astana-view

Қызылордада «Атамекеннің» бастамасы нәтижесін бере бастады

2018 жылғы 22 Тамыз
- Қызылорда облысы
4177 просмотров

Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын «Халық банк» АҚ кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қыз-келіншектерге 5 пайыздан бастап 7 жылға дейін жеңілдетілген несие беретіндігін хабарлаған болатынбыз. Міне, облыста алғашқы нәтижеге де қол жеткізілді.

         Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова хабарландыру берілген бір айдың ішінде 15 облыстың қыз-келіншектері өтініш беріп, алғашқы жоба да қаржыландырылғанын жеткізді.

«Жақында облысқа қарасты Қармақшы ауданы, Төретам кентінің кәсіпкері Айнұр Бермағанбетова «Халық банкінен» 10 млн.теңге несиеге қол жеткізді. Айнұр 6 жылдан бері кәсіппен айналысып келеді. Балабақшасы бар. Енді автобус сатып алып, бизнесте жаңа бағытты бағындырмақшы», - дейді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова.

«Іскер әйелдер кеңесінің «Халық банкпен» жасаған меморандумының нәтижесінде біз секілді кәсіппен айналысатын, айналысқысы келетін қыз-келіншектерге жеңілдетілген несие беретіндігін естіп, құжаттарымды әзірледім. Банктің Байқоңыр қаласындағы филиалына құжаттарымды өткіздім. Құжаттарды жинақтауға бір апта уақыт кетті. Екі аптадан кейін банктен өтінішімнің қанағаттандырылғандығын хабарлады. Аз ғана мерзімде қаржылық қолдауға ие болғаныма қуаныштымын. Бұл бастаманың басы-қасында жүрген Іскер әйелдер кеңесіне айтар алғысым шексіз. Бұл қаржы кәсібімді әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді деген сенімдемін», - дейді кәсіпкер Айнұр Бермағанбетова.

         Айта кету керек, Астана қаласында өткен «Атамекен» ҰКП-ның  V Съезі аясында республикалық Іскер әйелдер кеңесі әйелдер кәсіпкерлігін қаржылай қолдау үшін Еуразиялық Топпен (ERG) және Қазақстан халық банкімен меморандум жасаған болатын. Нәтижесінде Халық банк осы жылдың өзіне қыз-келіншектер кәсіпкерлігін қаржыландыруға 1 млрд.теңге бөлді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер