astana-view

Ақтөбелік кәсіпкерлерге геоақпараттық портал таныстырылды

2018 жылғы 26 Қазан
- Ақтөбе облысы
5932 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында Ақтөбе қаласының әкімдігінің тапсырысымен  «Ақтөбе құрылыс мониторинг» МКМ жасап шығарған https://geoportal.akt.kz веб-порталының таныстырылымы өтті.

Геопорталдың таныстырылымына Кәсіпкерлер палатасының, Облыстық кәсіпкерлік басқармасының, Ақтөбе қаласының жер қатынастары, қала құрылысы және сәулет бөлімдерінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері және кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.

Геопортал (geoportal.akt.kz) веб-порталы арқылы қала тұрғындары қажетті мекен-жайлар мен жер саудасын, қалада болатын іс-шаралар мен Бас жоспардағы мәліметтерді біле алады. Бұл, әсіресе, кәсіпкерлер үшін тиімді деп есептейді авторлар.

«Веб портал арқылы кәсіпкерлер қаланың кез-келген нысаны туралы мәлімет ала алады. Айталық, белгілі бір аймақта қанша дәріхана, асхана немесе сауда орындарының барын еш қиындықсыз анықтауға болады. Сонымен қатар, сол аймақта болашақта салынатын нысандар туралы порталға орналастырылған қаланың егжей-тегжейлі жобалар жоспары бойынша білуге болады», – дейді жобаның құрастырушыларының бірі, «Ақтөбе құрылыс мониторинг» МКМ директоры Сәуле Иманбаева.

Geoportal.akt.kz электронды жүйесі арқылы қаланың барлық аумағындағы тұрғын жайлар туралы толық ақпарат алуға болады. Бүгінгі күні онда кәсіпкерлік нысандарын салуға арналған бос жерлер мен инженерлік байланыстар туралы ақпараттар енгізілгенімен, оны көпшіліктің пайдалануы шектелген. Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл мәліметтер әлі де тексеруді қажет етеді, дегенмен оны осы жылдың аяғына дейін көпшілік назарына ұсыну көзделген.

Сонымен бірге, инвесторларға ыңғайлы болу үшін, порталға қаладағы тоқтап тұрған өндіріс орындары да туралы мәліметтер белгіленуде.

«Геопортал - қолданушылардың кең ауқымы үшін ашық деректерді жариялау құралы болып табылады.  Кәсіпкерлер порталды тиісті ақпаратпен толтыра отырып, сондай-ақ, өздерін жарнамалауға да мүмкіндік алады. Дұрыс пайдаланылса, бұл жаңашылдық кәсіпкерлердің қызметін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын»,-деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директорының орынбасары Руслан Күйшінов.

Қазіргі уақытта Геопорталды нысандардың нақты мекен-жайлардағы геобайланыс және олардың негізгі қызметтері және байланыс деректерімен («Ұйымның анықтамалығы» қосымша бетінде) толтыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Геопорталдың бүгінгі таныстырылымы тұрғындарды хабардар ету және веб-сайтқа енгізілмей қалған кәсіпкерлік субъектілері мен тоқтап тұрған нысандарды мейлінше қамту мақсатында өткізілді.

Кәсіпкерлер палатасы бизнес мүдделері тұрғысынан жүйені жетілдіру туралы өз ұсыныстарын білдірді. «Атамекен» порталмен жұмыс істеген кезде кәсіпкерлерге кеңес беру және жобаларды қолдау үшін сарапшыларды тартуды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер