astana-view

Жекеменшік балабақша иелеріне арналған шеберлік сабағы өтті

2018 жылғы 24 Қазан
- Ақтөбе облысы
6042 просмотров

Бүгінгі күні жеке балабақшаларға ата-ана төлейтін төлемақы мемлекеттік бала-бақшалармен теңестірілді.

Бұл үшін жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беріліп, бюджеттен қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, мектепке дейінгі жеке мекемелер «Жұмыспен қамту-2020», «БЖК-2020» секілді мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Алайда, олардың көбінде материалдық мәселелермен қатар, балаларды тәрбиелеумен тікелей айналысатын мамандардың біліктілігін арттыру проблемасының кездесетінін жасырын емес. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы жекеменшік балабақшалар иелеріне ақпараттық және білім беру бағытының жұмысын күшейтуге ниет білдіріп отыр. Іс-шаралардың жалпы жоспары аясында Ақтөбе қаласында және жақын маңдағы ауылдарда орналасқан жеке мектепке дейінгі мекемелердің иелері үшін бизнес-таңғы асы ұйымдастырылды.

«Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында 90-ға жуық жеке балабақша әрбір балаға мемлекеттен қаражат алады. Дегенмен олардың арасында бала саны аз бала-бақшалар материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша қаражаттың жетіспейтіндігін айтады. Әсіресе, мұндай мекемелерде мамандардың жиі ауысуы секілді проблемалар бар. Осы мәселеге ықпал ету мақсатында біз бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз», – дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлмира Қазмұқамбетова.

Кәсіпкерлерге  арналған оқыту семинарын филология ғылымының кандидаты, талдамалы психология бағытында жұмыс жасайтын халықаралық деңгейдегі психолог Сәуле Есқазина және «Бастау» жобасының бизнес-тренері Гүлнар Сейітжаппарова жүргізді. Кәсіпкерлермен еркін сұхбат түріндегі әңгіме «Қызметкерлерді басқарудың заманауи әдістері, ынталандыру және қазіргі заманғы тәрбие жұмыстарын жүргізу» тақырыбы төңірегінде өрбіді. Оларға жеке балабақшалардың жұмысын жақсарту үшін клиентке, яғни ата-аналардың талап-тілектеріне бағытталу, күнделікті күн тәртібін балалардың жас ерекшеліктеріне сай құру, кризистік жағдайларды еңсеру сияқты дағдыларды меңгеру әдістері туралы айтылды. Сондай-ақ, жеке балабақшаларды басқару, қызметкерлерді ынталандыру шаралары, міндеттерді бөлісу, өзара тіл табысу құпиялары сөз болды. Негізгі тақырып, жеке бала-бақшаларға баратын балалардың физикалық және психологиялық тәрбиесін  дұрыс ұйымдастыру мәселелері болды.

«Жеке балабақшалардың мемлекеттіктен айырмашылығы жоқ деуге де болады. Талап бірдей, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудан өтіп тұрамыз. Алайда қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша осындай семинарларды ақылы өтеміз. Бүгінгі кездесуді ұйымдастырған  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғыс білдіреміз. Көп қажетті мәліметтер алдық», – дейді «Ботақан» жеке балабақша иесі Әлия Жалғасбаева.

Семинар барысында мемлекеттік емес бала бақшалардың иелері өздерін толғандырған сұрақтар бойынша жауап алды. Олардың айтуынша, мұндай бала-бақшалардағы маман тұрақтамауының тағы бір себебі, жекеменшік мекеме қызметкерлерінің түрлі мемлекеттік жеңілдіктер беретін бағдарламаларға қатыса алмауында болып отыр. Сондай-ақ, балабақша қызметерлерінің айлығын көтеру жағы да қиындық келтіреді, өйткені ол үшін ата-ана төлейтін ақының сомасын көтеру керек. Бұл мәселенің шешімі ретінде бала-бақша иелері жан басына бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін ұлғайту мүмкіндігін қайта қарау керектігін алға тартуда. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары бұл ұсынысты мемлекеттік органдарға жолданатынын айтып, жекеменшік балабақшалар иелеріне ақпараттық және білім беру бағытының жұмысын бұдан әрі де жалғасатыратынын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер