astana-view

Қостанай облысында «Бастау» жұмысы қарқынды

2018 жылғы 06 Тамыз
- Қостанай облысы
6985 просмотров

Биылғы жоспардың 52% орындалды

Былтыр Қостанай облысында «Бастау» бойынша 1125 адам білім алса, биыл 2268 азамат оқытылады деп жоспарланған. Жобаның іске асырылу барысы туралы Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ақтанәли Исмаил әкімдіктегі жиында баяндады.

«Осы уақытқа дейін 1177 адам оқытылды, жоспарлық көрсеткіштің 52% орындалды. Бүгінде жалпы сомасы 429,6 млн теңгеге 174 жоба қаржыландырылды. KPI бойынша жылдық жоспардың орындалуы 38%. Тағы 363,4 млн теңге сомасында 99 жоба қаралуда», – деп хабарлады директор орынбасары Ақтанәли Исмаил.

Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікке енді қадам басқан түлектерге бизнес-жобаны бастауға көмектесіп қана қоймай, ары қарайғы сүйемелдеу жұмыстарын да атқарады. «Бастау» жобасы қолға алынғалы 220 жұмыс орны ашылып, 1,3 млн литр сүт өндіріліп, 223 тонна ет өткізіліп, 31 млн теңгеден астам сомада 17,5 мың қызмет көрсетілді.

Алайда түйткілді мәселелер де орын алған. Ол туралы Палата өкілі хабарлады.

«Қалаларда бағдарламаға қатысатын барлық банктердің несие саясатына сәйкес кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік тіркеуден өткен соң кемінде 6 айдан кейін стартап-жобалар шағын несие алады. мұның салдарынан қалаларда бизнес ашудың жоспарлық көрсеткіші орындалмау қаупі туындайды. Осыған байланысты екінші деңгейлі банктер арқылы бағдарлама бойынша несиелеуге арналған қаржыны «Атамекен Қостанай» шағын несие ұйымы арқылы қайта бөлуді қарастыруды ұсынамыз. Шағын несие ұйымы арқылы несиелеуде кәсібін енді бастаған жанға тиімді әлі икемді шарттар қойылады, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды тартуды ынталандырады», – дейді Ақтанәли Исмаил.

Тағы бір өзекті мәселе – кей аудандардағы көрсеткіштің төмендігі. Жергілікті атқарушы билік белсенді болған аудандарда нәтиже де жоғары. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамедов осыған орай аудан әкімдеріне тапсырма беріп, облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара байланысты реттеуді табыстады.

Сонымен қатар өңір басшысы «Бастау» жобасының іске асырылуына баға берді.

«Бүгінгі жиынға Сарыкөл ауданынан Антонина Козлова және Қостанай ауданынан Бибігүл Шитінбаева атты кәсіпкерлер қатысып отыр. Антонина Козлова бірнеше техника сатып алды, енді жұмыспен қамту керек. Ал Бибігүл 18 бас ірі қара малын алған, мал басын екі есе көбейтуді жоспарлаған. «Бастау» жобасы арқылы білім алды. Бұл шынайы нәтиже», – деді әкім.

Талқылауға өңірге скрининг жүргізу мәселесі де шығарылды. «Атамекен» бастамасымен іске асырылатын бұл шара халыққа қажетті тауар мен қызмет түрін агыөтап, өткізу тізбегін қалыптастырып, бизнесті дамытуға келтіретін кедергіні алып тастауға мүмкіндік бермек. Скрининг кәсібін енді бастағандарға («Бастау» жобасына қатысушыларға да) кепілдендірілген өткізу тізбегін қамтамасыз етеді.

Мұнымен қоса, шағын және орта бизнес үшін бірыңғай цифрлық платформа – Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы құрылады. Оған өңір бойынша толық сараптамалық шолу мен экономикалық мәліметтер, ауылдар мен елдімекендердің экономикалық мамандануы, өңір бойынша жобалық бастамалар (әлеуетті жобалар), ірі, орта және шағын бизнес кәспіорындарының реестрі енеді.

«Ең бастысы – скринингті есеп үшін жүргізбеу керек, – деді облысы әкімі Архимед Мұхамедов. – Кәсіпкерлерге бизнесті қай бағытта дамыту керектігіне нақты ұсыныс беру керек. Ал бізге қай бағытқа қаржы бөлу қажеттілігі анықталады».

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер