astana-view

«Бизнесті құтқару қызметі» Study Club  ЖШС-ға жедел көмек көрсетті

2018 жылғы 15 Қазан
- Астана қаласы
2969 просмотров

Мобильді топ кәсіпкер әйелге жедел қолдау көрсетті.

Кәсіпкердің айтуынша ол екі есігі бар тұрғын емес үй-жай (паркинг арқылы және инженерлік желілері бар техникалық үй-жай арқылы көшеге шығатын есігі бар) сатып алып, онда оқу орталығын ұйымдастырады. BI-Service сервистік компаниясы тұрғындардың шағымдары бойынша техникалық үй-жай арқылы көшеден кіретін есікті жауып тастапты. Оның алдында орталыққа паркинг арқылы кіру жолы да шектелген-тін. Салдарында кәсіпкерге тиесілі ғимарат оқшауланып қалған.

«Осы жылдың мамыр айында мен 27 шаршы метрлік ғимаратты банк арқылы ипотекаға сатып алдым. Банк  ол кезде «тұрғын емес үй-жай» ретінде мақұлдады және ресімдеді. Құжат бойынша, кеңсеге кірудің екі жолы бар: паркинг пен техникалық үй-жай арқылы. Үш ай  бойы кеңсенің ішіне ғана емес техникалық үй-жайға түгелдей жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Қызмет көрсетуді бастағаныма бар болғаны бір ай толды. Тұрғындар, сервистік компания тарапынан арыз-шағымдар түсе бастады. Кеңсеге кіретін екі есікті де жауып тастады. Ал бүгін таңертеңнен электр жарығын өшірді, су, жылу тоқтатылды. Менімен ешкім сөйлескісі келмейді, тар-қапаста отырып қалдым. «Атамекеннің» арқасында сервистік компаниямен тілдесіп, белгілі бір мәмілеге келіп жатырмыз»,-дейді  Study Club  ЖШС директоры Сандуғаш Байсадықова.

Сервистік компанияның инженері техникалық үй-жайға кеңсе салу адамдар үшін қауіпті екенін түсіндірді. Себебі онда  жылу трассасы, инженерлік жүйелер орналасқан, сонымен қатар тұрғын үй кондоминиумына  жататындықтан тұрғындардың жалпы меншігі саналады.

«Кәсіпкердің көтеріп отырған мәселесін жан-жақты тыңдаған соң сервистік компанияның өкілдерімен және тұрғындардың бастамашыл тобымен кездестік. Ұзаққа созылған келіссөздерден соң бір мәмілеге келдік. Электр жарығы қайтадан қосылды. Техникалық үй-жайға көше арқылы кіретін есік кәсіпкер дүйсенбі күні клиенттері үшін таныстырылым жасағанға дейін ашық болады. Сондай-ақ сервистік компания кеңсеге паркинг немесе техникалық үй жай арқылы кіруі үшін тұрғындармен жалпы жиналыс өткізетініне уәде берді»,-дейді Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасының эксперті Нұржан Букин. 

25 қазанда өтетін жалпы жиналысқа тұрғындар, BI Service сервистік компаниясының басшылығы мен өкілдері, сол сияқты кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері қатысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер