astana-view

Мақсат – жұмыссыздықты жою

2018 жылғы 26 Қазан
2065 просмотров

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кәсіпорын жанында мамандар даярлайтын оқу орталықтарының басшыларымен кездесу өтті. Жиын орталықтардың жұмысының осы жылғы он айының қорытындысын жасау және алдыңғы жылға жоспарлар құру мақсатында өткізілді.

Жоба «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні қаламыздың 10 оқу орталығы осы бағытта жұмыс жасайды. Олар: аспаз мамандарын даярлайтын «Taksim Food Academy», «Дамыту», «Той дастарханы» ЖШС, тігіншілікке үйрететін «Азайа», «Глобал-спецодежда», «Bes-Отау» ЖШС, электр мамандықтарына арналған «Энергетик», «Сервис-К», бала-бақша тәрбиешілерінің көмекшілерін даярлауға мамандандырылған «Дарын» ЖШС, шаштараздарды оқытатын «Легенда» әсемдік салоны. 

«Жыл басынан бері кәсіпорындар жанынан ашылған оқу орталықтарына 407 жұмыссыз жіберілді. Оның 60% жұмысқа тұрған. Былтыр 80% асқан болатын. Жыл аяқталғанша жұмыссыздар санын азайту бойынша бірлескен жұмыстар нәтижесінде көрсеткішті көбейте аламыз деп ойлаймын»,-дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаева.

Кәсіпорындарда мамандар даярлау  – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылған бағдарлама.  Жоба бойынша жұмыспен қамту орталығынан жіберілетін жұмыссыздар өндіріс орындарда жүріп, 1-3 ай мерзімде кәсіби даярлықтан өтеді. Осы аралықта олар 16 000 теңге көлемінде шәкіртақы алады, шалғай ауылдан келетіндер тұрғын жаймен қамтамасыз етіледі. Кәсіпорындарға әр қатысушыға 30 000 теңге көлемінде қаражат беріледі. Бұл сома оқытушының айлығы мен оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтарға жұмсалады.

«Біз өз оқу орталығымызда шаштараздар мен тырнақ әсемдейтін шеберлерді даярлаймыз. Оқуға талап білдіріп отырғандар көп. Бүгінгі күні түлектеріміздің 75% жұмысқа тұрды. Бұл  - тұрғындар үшін өте жақсы мүмкіндік. Осындай оқу орталықтарынан басқа жерде мұндай машықтарға ешкім ақысыз оқытпайды», –дейді «Легенда» сұлулық салондар желісінің басшысы Балзия Әбубәкірова.

Басқосуда оқу орталығының басшылары жұмыс барысында кездесетін бірқатар мәселелер бойынша сұрақтарын ортаға салды. Олар жергілікті жұмыспен қамту орындарынан жіберілетін жандарды арнайы әңгімелесуден өткізуді сұрайды. Өйткені, көп жағдайда талапкерлердің меңгергісі келетін мамандықтарына икемі болмайды. Осыдан кейін олардың білім алуы мен жұмысқа орналасуы қиынға соғады. Сонымен қатар, кейбір кәсіп түрлерін оқытуда белгіленген оқу мерзімі аздық етеді. Айталық, электрик мамандығын 3 айда меңгеріп шығу мүмкін емес дейді «Энергетик» оқу орталығының жетекшісі Тұрарбек Раев.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары өз кезегінде оқу орталығын тәмамдаған түлектердің кәсіпкерлікпен айналысулары үшін «Бизнес-мектеп», «Бастау» секілді жобалар бойынша білім алып, осы бағдарламалар бойынша берілетін грант, жеңілдетілген несиеге қол жеткізуге мүмкіндіктері барын айтып өтті. Сонымен қатар Палата өз қызметі шеңберінде еңбек нарығына қажетті мамандықтарға талдау жасап отырады.

«Жүргізілген талдауларға сай, өңіріміз әлде де болса, жұмысшы мамандықтарға зәру. Қаламыздағы 5346 кәсіпорын арасында өткізген сауалнама бойынша өңірімізде 235 аспаз, 187 даяшы, 34 әкімші, 43 электрик, 184 тігінші, 105 есепші, 25 әсемдік салоны, 75 кондитер мамандарына сұраныс бар. Бұл тізім жалғаса береді. Яғни, жұмыс істеймін деген адамға екі қолға бір күрек табылады», – дейді ӨКП «Адами капиталды дамыту» бөлімінің басшысы Дамиля Құнанова.

Осы тұрғыда мамандарды даярлауда қажеттілікті ескеру мәселесі әлі де кемшін. Болашақта оқу орталықтары осы қажеттіліктерге сай білім беруге көшу керек. Ол үшін Жұмыспен қамту орталықтарына жұмыссыздарды қайта даярлау курстарына жіберерде еңбек нарығына қажетті мамандар сұранысын ескеру туралы ұсыныс берілді.


Ұқсас жаңалықтар:

12 Тамыз
2024
Қостанай облысы

12 Тамыз
2024
Қостанай облысы

Сол «Мәнерде»
12 Тамыз
2024
Алматы қаласы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер