astana-view

Ерекше балалардың анасы өз кәсібін ашты

2018 жылғы 22 Қараша
- Ақтөбе облысы
7351 просмотров

Жанна Калина – екі бірдей ерекше күтімді қажет ететін балалардың анасы.

3 баласы бар отбасы пәтер жалдап тұрса да, тапқан-таянғандарын науқас балалардың еміне жұмсап, арнайы күтім шараларының барлығын жасатуға тырысады. Мүгедек балалары бар отбасы ретінде пәтер кезегіне 8 жыл бұрын тұрғанымен, әлі күнге нәтиже болмапты.  Осы қиындықтардың барлығы Жаннаны мойыта алмады. Ауру баласының жанынан бір елі шыға алмайтын ол осыдан 2 жыл бұрын үйде отырып, тәтті торттар әзірлеп, сатумен айналыса бастады. Бірден табыс тауып кетпегенімен, әлеуметтік желі арқылы тұрақты сатып алушылар табудың сәті түседі.  

«Торт әзірлеуді үлкен табыс әкелетін бизнес дей алмаймын, дегенмен, балалардың ем-домына жетеді. Тәтті тағам әзірлеуді жақсы көремін және бар ынта-шынтаммен дайындаймын. Оны сатып алушылар да сезетін болу керек, қайта айналып келіп жатады. Енді осы кәсібімді әрі қарай дамытып, шеберлік сабақтарын өткізіп, мүгедек жандарға арналған кафе ашқым келеді»,– дейді қайсар ана.

Жақында ғана ол орталықтағы «Әлия» базарынан өз сауда орнын ашты. Онда ол өз қолынан шыққан түрлі тәтті-дәмділерді сатады. Оның бұл бастамасына Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер қауымдастығы мұрындық болды. Кеңес мүшелері Жаннаға жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бизнесті қалай жүргізу керектігі жөнінде кеңес берді.

«Жанна Калина бізге биыл көктемде көмек сұрап келген болатын.  Біз оған жеке кәсіпкерлікке арналған бағдарламалар тетіктерін пайдалану туралы кеңес бердік. Сауда орнын ашуға көмек көрсеттік. Сондай-ақ, шеберлік сабақтарын өткізуге арналған сертификат алуға септігімізді тигізбекпіз. Жаннаның инвакафе ашу үшін несие алуға кепілге қоятын мүлкі болмағандықтан, мемлекет бөлетін қайтарымсыз грант алуға қатысуына сүйемелдеу жасамақпыз. Жанна секілді қолынан іс келетін әйел азаматшаларға қолдау көрсету-біздің негізігі міндетіміз»,-дейді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанар Елеусізова.

Жанна Калинаның қолынан шыққан торттар тек табиғи өнімдерден дайындалатындығымен ерекшеленеді. Әрдайым шеберлігін шыңдап отыратын ол өз жұмысын адал атқаруға тырысады. Күндіз балалардың ем-домымен шапқылап, түнде тіл үйірер торт пісіріп, кәсіпкерлікпен айналысуға тырысып жүрген кейіпкерімізді бүгінгі күннің батырына теңеуге болады.

Қазіргі кезде туған күн, той, мерекелік кештерді дәмді тортсыз елестету мүмкін емес. Нағыз шебердің қолынан шыққан табиғи торттадан дәм татқыңыз кесе,, «Әлия» базарының 1-қабатында орналасқан «Faworit cakes» бутигінен сатып ала аласыз немесе  @favorite_cakes777 инстаграмм парақшасы арқылы тапсырыс беруге болады. Тәттілерге басқа өңірлерден де тапсырыс беруге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер