astana-view

Көкшетауда құрылыс объектілеріне мониторинг жүргізілді

2018 жылғы 26 Қазан
- Ақмола облысы
6604 просмотров

Отандық тауар өндірушілерді қолдау және отандық тауарларды алға жылжыту бойынша жұмыс тобы аясында Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы мүдделі органдармен бірлесіп, Көкшетау қаласындағы құрылыс объектілеріне мониторинг жүргізді.

Атап айтқанда, ӨКП мен Облыстық құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы салынып жатқан қатерлі ісіктер диспансері емханасына тексеру жүргізді.

Стратегиялық маңызды нысанның құрылысы биыл жазда басталды. Емхана салуға 2,6 млрд теңгеден жоғары сома қарастырылған, жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2020 жылға қарай аяқталады. Қазіргі таңда бірінші қабаттың кірпіш қалағы аяқталды, енді бетон плиталарын бекіту монтажы жүріп жатыр.

 Мониторинг барысында жұмыс тобының мүшелері K қосымшасының шеңберінде құрылыс материалдарының жобалық-сметалық құжаттарға сәйкестігін анықтады. Айта кетелік, аталған қосымшада жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамада көзделген негізгі құрылыс материалдары, жабдықтар, бұйымдар мен құрылымдарға қажеттілік туралы мәлімдеме қамтылған.

 Мониторинг қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері қрылысқа қажетті құрылыс материалдар номенклатурасы отандық тауар өндірушілер – «ЕNKI» ЖШС және «Ерейментау кірпіш зауыты» ЖШС-нан сатып алынатыны анықталды.

«Қазіргі таңда Ақмола облысында құрылыс материалдардың толық ассортименті өндіріледі – қиыршық тас, кірпіш, темірбетон бұйымдары және басқа да материалдар.  Осы ретте бүгінде  құрылыста жиі қолданатын инженерлік-техникалық жабдық, санитарлық-техникалық бұйымдардың тапшылығы түйткіл болып тұр. Бұл тапшылық облыста ғана емес бүкіл республикада сезіледі», – деді ӨКП Сатып алулар бойынша сарапшы Бейбарыс Ізімберген.

Жұмыс тобы осы сұрақтарды шешу бойынша жұмыс істеп жатыр, яғни Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бюджетті бағдарламалар әкімшілері және жобалау ұйымдарымен бірге К қосымшасына талдау жүргізбек.

 Айта кетелік, бүгінде өңірде  жалпы сомасы 28 млрд теңгеге 60-тан астам құрылыс нысаны салынып жатыр. Оларға мониторинг тұрақты түрде жүргізілетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер