astana-view

«Еңбек» – іскер нәсібі

2018 жылғы 23 Қыркүйек
- Маңғыстау облысы
4481 просмотров

«Еңбек» – әлеуметтік жоба

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында  «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру жөніндегі комиссия 3 күн бойы кәсіпкерлердің жоспарларын жеке-жеке талқылады. Маңғыстау облысына межелі 50 грант бөлінген. Әрбір іскерге 100 АЕК, яғни 240 500 теңгеден аспайтын қаражат берілмек. Қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізуге облыстағы Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған, Бейнеу, Мұнайлы аудандары мен Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан 68 қатысушы ниетті.

Қатысушылар әлеуметтік жағдайы нашар, яғни мүгедектігі, жарымжан балалардың асыраушылары, көпбалалы, толық емес отбасы, оралман және жұмыс көзін көптеп ашуы жағынан сараланды. Әр қатысушыға өз бизнес-жобасының тиімділігін дәлелдеу үшін жеке-жеке уақыт беріліп, комиссия алдында қорғауға мүмкіндік жасалды.

Балзира Ерманова Түпқараған ауданының Сайын ауылынан кондитер цехын ашуды жоспарлап отыр. Көп балалы ана. Перзенттерінің бірі жарымжан.

«Қазір тапсырысты үйде қабылдап отырмын. Тәтті тоқаштардың, торттардың әр түрін пісіріп, табыс тауып келемін. «Еңбек» бағдарламасы арқылы 240 мың теңге алуды армандаймын. Ол қаржыға өнімдерді пісіретін заманауи пештер мен құралдар алуды ойлап отырмын. Өзім сияқты ерекше балдары бар аналарды жұмыспен қамтығым келеді», – дейді ол.

Ал, Шәрбану Абибуллаева грантқа тренажер залын ашып, оған қажетті жаттығу құралдарын алғысы келеді екен. Оның айтуынша, 2-топ мүгедектігіне қарамастан, еңбек етіп, табыс табуды көздейді. «Бастау» арқылы білімін жетілдірген. Ақшұқыр ауылынан ашқалы отырған тренажер залы әйелдер мен жасөспірімдерге арналмақ.

Алты баланың анасы Әлия Нұрманова Форт-Шевченкодан тігін цехын ашуды көздеп отыр.

«240 мың теңге грант сұрадым. Тігін машиналар алып, қыз жасауын тігіп, қолөнерді жалғастырсам деп едім. Айына бір қыздың жасауы, бірнеше көрпе-жастықтарымен, перзантханада жаңа туған сәбиді орайтын 2-3 көрпе тігіп отыру жоспарымда бар. Сөйтіп 6 баламды бағып, жеткізгім келеді», – дейді Әлия.

Бағдарлама қатысушыларының бағыты сан түрлі. Фотосалон, сұлулық салоны, оқу орталығы, наубайхана, тігін цехы, жиһаз жасау, тренажер залы, дәнекерлеу ісі, ұялы телефон мен көлік жөндеу сынды салаларды құрайды.

Комиссия төрағасы Серік Ғұсман:

«Бұл әлеуметтік жоба. Қайтарымсыз қаражат екені рас. Оның жауапкершілігі зор. Арнай комиссия белгіленген уақытта алынған жабдықтар мен кәсіпкердің ісіне бақылау жасап кетеді. Өйткені қаржы мақсатты жұмсалуы қажет. Кәсіп сөз жүзінде ғана қалып, қаражатты жымқыру мүмкін емес».

«Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының берері мол. Еңбек нарығында қалыптасқан проблемаларды шешу және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдау мақсатында Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2016 жылғы 9 қыркүйекте Үкімет алдына жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде міндет қойды. Жұмыспен қамту және еңбекақы төлеу, адами капитал сапасын арттыру саясатын жаңғырту, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету «Қазақстан-2050 Стратегиясына және Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес даму басымдықтары ретінде айқындалған.

«Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті және дағдыларды меңгерудің тиімді жүйесін, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағытталып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер