astana-view

 «Бастау» түлегі аспаздық үй ашты

2018 жылғы 07 Тамыз
- Ақтөбе облысы
6975 просмотров

«Бастау» жобасы бойынша 2017 жылы білім алған Айдана Смағұлова бизнес-нысанның құрылысын аяқтап, жақында ғана Аспаздық үйдің тұсауын кесті. Мұғалжар ауданындағы шағын қалада әзірге бәсекелестер жоқ

«Ваниль» атауының алғашқы әрпі латынның «V» әрпіне өзгертілуі бекер емес. Ол ең алдымен Victoria сөзінен жеңіс, табыс және сәттілік деген мағынаны білдіреді. Осылайша «Vаниль» атауы берілген аспаздық үй өз жұмысын бастады.

Жас кәсіпкер Айдана Смағұлова алғашқы жеңіс өзінің қорқынышын жеңуден басталғанын жасырмады. Мұғалжар ауданының орталығында жеке кәсібін ашты.

«25 жасында шағын дүкенді кез келген адам аша бермейді. Ал мен бірден Аспаздық үйден бастадым. Оның аумағы 240 шаршы метр. «Қолымнан келе ме?», «Жүзеге аса ма?» деген күмәнді сұрақтарды «Бастауда» білім ала отырып жеңдім. Оқу барысында көптеген ақпарат алып, бизнес-жсопарды қалай құру керектігін, салық есебін қалай жүргізуді, кәсіп түрін нақтылауды үйрендім», - дейді Айдана.

Адамның ұнататын ісі іс жүзінде табысты кәсіпке айналатыны дәлелденген. Айдана бала кезден-ақ дәмді, тәтті тағамдарды пісіргенді ұнатады. Аспаздық кәсіпте 10 жылдан астам тәжірибесі бар анасы Зейнегүл – басты ұстазы әрі үйретушісі.

Бизнестегі алғашқы қадамын да отбасының – жолдасы мен ата-анасының қолдауымен жасап отыр.

Жобаның құны – 16 млн теңге. Оның 4 млн теңгесі Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы берілген, қалған соманы отбасының көмегімен тапқан.

Қор арқылы алған қаржы конвекциялық пеш, сорғы, тоңазытқыш сынды жабдықтарға жұмсалған. Бизнес нысанына арналған жерді жалға алып отыр. Екі қабатты ғимараттың құрылысы былтырдан бастап жүргізілген. Екінші қабатында 60 адамға арналған банкет залы, ал бірінші қабатында – қалашықтың қонақтары мен транзитті жолаушыларға арналған аспаздық, шағын асхана жасалған.

Тәтті тоқаштар мен балкүлшеге тапсырысты осында қабылдайды. Штатта 4 адам жұмыс істейді. Айданаға анасы мен жергілікті 2 тұрғын көмектеседі. Жас кәсіпкер алғашқы жұмыс аптасы болса да сұраныс жоғары екенін атап өтті. Алда тапсырыс көлемін ұлғайтып, дайындалатын кондитерлік өнімнің да түрін көбейтпек.

Айдана «Бастау-2017» жобасының 4-легінде білім алған. Былтыр қазан айында оқуды аяқтап, қарашада несие траншын алған. Содан бері жұмысқа кіріскен.

«Өзіңе сену керек. «Атамекенге» осындай бағдарлама үшін алғыс айтамын. Бұл ауыл тұрғынарына, ауыл жастарына көрсетілген қолдау. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалымен бірге жұмыс істеуді жалғастырып отырмын. Заңдық, салық, бухгалтерлік мәселелер мен есептерге кеңес алып отырмын, оның үстіне барлығы да тегін көрсетіледі. Негізгі мамандығым математика және информатика пәнінің мүғалімі. 3 жыл мектепте жұмыс істедім. Өмірім осылайша күрт өзгереді деп кім ойлаған», - дейді кәсіп иесі.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Мұғалжар ауданында «Бастау» жобасымен 344 адам білім алған. Оның ішінде 59 азамат қаражат алып, кәсіп бастады.

Биыл аудандағы 315 тұрғынды оқыту, оның ішінде 63 жобаны қаржыландыру жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер