astana-view

«Атамекен» рейтингі төмен үш жоғары оқу орнын атады

2018 жылғы 03 Қазан
18013 просмотров

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Олжас Ордабаев пен ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұловтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында еліміздегі ЖОО рейтингі таныстырылды.

ЖОО рейтингі «Атамекен» ҚР ҰКП мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жұмысы аясында жасалды.

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша «Атамекен» рейтингте қандай жоғары оқу орындары бекітілгенін анықтады. Мәселен, Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университеті 7 рейтинг қорытындысы бойынша 7 рет, Орталық Азия университеті 25 рет, М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті 41 рейтингтен 23 рет соңғы орындарға ие болды.

Олжас Ордабаев аталған көрсеткіштерге назар аудару керектігін және бұл Білім және ғылым министрлігінің ұсынымдарында көрініс табатынын атап өтті.

Мамандықтар бойынша сапасы, өзектілігі және қазіргі заман бойынша ең жоғары баллдар көрсеткен ЖОО бар, олар: Нархоз университеті, ҚБТУ, Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті.

Екінші кезең келесі критерийлер бойынша тексеруден өткен 31 мамандықты қамтыды: жұмысқа орналасқан түлектердің пайыздық мөлшері және орташа жалақысы, бағдарламалардың өзектілігін бағалау, сондай-ақ бітірушілерге сауалнама жүргізу нәтижелері және сарапшыларды бағалау.

«Екінші кезеңде оқуға түсушілер жиі таңдап алатын танымал мамандықтарға баға берілді. Бұл заңтану, туризм, қазақ тілі мен әдебиеті. Сондықтан рейтинг жоғары оқу орындары үшін де, талапкерлер үшін де пайдалы болады», - деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұлов.

Бағалау нәтижесі бойынша жұмысқа орналасқандардың жоғары пайызын «Металлургия» мамандығының түлектері құрайды - 80%, жұмысқа орналасқандардың орташа еңбекақысы -147 мың теңге.  Сонымен қатар, «Бағалау», «Информатика» мамандықтары жоғары орындарда. Қазақ технология және бизнес университетінің «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және құрастырылуы» мамандығы ең төмен жалақы төленетін мамандықтардың қатарында, орташа жалақы – 38,5 мың теңге.

Олжас Ордабаев 3-тен 5-ке дейін ғана түлегі бар «Логистика», «Агрономия» мамандықтарын атады.

««Атамекен» ұсынымдарында міндетті түрде аталған білім беру бағдарламаларына назар аударады. Студенттер саны аз мамандық бойынша білім беру қаншалықты орынды? Жоғары оқу орындары өздерінің «дәстүрлі» мамандықтарына көңіл бөліп, нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар даярлау мен оқытуға мән беру керек», - деді Олжас Ордабаев.

Сарапшылар түлектердің 60% - ға жуығы мамандық бойынша жұмысқа орналаспайтындығын атап өтті.

Тәуелсіз сарапшы Жарқын Байпақбаев «Автокөлік және логистика» мамандығы бойынша зерттеулер жүргізіп, бағалаған. Сарапшы бағдарламалар көбінесе жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейтінін тілге тиек етті.

«Бірінші кезекте біз білім беру бағдарламасының өзектілігіне, мазмұнының тереңдігіне және мақсатты тағайындалуына назар аудардық. Жақын арада нарықта логистерге сұраныс болады. Бағалау нәтижелері бойынша кейбір ЖОО-да құжаттар толық емес, силлабустар жоқ, каталогтар, элективті пәндер бойынша ортақ мақсаттар жоқ, сағаттар тиімсіз есептелген. Мысалы, «Коммерциялық логистика» және «Жабдықтау логистикасы» пәндері бойынша кредиттер саны мен бағдарламалардың мазмұны бірдей», - деді Жарқын Байпақбаев.

Сонымен қатар, Жарқын Жеңісұлы ЖОО-да тәжірибелік кейстерді талдау, жұмыс берушілермен байланыс және кәсіпорындармен бейнеконференция жоқтығын айтты. Бір оқытушының құзыреттілігіне сай келмейтін пәндер саны кейде 16-ға дейін жетеді, бұл білімнің сапасына әсер етеді.

Естеріңізге сала кетейік, бірінші кезеңде 784 білім беру бағдарламасына баға берілді, қыркүйекте сарапшылар тағы 681 бағдарламаны бағалады. Бағалау жұмысына барлығы 430 сарапшы тартылды, 2016-2017 оқу жылында ЖОО бітірген 6 000-нан астам түлек сауалнамаға қатысты.

Жыл соңына дейін «Атамекен» тағы 29 мамандық бойынша рейтинг шығарады. ЖОО рейтингтерімен толығырақ atameken.kz және ҚР БҒМ ресми сайттарынан танысуға болады


Еншілес ұйымдар

Серіктестер