astana-view

Пайдалы «Кеңес»! Маңғыстаулық кәсіпкерлердің мәселесі оң шешілді

2018 жылғы 10 Тамыз
- Маңғыстау облысы
7496 просмотров

Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Кеңес Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне әділ шешімдер іздеп және оның жүйелі шешілуіне ат салысып келеді.  

Осы жылдың басынан бері Кеңестің 6 отырысы өтіп, онда 17 түйіткілді мәселе талқылады.Онда қаралған мәселелер қиындық туындаған іскердің ғана емес, сол салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің барлығына оң әсер етеді.

«Мәселенің маңыздылығына қарай Кенес облыстың атқарушы органдары басшылары мен мүдделі мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен көшпелі отырыс өткізеді. Жиналыс қорытындысында тиісті шешімдер қабылданып, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапты лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар жасалады», –  дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әмірғали Жанаев.

Мысалы, 2018 жылдың 30 наурызында өткен Кеңестің көшпелі отырысында «Банк Центр Кредит»  АҚ директорының жер тіркеу кезінде Ақтау қаласы лауазымды тұлғаларының заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты өтініші қаралған.  Оның нәтижесінде Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне ұсыныс жіберілді.  Осы жылдың 7 маусымында Әдеп жөніндегі кеңес  «Ақтау жер қатынастары бөлімі» ММ басшысына «ескерту» түрінде тәртіптік шара қолданды.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Кеңестің төрағасы Шымбай Сұлтановтың айтуынша, облыс әкімі орынбасарының,  мүдделі мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен өткен кеңестің көшпелі отырысында мемлекеттік сенімгерлік басқару туралы келісімшарттағы заңсыздықтар қаралған.  «TS Construction» ЖШС мен «Облыстық білім басқармасы» ММ арасында балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу шартымен  сенімгерлік басқаруға беру туралы келісім жасалады. Бұл мәселені қарастырғанда, екеуара шартта олқылықтар мен кемшіліктер анықталып, заңбұзушылықтарға жол берілгені белгілі болды.

Осылайша, келісімшарт талаптарына сәйкес, жеке серіктес мемлекеттік емес мекеме сараптамасының қорытындысын алып, нысанды пайдалануға беруі тиіс болған. Құзырлы мекемелер жобалау-сметалық құжаттамаға қорытынды беруден бас тартады. Сөйтіп жобаны іске асыру үшін кедергілер көбейген. Кеңестің араласуымен мәселе оң шешілді. Мұндай игілікпен аяқталған жайттар жетерлік.

Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған кәсіпкерлер құқығын қорғау және  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесі өңірдегі бизнес өкілдерінің мүддесін қорғау, туындаған күрделі мәселелердің түйінін шұғыл шешу үшін жұмыс істейді. Оның құрамына облыстық прокуратура, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент, табиғи монополияларды реттеу агенттігі өкілдері мен заңгерлер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері енеді.

Кәсіпкерлер палатасына іскерлерден келіп түскен әрбір өтініш мұқият зерттеліп, олардың ішіндегі ең өзектісі Кеңеске талқылауға шығарылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер