«Бастау» жобасының түлектері газ құю станциясын, токарь цехын және құс фермасын ашпақ
«Бастау» жобасын тәмамдаған 70 түлек бизнес-жоспарларын облыстық комиссия алдында қорғады. Жоба ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік негіздерін оқытуға бағытталған 1 айлық курстан тұрады. Бұл- биылғы жыл бойынша кәсіп жоспарларын қорғап отырған 3-топ.
Жалғас Құмаров - көп жыл кеден саласында қызмет атқарған, Қарғалы ауданының Бадамша елді мекенінің тұрғыны. Ол комиссияға ұсынған бизнес-жобасында көрсеткендей «Ақтөбе-Орск» тас жолының бойында орналасқан «Әлімбет» өткізу пункті маңына газ құю станциясын салуды жоспарлайды. Есебінше, бұл жолмен көлік көп өтетін болғандықтан, бизнес табысты болуы тиіс.
«Автокөліктердің санының көбеюіне байланысты бұл салаға байланысты бизнес түрінің барлығы пайда әкеледі деп есептеймін. Әсіресе, қазір бензин бағасының қымбаттауына байланысты газ саудасы қызып тұр. Жергілікті билік те жанар-жағар майды үнемдеу мақсатында көліктердің газбен жүруге көшуін құптап отыр. Сондықтан бұл жобамды іске асыруда қиындық болмайды деп ойлаймын»,-дейді «Бастау» жобасының тыңдаушысы Жалғас Құмаров.
Комиссия мүшелері оған газ станциясының құрылысына қажетті жер учаскесін алу мәселесі жөнінде сұрақ қойды. Болашақ кәсіпкер жер алуға өтінішті Қарғалы аудандық жер бөліміне және Қазавтодор РМК өтініш бергенін, бүгінгі күні қаралып жатқанын айтты.
«Бастау» жобасының тағы бір қатысушысы, Байғанин ауданының тұрғыны Жасарбек Құрмашев Қарауылкелді ауылында токарь цехын ашпақ. Айтуынша, ауыл тұрғындары кәсіби токарь қызметіне зәру. Жоба мақұлданған жағдайда Ауылшаруашылықты қолдау қорынан несиеге 1 000 000 теңге көлемінде қаржы алмақ. Бұл сома цехқа қажетті барлық құралдарды алуға жетпейді. Мұнан көп қаражат алуға Жасарбектің кепілзатқа қоятын құнды мүлкі аз болып тұр. Кәсіпкер бастапқы уақытта көрсетілген сомаға бұрын қолданыста болған станоктарды сатып алып, кәсіп бастамақшы. Болашақта бизнесі жүріп жатса, бұдан үлкен сомаға тапсырыс бермек.
Ауыл кәсіпкерлері үй құстарын өсіру ісіне де қызығушылық танытып отыр. Нарықта үйрек, қаз, күркетауық етіне сұраныс жоғары көрінеді. Денсаулыққа пайдалы болғандықтан мұндай құс еттері елімізде көптеп қолданыла бастады. Дұрыс күтім көрсетіп, өсіре алған жағдайда құс етін алыс-жақын шетелге сатуға болады. Мұндай жобаларды Қарғалы және Хромтау ауданының шаруалары жүзеге асырмақ.
Әр ауданнан келген жоба қатысушылары мал шаруашылығын дамытып, азық-түлік дүкендерін, әсемдік салонын, тігін цехын, шаштараз ашуға байланысты бизнес-жоспарларын ұсынды. Олардың арасында жол бойындағы қызмет көрсету саласын өркендетіп, асхана, суши, такси қызметімен айналысқысы келетіндер бар екен. Комиссия мүшелері олардың осы қызметтермен айналысуға арнайы құжаттарының бар-жоғын тексеріп, қаржылық сауаттылығын анықтауға арналған сауалдар қойды. Бизнес-жоспарын қорғауға келген ауыл тұрғындары «Бастау» жобасына қатысып, кәсіп ашудың қыр-сырын үйренгендерін айтады. «Бастаулықтар» жоба болмағанда кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы білмеген де болар едік десті.
Айтып өтсек, бизнес-жоспарларын сәтті қорғаған «Бастау» жобасының түлектеріне «Ауылшаруашылықты қолдау қоры» арқылы 54 айдан көп емес мерзімге 6 % несиелеу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, олардың Несие серіктестіктері және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізуге мүмкіндіктері бар.
«Бастау» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында жүзеге асырылуда. 2018 жылы барлығы 2 231 адам оқытылып, олардың ең кемі 446 –сы жеңілдетілген несиеге ие болады деп күтілуде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: