astana-view

Кәсіпкердің мәселесі оң шешілді

2018 жылғы 13 Қараша
- Маңғыстау облысы
4345 просмотров

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылының кәсіпкері Жасұлан Бисенбаевтың мәселесі өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының араласуымен оң шешімін тапты.

Кәсіпкер жекеменшік балабақшасына қатысты заңсыз әрекеттердің болғанын айтып кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаевқа жүгенген еді. Негізгі мәселе- Қарақия аудандық білім бөлімі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшерін мемлекеттік пен жекеменшік балабақшаларға, қолданыстағы заңнамаларға қарама-қайшы, әртүрлі дәрежеде бекіткені белгілі болды. Мәселен, 50-100 балаға арналған мемлекеттік бөбекжайларға әр бала үшін – 36 388 теңге бөлінсе, дәл сондай жекеменшік балабақшаларға – 27 500 теңге төленген.

Кәсіпкердің құқықтарын қорғау мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы мамандары Маңғыстау облысының білім басқармасы басшыларының қатысуымен кездесулер мен дөңгелек үстел өткізіп, кәсіпкердің аталған мәселесі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс кимыл Кеңесінің отырысында қаралды.

Нәтижесінде Қаракия аудандық білім бөлімінің аталған сала бойынша жүргізген жұмыстары тексеріліп, оның жоғарыда көрсетілген бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылып, мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар үшін бірдей мөлшерде қаржыландыру жаңа бұйрықпен бекітілді.

«Заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершіліктерін анықтап, шаралар қолдану туралы Кеңестің ұсыныстары тиісті органдарға жолданды», – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының 1-санаттағы сарапшысы Әбен Көптілеуов.

Осыған ұқсас мәселемен облыстың өзге де аудандарының іскерлері арызданып жатыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер