astana-view

«Бастау» жобасы бойынша грант алуға өтініштер қабылдануда

2018 жылғы 23 Қазан
- Ақтөбе облысы
5145 просмотров

«Бастау» жобасына қатысушылардың бизнес-идеяларын жарыққа шығару үшін тағы бір мүмкіндік берілмек.

Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында аталған бағдарлама бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыған азаматтардың бизнес-жобаларын жүзеге асыру үшін бір реттік грант бөлу жұмыстары басталды. Жобаға, сондай-ақ, КТБ және қысқа мерзімді қайта даярлау курсынан өткен бұрын мемлекеттен қаржылық қолдау шаралары арқылы жеңілдетілген несие алмаған жұмыссыздар мен өзге елден көшіп келген оралман отандастарымыз қатыса алады. Грант жаңа идеяларды жүзеге асырумен қатар бұрын жүргізіліп отырған кәсіп түрін қайта жандандыру мен жетілдіруге қажетті құрал-саймандар алу үшін беріледі. Төлем бюджеттік қаражат есебінен бөлінеді және оның көлемі 100 АЕК құрайды.

Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар аймақтық өтініштерді қарау туралы комиссияның шешіміне сай белгіленеді. Комиссия құрамын әр облыстағы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жасақтайды. Оған Кәсіпкерлер палатасынң сарапшылары, мемлекеттік органдар, жергілікті еңбек инспекциясының мамандары, әртүрлі бизнес қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енген.

«Ережелерге сай бір реттік материалдық көмек «Бастау» жобасы бойынша сертификат алған немесе қысқа мерзімді курстардан өткен, жұмыссыз жүрген және кәсіпкерлік бастамалары бар адамдарға тағайындалады. Сондай-ақ, мұндай төлем қандай да бір мемлекеттік қаржыландыру арқылы көмек алмаған жұмыссыз жандарға да беріледі. Комиссия жобалардың тиімділігіне, күнделікті өмірде қолданыс табуына баса назар аударады және олардың жүзеге асырылуын бақылауда ұстайтын болады», – деп нақтылады Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанайым Келбатырова.

Бүгінгі күні комиссияға өз жобаларын Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би, Алға, Байғанин, Мұғалжар, Мәртөк, Қарғалы аудандарынан 57 адам ұсынып, оның 39-ы өң баға алып үлгерді. Комиссия олардың жобаларын өміршеңдігі, тиімділігі және жылдам жүзеге асырылуы тұрғысынан баға берді. Жоба «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының» бірінші және екінші бағыттары бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Бір реттік грант алуға қатысу үшін үшін жергілікті жерлердегі аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімдеріне барып, тіркелу керек. Грант алуға келесі өтініштерді қорғау қараша айының басында өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер