astana-view

Кеңес жұмысына аралық қорытынды жасалды

2018 жылғы 10 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
3808 просмотров

Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесі (одан әрі Кеңес) Түпқараған ауданында көшпелі отырыс өткізді.

Форт-Шевченко қаласындағы «Нұр-Отан» партиясының аудандық филиалында прокуратура өкілдері, жергілікті әкім аппаратының жетекшілері, қоғам белсенділері мен бизнес қауымдастық өкілдері алдында Кеңестің жыл басынан бері атқарған қызметіне есеп берілді.  

«Биылғы жылдың басынан бері Кеңестің 8 отырысы өтіп, онда түйіткілді 20 мәселе талқыланды. Мұнда қаралған мәселелердің оң шешім табуы қиындық туындаған іскердің ғана емес, сол салада еңбектеніп жүрген барлық кәсіпкерлерге игі ықпалын тигізуде», – дейді Кеңес төрағасы Шымбай Сұлтанов.

Осыдан кейін аудан кәсіпкерлеріне жеке қабылдау ұйымдастырылды. Олар мемлекеттік сатып алу шараларын өткізу, газ мекемелерінің көгілдір отынға есептегіш құралдар орнату, балабақшаға жан басына шаққанда төленетін ақы сияқты мәселелері талқыланды. Кеңес мүшелері кәсіпкерлердің барлығына заң тұрғысында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қазір аталмыш Кеңес құрамында 15 адам бар. Оған облыстық прокуратура, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент, табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдері, заңгерлер, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері мүшелік етеді.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Кеңес 2017 жылдың 14 наурызында құрылды. Оның көмегімен өңірдегі кәсіпкерлердің заңды мүдделерін ұсыну, қамтамасыз ету және қорғау, туындаған өзекті мәселелердің түйінін жүйелі әрі шұғыл шешу, сондай-ақ, аймақтағы бизнестің дамуына қиындық туғызған мәселелерді қалың бұқараға жариялау сынды шаралар атқарылды.

Кеңестің негізгі міндеті – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен іскерлік қызметтің еркіндігі, заңнамалар мен құқықтық қолдау тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу, кәсіпкерлік салаға тараптардың негізсіз араласу деректерін болдырмау.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер