astana-view

Сырымбек Тауұлы: «Бизнестің іргетасы – үнемдеу»

2018 жылғы 10 Желтоқсан
4648 просмотров

Кәсіпкерлікті сәтті жүргізіп, табысты адамдардың әлемді саяхаттауы, қымбат көлік мініп жүруі, басқа да игіліктерді қолдануы таңқаларлық құбылыс емес. Бизнесмендердің осынау жетістігіне көп адам кенелгісі келеді. Сондықтан көпшілік табыстыларға қарай ұмтылады, үлгі алып, бай болудың құпия ингредиентін білсем дейді.

Қазіргі таңда бизнес-тренингтер, коучинг дамуының, тіпті бизнес көзіне айналғанының себебі де осы. Саяхатшы, табысты бизнесмен Сырымбек Тауұлы  табысты болудың жолдарын жастарға айтып, ақыл-кеңестерімен бөлісуден жалыққсан емес. Жиһангер өзге елдерден көріп-үйренгенін қазақ жастарымен бөлісуге асығады. Кейіпкеріміздің айтуынша, аға-буын білгенін жастарға айтып, жол сілтеу – аға-іні арасындағы байланыс, тіпті  ұрпақтар сабақтастығының дәстүрлі нышаны. Сырымбек Тауұлымен бүгінгі сұхбат табыс тағылымына арналады.

–Сырымбек мырза, бойыңыздағы кәсіпкерлікке деген құлшынысты қай уақытта аңғардыңыз?

–Кәсіпкерлікті 13-14 жасымда-ақ алып жүрдім десе болады. Әпкелерім қаладан әкеп беретін сыйлықтарын достарым арасында сатып, ақшаның дәмін таттым. Тоқсаныншы жылдар, нарықтың деңдеген қиын кезі еді. Алға қарай ұмтылып, басқаша даму керек деген ізденісте болдым. Содан кейін университетте біреудің затын сатып алып, қайта сатып, делдалдықты меңгердім. Бәрі коммерциядан басталды.

–Кәсіпкерліктегі алғашқы жобаңыз қандай? Кәсіп жолында қандай қателіктерге бой алдырдыңыз?

–Қателіктер көп болды. Алғаш Қазақстанға келгенімде, маған ақыл айтатын адам болған жоқ. Осы уақытта бір-екі үлкен қателік жібердім. Оның бірі – Жапониямен іскерлік қарым-қатынасты күшейтіп жатқан кезде (2005-2006 жылдары) жапон тарапы автокөлік сату үшін маған ақшаны қайтару мерзімді бір жылға дейін созып беретін. Машинаны мен сатамын, содан кейін бір жыл ішінде сол ақшаны қайтару керек. Сол уақытта Қазақстандағы несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеме 18-20% еді. Ал Жапонияда, егер мен бір жыл ішінде қарызды өтеген жағдайда, маған 3 пайызбен несие берілді. Мен осыдан қайткенде тез құтылу керек деген  мақсат қойдым. Көлікті сатам да, 10-15 күнде құнын төлеп тастайтынмын. Егер сол уақытта арзан несиені бір жыл көлемінде пайдаланып, басқа жобаларға салатын болсақ, жақсы табыстарға жететін едік. Жалпы қателіктің сыртында Қазақстанда өзіме ақыл айтатын, жанымда жүретін адам болмады. Ол енді бір шетінен қателік, бір шетінен – өмір.

– Автокөлік саласын таңдауға саяхатшылық әсер етті ме? Daco motors KZ жұмысы туралы айтып кетсеңіз..

–Ірі кәсіп, Жапониямен автокөлік саласында басталды. Жапония бізге ұсынған көліктердің жүргізуі оңжақты еді. Мұндай көліктерге елге кіруге тыйым салынды. Содан кейін басқа тауарға көшуге мәжбүр болдық. Адамдарға не керек, қандай тауар өтімді болатынын зерттедік. Келесі бағытты да автокөлік төңірегінде таңдадық. Мәселен, автокөліктің төрт дөңгелегі болмаса жүрмейді ғой. Бір көлікке шамамен төрт жылда 4 жаздық, 4 қыстық дөңгелек қажет. Дөңгелек – көлік қозғалысының маңызды, әрі тез тозатын бөлшегі болғандықтан сұранысқа ие. Сондықтан дөңгелек сатуға ауыстық.

– «Astana Arlans» клубы құрылғанынан бастап сұрапыл жетістікке жетті. Клубты қанаттандырған ұлттық рух па, жоқ стратегия ма?

–Клуб жайында айтатын болсам, бокс болсын, күрес болсын, күрескерлік қанымызда бар зат қой. Берілмейтін қазақпыз ғой, сол берілмеу, ұлттық рухты оятып жатыр. Біз ешқашан біреуден жеңілмедік, жеңілсек те аяғына дейін қайсарлықпен күрестік, іштегі рухты таптатпадық, алға ұмтылатын қазақпыз. Әсіресе осы күресте, бокста, жекпе-жекте ішер асымызды жерге қоямыз.  Қазақтың әр баласы, әр жігіті осы рухпен өсуі керек. Қазіргі таңда басқаша көрініс көбейіп барады, адасу, еріншектік, үрей, екіжүзділік.. Ал рухты жігіттерді, жастарды көрсем, әрқашан қолдағым кеп тұрады.

–Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуына ең басты кедергі қандай?

–Қазақстанда кәсіпті енді қолға алған кәсіпкерлер үшін басты кедергі – банктер ұсынған несие пайызының тым жоғары болуы.  Өйткені банктің үстемақысы қазір қағаз жүзінде 16-18% деп көрсетілгенмен, оған кепілдемесі, басқа да комиссиялары бар, соның бәрі 24-25%-ға дейін өсіп кетеді. Мұндай пайызбен ақша алып, ары қарай кәсіп жүргізіп, даму – мүмкін емес. Мәселен, несиені 24-25 пайызбен аласыз, оған теңгенің құнсыздануы орта есеппен 20- пайыз келіп қосылады. Нәтижесінде несиеңіз 45 пайызға дейін ұлғаяды, яғни қарызды осынша үстем ақымен қайтару керек болады. Бизнесті дамытып емес, керісінше құрдымға кетесіз. Содан Үкіметтің шағын және орта бизнеске бөліп жатқан қолдау, қаражат барлық кәсіпкерлерге жете бермейді деп ойлаймын. Қолдау бар, ал осы қаражат кәсіпкерге жеткенше ортада делдалдар бар-ау. Ал қаражат тиімді іске асқанда көп жұмыс атқарылар еді. Осы бағытта соңғы жылдары ауыл-аймақта жүзеге асып жатқан «Бастаудың» аяқ алысы жаман емес деп ойлаймын. Ондағы жеңілдетілген несиенің мөлшерлемесі 6-8 пайыз. Мұның үстіне Қазақстанның ішкі өндірісі дамымаған, сырттан көп тауар тасымалдайды. Сондықтан теңгенің тұрақтылығы керек..

–Қазір қандай жобаларды іске асырып жатырсыз?

–Орта Азияда Жапонияның Yokohama Tire компаниясының дистибьюторы болып жұмыс істеп жатырмыз, оны ары қарай дамыта бермекпіз. Екіншіден мал шаруашылығына кірістік. Баспахананы жүргізіп жатырмыз. Полиграфия Қазақстанда тиімді бизнеске айналмақ, латын қарпіне көшудің өзі үлкен жұмысты көздейді, осы үдеріске өз үлесімізді қоссақ, жаңа қаріпке тез көшіп кетсек деген арман бар. Бір жағынан оған бизнес ретінде де қарап жатырмыз. Осындай екі-үш салаға кіріссек деген ойымыз бар. Медицина саласын қызықтап жүрміз, өйткені елімізде бұл салада кенжелеп тұр. Мысалы Жапонияда өмір сүру ұзақтығының орташа деңгейі 86 жас болса,  бізде – 67 жас. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан медицинаға қазақ болып, халық болып кірісу керек.

–Бизнес – ол бизнес. Онда туыс, дос деген ұғымдар болмайды, тек пайданы көздеу керек деген қағидатқа, жалпы оңай олжа оңалтпас дейді, жеңіл ақшаға қалай қарайсыз?

–Иә, бизнес – бизнес болуы керек. Өйткені біз бизнеспен кейде ортаны шатастырып аламыз. Мен үнемі айтам бизнесте ешқашан уақыт та, ақша да болмайды. Өйткені, уақыт келесі бизнесті дамыту үшін керек, ал ақша сол жобаны қаржыландыруға керек. Бос тұрған ақша – пайда әкелмейді, адамды еркіндікке жібереді. Бизнесмен болдың ба, онда әрқашан талпынғаның дұрыс. Енді қазақилық бойда болғаны абзал.  Мысалы өзіңіздің досыңыз болады, жақындарыңыз болады. Оларға шығаратын өнім, тауарыңызды тегін бермесеңіз де, жеңілдікпен берген дұрыс, өйткені, біз қарымта қазақпыз ғой, бұрын қарымтамен қайтарған бәрін. Сондықтан осындай ұғым болғаны абзал. Бірақ, бар екен деп шашылып, жоқ кезде жинап жүрген – дұрыс емес.

–Бизнесіңіздің іргетасы неге құралады?

–Бизнестің іргетасы үнемдеуден құралады. Үнемшіл болуымыз керек, үнемді болуға үйрену керек. Қазір ысырапты көп жасайтын халық болып барамыз. Қазақта жақсы тәмсіл бар ғой, тиын тебеннен құралады деген. Үнемдеген дұрыс. Ойлап қарасаңыз, отбасында қанша ақша жұмсалып жатқанына мән бермейміз кейде. Болған соң жұмсап отырмыз ғой деген ойлар болады. Осы күнделікті шығандарды бір ай бойы жазып көрдік. Сонымен  белгілі бір көлемде қаражат шықты. Осы шығынның келесі айда 70%-ын жұмсап, 30%-ын үнемдеп көрейінші деп ойладым. Негізі үнемдеу әбден болады екен. Демек, бизнесте ғана емес, барлық салада үнемдеген дұрыс: су, энергия көздері, бәрін бәрін. Жапония халқы үлкен қуаттылықты қажет ететін көлемді мотор мен семіз адамды  үнемсіз деп санайды.  Әр бизнесті үнемшілдікке құраған дұрыс.

 –Сізді табысты кәсіпкермен қатар, әлеуметтік жобаларды қолдайтын, қайырымдылықпен айналысатын тұлға ретінде таниды.

–Енді бизнесмен болған соң өзімшіл болмау керек. Біріншіден бұл Алланың берген бағы ғой, екінші – талпынысыңыз. Ал дініміздегі бес парыздың бірі – зекет. Демек, зекет беріп, қайырымдылықпен көп айналысу керек. Зекет малдың садақасы деп айтады. Өйткені бір адамның ырысы сізде тұрған шығар. Қайырымдылықпен айналысқан адамның мейірімі оянады, ісі оңға басады. Дүние-мүлікті жүрекке салмау керек.

–Әдетте кәсіпкерлер білгенін «сатады», яғни бизнес-тренингтер ұйымдастырып, табысты болуды үйретеді, білгенімен бөлісіп, ақша табады. Ал сіздің әлеуметтік желілердегі жазбаларыңыз болсын, жеке сұхбаттарыңызда болсын, тегін ақыл-кеңестерге толы?

–Әлеуметтік желіде ақыл айтайын демеймін (күледі). Оралхан Бөкей атамыз жақсы айтып кеткен: «Әр қазақтың сүйетін ісі – ақыл айту» деп. Ақыл өзімізге жетсе ғой. Мен жай ғана шетелде болсын, өндірісте болсын көрген-білгеніммен бөлісем. Қателік жіберсем, оны да айтамын. Өзге елдердегі жақсы, озық нәрселерді жастарымыз білсе екен деп ойлаймын. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың 50%-дан астамы жастар ғой. Шетелге шығып, білім алу, көруге бәрінің-бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Өзім жаңа нәрсе үйренсем, көрсем бөлісіп жатам, тікелей эфир жүргізіп отырамын. Жастарға талпынысты үйрету керек. Бір нәрсені жамандай берсең жаманға айналады. Ал мақтай берсең, жақсы жағынан айта берсең жақсыға айналады. Бұл ақыл болмаса да, меніңше, жақсыға ұмтылыс деп қабылдау керек. Бес саусақ бірдей емес, әр елде жақсы жағы да, жаман жағы да жетерлік. Соның бәрін сүзгіден өткізіп, өзімізге жақсысын алып көрсетуге тырысамын. Солай ғана ілгерілейміз.  

–Сұхбатыңызға рахмет.

Анықтама үшін: 
Daco motors KZ – Жапонияның Қазақстандағы ірі дистибьютерлік компаниясы.  Компания Yokohama Tire және Triangle Tire брендтерінің дөңгелектерін ұсынады. Yokohama-ның Қазақстандағы амбассадоры – әнші Қайрат Нұртас, Triangle-дің амбассадоры – әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев. Командасында осындай азаматтары бар Daco motors KZ спортқа, оның ішінде отандық боксқа, жекелген спортшыларға, «Astana Arlans» клубы, «Жолбарыс» клубына тұрақты негізде демеушілік көрсетеді. 

Сұхбаттасқан Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер