astana-view

Ірі кәсіпорындарда еңбекақы көлемі 10-15%-ға артады

2018 жылғы 31 Қазан
- Батыс Қазақстан облысы
6594 просмотров

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында ең төменгі еңбекақыны жоғарылатуды тапсырды.

Батыс Қазақстан облысындағы ірі кәсіпорындардың жетекшілері төмен мөлшерде еңбекақы алатын қызметкерлерге ғана емес басқа да қызметкерлердің еңбекақысын арттыруды көздеп отыр.

«Зенит» Орал зауыты Қазақстанда кеме салу саласында көшбасшысы саналатын. Қазіргі таңда ұжымда 822 қызметкер бар. Өндірістегі орташа айлық еңбекақы 125 мың теңгені құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап кеме салу зауытының басшылығы барлық қызметкерлердің еңбекақысын 10%-ға жоғарылатуды жоспарлап отыр. 51 мың теңге көлемінде минималды еңбекақыны зауыттың 29 қызметкері алады. Жоғарылатуды есептегенде айлық 57 мың теңгеге өседі.

  «Орташа айлық еңбекақыны келесі жылдан бастап 140 мың теңгеге дейін өсіруді көздеп отырмыз, бұл фактор тапсырыс көлеміне де байланысты. Егер тапсырыстар ауқымы жоғары болса, еңбекақы бұдан да жоғары болуы мүмкін. Қазіргі таңда шекара қызметі, жер қойнауын пайдаланушылардың тапсырысын орындап, азаматтық өнімнің бірқатар түрлерін өндіріп жатырмыз», – деді «Зенит» Орал зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев.

Орал трансформатор зауытында төмен еңбекақы көлемі 70 мың теңге. Қызметкерлер еңбекақысын көтеру үшін кәсіпорын басшылығы өндіріс қарқынын арттырып жатыр. Биыл жоспарланған көлем 7000 дана трансформатор болса, келесі жылы 12000 трансформатор шығару көзделген. Шығарылған өнімнің 95%-ы ТМД елдеріне экспортталады.

«Бізде орташа айлық еңбекақы 170-180 мың теңге. Келесі жылдан бастап оны  10-15 %-ға арттырамыз. Өндіріс көлемін арттырып, қосымша өндіріс нысандарын ашамыз. Сондай-ақ, Жолдауда ерекше назар жастарға аударылған. Жастарды қолдау мақсатында зауытта мотивация жүйесі енгізілген. Мәселен, қызметкерлер арасында отбасылық жұп құрылса, онда оларға сыйақы ретінде 500 мың теңге бөлінеді, декреттік демалысқа шығатын әйелдерге 150 мың теңге қарастырылған. Осы соманы келесі жылы 250 мыңға дейін өсіру көзделген», – деді «ОТЗ» ЖШС басқарушы директоры Ақжол Сауранбаев.

 «Зауытқа өмірімде күрделі кезең болып жатқанда келдім. Депо жабылып қалды. Жұмыссыз қалдым. Мына зауыттың ашылғаны жақсы болды, мен мұнда құрылған күннен бері жұмыс істеп келемін. Бастапқыда еңбекақы аздау болды, уақыт өте келе өсіп келеді.  Қазір еңбеақы тәуір. Қалада мұндай еңбекақы жоқ. Көлем артып келеді, демек еңбектің төлемі де жақсы болады», – деді  Орал трансформатор зауытының жұмысшысы Анатолий Билыч.

Мемлекет басшысының бастамасын Оралдың басқа да кәсіпорындары қолдады, олардың қатарында Желаев нан өнімдері комбинаты, БҚО Машина жасау компаниясы бар. Белгілі болғандай ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 28 мың теңгені құрайтын ең төмен еңбекақы 42 мың теңгеге дейін өседі.

  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер