astana-view

Ханшайымдарға арналған тігін шеберханасы

2018 жылғы 13 Қараша
- Ақтөбе облысы
4323 просмотров

 Эльмира Байжанова «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» бағдарламасының көмегімен қыз балаларға киім тігетін шеберхана ашты.

Ол Атырау облысынан Ақтөбеге 2016 жылы қоныс аударды. Келген бойда кәсіпкерлікпен айналысуға бел буады. Ол үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлік негіздерін үйрететін курстарына қатысып, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы 4 млн теңге несие алудың сәті түсіпті.

«Несие қаражатына қажетті құрал-жабдықтар, тігін машинасын сатып алдым. Хабарландыру арқылы «Шығыс» базарынан жалға беретін орын таптым. Алғашында киімдерді қысқарту секілді ұсақ-түйек шаруаларды жасаған едік, қазір мектеп формалары мен концерттік костюмдер тігеміз. Жеке тапсырыстар қабылдаймыз. Ательеде 3 адам жұмыс істейді», – дейді кәсіпкер.

Тігін шеберханасы, негізінен, кішкентай қыздарға арналған киімдер тігеді. Жас сәнқойларға арналған түрлі көйлектер мен сырт киімдер дайындау – кәсіпкердің сүйікті ісі. Эльмира алғашқы көйлектерін қызы Әнелге арнап тігуден бастаған.  Әнел биыл анасының киімдерімен кішкентай балалардың сән әлеміндегі елеулі шара – «Luxury Brand Kids Model Awards Star 2018» байқауында өнер көрсетіп, үздік атанды.

«Осы жетістігіміз мені шабыттандырды. Алдағы уақытта тек кішкентай қыздарға арналған киімдер дайындаумен айналысамын деп шештім. Кәсібімді кеңейтіп, үлкен дүкен ашсам деймін. Онда аймақтағы дизайнерлердің киімдері мен дайын өнімдерді сатуды жоспарлап отырмын. Талғамды бала кезден қалыптастырған жөн», – деген Эльмира Баженова жақын арады жаңа кәсіп көзін ашпақшы.

 

Оның бұл бастамасына Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанында жұмыс істейтін «Тігіншілер мен дизайнерлердің өңірлік қауымдастығы» жан-жақты қолдау білдіруде.

«Тігіншілер қауымдастығының біз секілді қолөнермен айналысатын жандарға берері көп. Қалада өтетін түрлі сән шараларына қатысамыз. Сауда нүктелері мен жәрмеңкелер туралы ақпарат аламыз.Кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы да дер кезінде біліп отырамыз», – дейді Эльмира.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер