2018 жылғы 02 Тамыз
- Алматы қаласы
8223 просмотров

Өңірлерді дамыту бағдарламалары мен Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бәйтерек» венчурлық қоры («Самұрық-Қазына» қорының еншілес құрылымы) орта және ірі бизнес субъектілерін private equity құралдары арқылы қаржыландыруды ұсынады.

 Инвестициялардың географиясы – Қазақстан аумағындағы жобалар.  Инвестициялау кезеңі – бір жылға созу мүмкіндігімен 2018-2018 жылдарға негізделіп отыр. Инвестициялаудың минималды сомасы – 500 млн теңге, максималды сомасы – 4,5 млрд теңге.

 Инвестициялаудың негізгі бағыттары: қолданыстағы қуатты ұлғайту және / немесе жаңғыртуды талап ететін жұмыс істеп тұрған компанияларға; құрылымында тұрақты қаржылық көрсеткіштері бар бір немесе бірнеше операциялық компаниялар бар холдингтік компанияларға; жаңадан құрылған компания негізінде инвестициялық жобаны іске асыруға; компанияларды одан әрі іске асыру үшін жақсы дамыған құрылымы бар, оның ішінде дамыған бизнес-жоспар мен техникалық-экономикалық негіздеме, жеке қатысу және қарыз қаражатын қаржыландыру (егер қажет болса) көздері бар жаңадан құрылатын компанияларға инвестиция салу.

 Инвестицияларды мақсатты пайдалану: инвестициялық бағдарламалар мен капитал шығындарын қаржыландыру, айналым капиталын толықтыру, жобаны іске қосар алдында дайындау жұмыстарын аяқтау.

 Инвестициялар тау-кен өндіру мен ары қарай өңдеуі көзделмейтін шикізатты (пайдалы қазбалар) өткізуді қаржыландыруға; алкогольді және темекі өнімдерін шығаруды қаржыландыруға; ақшалай ұтыстары бар ойын бизнесін (азино, тотализаторлар және т.б.) қаржыландыруға; нашақорлық заттар, қару, сонымен қатар қоршаған ортаға зиян әкелетін  заттармен байланысты жобаларды қаржыландыруға бағытталмайды.

 Екінші деңгейлі банктарға қарағанда «Бәйтерек» венчурлық қоры компаниялар акцияларын (үлесін) сатып алатын болады. 2014 жылдан бастап қор 8 ірі жобаны, оның ішінде құс фабрикасы, энергетикалық компания, автоконцернді қаржыландырды. Қор капитализациясы 12,7 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыруды алу үшін компанияға жеке анкеталық деректермен өтініш, сондай-ақ бизнес-жоспарды, қаржы есептілігін және қаржы моделін жіберу керек. Ары қарай қор компанияға бағалау жүргізеді, егер мақұлданса, шарт жасалады.

  Бағдарламаның негізгі міндеті: өңірдегі өндірістік кәсіпорындардың қолданыстағы қуаттарын арттыру және жаңғырту, меншікті қаражаты жоқ бизнес бастамаларын қолдай отырып, бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер құру немесе дәстүрлі қаржыландыру көздерін тарту, өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнімнің көлемін ұлғайту, кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтуды ұлғайту.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер