astana-view

Қайырымдылық – адамдықтың бастауы

2018 жылғы 12 Қазан
- Ақтөбе облысы
4217 просмотров

Қаламызда еліміз бойынша бірегей жоба саналатын «Сәби» қайырымдылық қорының бастамасымен салынған «Мейірім» әлеуметтік бейімделу орталығының жұмыс істей бастағанына жылға жуық уақыт болды.

Бүгінгі күні орталықта 16 мен 29  аралығындағы  ата-ана қамқорлығынсыз қалған 102 бала мен Жасөспірімдер үйінің түлектері тұрады.  Заманауи үлгіде жабдықталған 5 корпустан құралған таунхаустарда демалысқа, спортпен шұғылдануға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Орталықта тұратын жастар өздері тамақ әзірлеп, үй жинау, коммуналдық төлемдер төлеу секілді тұрмыстық қажеттіліктерді өздері жасайды. Бүгін «Мейірім» үйінің жұмыс барысымен танысуға оның құрылтайшыларның бірі, меценат, «Сәби» қорының президенті  Әсел Тасмағамбетова арнайы келді. Бейресми кездесуге Кәсіпкерлер палатасының, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшылары, жұмыспен қамту бөлімінің мамандары және «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының» төрайымы Құралай Бәйменова қатысты.

«Қазақстанның әрбір жас азаматы қамқорлыққа лайық. Біз бұл орталықты салған кезде ата-анасыз, панасыз қалған жастарға қолдау беріп, олардың өмірге бейімделуіне жағдай туғызуды мақсат тұтқанбыз.  Бүгінгі күні оларды кәсіпке баулып, қоғамның бір мүшесі болуға, өмірден өз жолдарын табуға мүмкіндік беруге тырысып жатырмыз. Басты ниетіміз жетім балаларға көмек беру болғандықтан, орталықтың әрбір баласына алаңдаушылық білдіреміз», – деді Әсел Иманғалиқызы.

Басқосуда сөз болған ең маңызды мәселе-орталықтағы жастарды жұмыспен қамтып, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне жағдай жасау жолдары болды. Осы мақсатта орталықта жастардың өз бетімен кәсіп үйреніп, мамандық игерулеріне арналған тігін ательесі, әсемдік салоны мен етік тігетін шеберхана секілді арнайы цехтар жұмыс жасайды. Онда тәжірибелі мамандар жастарға кәсіп жасаудың қыр-сырын үйретеді. Дегенмен, орталықта тұратын жастардың 70 пайызы ер балалар болғандықтан, аталған цехтарға деген сұраныс аз. Қыз балалар жұмыс жасайтын тігін цехы мен әсемдік салонының қызметтерін пайдалану мен сату бойынша да қиындықтар бар. Сондықтан, орталықтағы барлық құралдармен жабдықталған өндіріс орындарына басшылық етуге кәсіпкерлердің көбі бара бермейді.

«Бүгінгі таңда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бұл аудандарда қандай қызметтердің сұраныста екені жөнінде талдау жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтқым келеді. Осы талдаулардың қорытындысы бойынша цехтарды қайта бейімдеу қажет болатын болар. Біз өз тарапымыздан ниет білдірген жастарды кәсіпкерлік негіздеріне үйретуге әзіріміз. Кәсіп ашамын дейтін жастарға Палата әрдайым қолдау білдіреді»,-деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жаңаайым Келбатырова.

Сонымен қатар, палата бүгінгі күні цехтерге жетекшілік етіп отырған кәсіпкерлердің тізімін жасақтауға көмектесіп отыр. Айталық, тігін цехын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанындағы «Ақтөбе тігіншілер мен дизайнерлер қауымдастығының» төрайымы Ағила Жанғазиева қамқорлыққа алды. Әсемдік салонына «TA Barbershop» шаштараз қызметінің басшысы Толағай Таужанов иелік етіп, орталықтың тұрғындарына қызметінің қыр-сырын үйретуде. Етікші цехында қызмет ету үшін 2 жасөспірім «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Блеск» шеберханасында тәжірибеден өткен.

 «Мұнда кәсіпкерлігін қайырымдылықпен ұштастырған басқа да іскер жандар келіп, ғимараттың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, балаларға өз білімдерін үйрететін болса, құба құп,– дейді «Мейірім» оңалту орталығының директоры Жанна Дүйсенбина.

Жиында сондай-ақ, аталған цехтардың өнімін өткізу мәселесі сөз болды. Бұған Ақтөбе облысының  білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева көмек қолын созатын болды. Жұмыспен қамту орталығының мамандары да жастарды жұмысқа тартуға ықпал етіп келеді. «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының» төрайымы Құралай Бәйменова болса, орталыққа ата-ана қамқорлығынсыз қалған мүгедек балаларды орналастыру туралы тілегін айта келіпті. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың да осындай ерекше орталықтың игілігін көргенін қалайтынын жеткізді. Орталықтың негізін қалаушылардың бірі Әсел Тасмағамбетова оның бұл ұсынысына оң баға беріп, мүмкіндігі шектеулі жандармен бір жерде тұру жастарды мейірімділік пен ізгілікке тәрбиелейтіне сенім білдірді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер