astana-view

Қызылорданың тәжірибесі республика көлемінде енгізілетін болды

2018 жылғы 27 Тамыз
- Қызылорда облысы
3570 просмотров

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов аймақ басшысының қатысуымен өткен тамыз мәслихатында айтты.

«Бүгінгі Сіз бен біз өмір сүріп жатқан жаһандану заманында, адамның атқарар тірлігін роботтар жасай алатын деңгейге келген кезеңде маман дайындау, адами капиталдың әлеуетін арттыру мәселелері күн тәртібінде алдыңғы қатарға шығуда», - дей келе соңғы жылдардағы модернизация білім саласын да қамтуда екендігін, бүгінде балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін жаңғыртылып жатқандығын айтты.

«Әрине, адами капитал сапасы – мемлекеттің дамуының кепілі екендігі, айтпаса да белгілі. Бүгінде білім саласы қарқынды түрде дамуда және кәсіпкерлік саласы оның негізгі драйверіне айналып отыр», - деп жалғастырды Палата директоры тамыз мәслихатындағы хабарламасын.

Бұдан әрі Ғалымбек Жақсылықов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан маман әзірлеуде, жалпы адами капиталды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын, бірінші кезекте бұл мемлекеттік органдармен бірлескен «Дуалды оқыту жүйесінің Жол картасы», «Кәсіптік бағдар беру жұмысының Жол картасы», мектептерге жаңадан енгізіліп жатқан «Кәсіпкерлік негіздері» пәні т.б. бағдарламалар екендігін жеткізді.

Айта кету керек, 2014 жылдан бері Палата облыстық білім басқармасымен бірге қаладағы № 9 мектеп-гимназиясында «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін пилоттық режимде жүзеге асырып келген болатын. Бұл жоба республика көлемінде тұңғыш рет Қызылорда облысында қолға алынды. Пилоттық жобаға алынған № 9 мектеп-гимназиясының белсенді оқушылардан жасақталған «Атамекен» мектеп компаниясы республикалық, облыстық экономикалық олимпиадаларға, бизнес-идеялар байқауларына, көрмелерге қатысып, жоғары нәтижелер көрсетуде. 2017 жылы 19-23 ақпан аралығында Жапония астанасы Токио қ. өткен «JA Asia Pacific Company» халықаралық байқауға Қазақстан Республикасынан жолдама алып қатысқан жалғыз компания да қызылордалық «Атамекен» болды.

Мұнанөзге, мектеп  мұғалімдерін әдістемелік даярлау мақсатында жыл сайын Палата түрлі оқыту семинарларын, біліктілікті дамыту курстарын, бизнес-идеялар жәрмеңкелерін ұйымдастыруда. Осы жұмыстың нәтижесінде облыстың 35 мектебінде 5-10 сыныптар бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» факультативтік пәні  енгізілді.

Енді тұңғыш рет Қызылорда облысында басталған бұл жоба өміршеңдігін дәлелдеп, республика көлемінде Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасымен қолға алынды. Пилоттық жобаны Білім және ғылым министрлігі толықтай қолдап, былтырғы оқу жылында 10 сыныптарға арналған бағдарлама 16 пилоттық мектепте апробациядан өтті. Биыл 2018-2019 оқу жылында «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» пәні республика көлемінде 16 мектептің 11 сыныптарында апробациялау жоспарланған. 2019-2020 оқу жылы осы пән еліміздің барлық мектептерінде енгізілетін болады. 

«Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің бағдарламасын әзірлеуде халықаралық тәжірибе кеңінен зерттеліп, «Бастау» жобасының нәтижелері пайдаланылды. Бағдарлама интербелсенді және геймификация және бизнес-кейстерді зерделеу қағидаларына негізделген. Бағдарламаның мазмұны  40% теориядан, 15% бизнес-кейстерден, 45% ойын түрінде берілген практикалық тапсырмалардан құрылған.

Палата директоры хабарламасында «Неге геймификация?- деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі кәсіпкерлік – ол тарих немесе математика емес. Кәсіпкерлік – ол әрекет, оны тек тәжірибе арқылы түсініп, үйренуге болады. Бағдарламаны құрастырған кезде біз алдымызға оқытылатын балалардың барлығынан кәсіпкер жасауды мақсат тұтқанымыз жоқ. Біз жастардың кәсіпкерлік ойлау қабілеттерін дамытуды мектеп қабырғасынан бастауды көздеп отырмыз», - дейді.

Тамыз мәслихатында Ғалымбек Жақсылықов Палатаның ұйымдастыруымен облыс жастарын мамандыққа бейімдеу мақсатында жыл сайын 5000-ға жуық мектеп оқушылары және балалар үйінің тәрбиеленушілері кәсіпорындарға   кәсіби бағдар беру экскурсияларына қатысып, осы кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып жатқандығын, сондай-ақ, «Кәсіби маманмен сұхбат» жобасы аясында Палата аймақ кәсіпкерлері мен кәсіпорындардың жетекші мамандарын оқушылармен кездестіріп, саланың қыр-сырымен таныстыру шараларын ұйымдастырылуда екендігін айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер