astana-view

Ақтөбеде үлкен қайырымдылық балы өтті

2018 жылғы 21 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
6768 просмотров

Ақтөбеде көмекке мұқтаж мүгедек жандар және мүмкіндігі шектеулі балалар ата-аналарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған қайырымдылық балы өтті

Іс-шара Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен және Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасына қатысатын жобалар Ақтөбе қаласының Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорымен мақұлданды.

Қаражат кіру билеттерінің сатылымы, түрлі картиналар, аспаздық студиялар, әсемдік салондары, киім дүкендерінің және косметикалық орталықтардың сертификаттары ойнатылатын аукцион арқылы жиналды. Айталық, ақтөбелік белгілі кәсіпкер Асхат Айтжанов Димаш Құдайбергеновтың бейнесі салынған картинаны 200 мың теңгеге сатып алды.

«Димаш-біздің мақтанышымыз. Ол біздің Қазақстанымызды әлемге паш етіп жүр. Біз барлығымыз ұлтымыздың патриоты болуға тиістіміз. Менің бүгінгі игі шараға қосқан үлесім өзгелерге де үлгі болса деймін», – деп атап өтті аукционға қатысушы.

Қайырымдылық шарасына мемлекеттік органдардың, бизнестің, МЕҰ, БАҚ өкілдері мен депутаттар қатысты. Кешке облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен  қала әкімі Ілияс Испанов және облыста жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қонақ ретінде қатысып, жоба туралы оң пікірлерін айтты.

Түскен қаржы көмекке мұқтаж мүгедек жандардың және мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға жұмсалады. Бал басталмас бұрын демеушілердің көмегімен бір жарым миллион теңге көлемінде қаражат жиналды.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев көз жанары бұзылған мүгедек Сергей Остовскийге 500 мың теңгенің ақшалай сертификатын табыс етті. Ол «Даму-Көмек» бағдарламасы арқылы компьютерлер мен кеңсе жиһаздарын алып, зағип және көру қабілеті нашар адамдарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету класын ашты.  Алайда, ол ғимарат орнын өз жәрдемақысы есебінен жалдап отыр. ӨКП Іскер әйелдер кеңесі Сергей Островскийдің мемлекеттік сатып алулар мен конкурстарға қатысуы үшін құқықтық мәртебе алып, қоғамдық бірлестік құруына қолдау жасамақ. Қазіргі уақытта Сергейге ғимаратты жалға алу құнын өтеуге және кеңсе жабдықтарын сатып алуға қаржы қажет.

«Қамқорлық барлық адамға керек, әсіресе, мүгедек жандар өзіне көңіл аударуды мейлінше қажет етеді. Бұл олардың өздерін жеке тұлға ретінде сезініп, қиындықтарды жеңуіне, сенімі артып, дос табуға көмектеседі. Біз соңғы кезде бизнес өкілдерімен және түрлі компания басшыларымен  бірге осы секілді шараларды жиі өткізіп жүрміз. Егер де біз бірігіп, бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсете білсек, Қазақстанымыз Президентіміз арман еткендей мықты елге айналады. Мұқтаж жандарға қол үшін беріп, мейірімділік таныту – әрбір қазақстандықтың парызы. Мен осы шараны ұйымдастырған Іскер әйелдер кеңесіне және сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының төрайымы Құралай Бәйменоваға алғыс білдіремін», – деген аймақ басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаевқа шараға қатысқаны үшін алғыс айтты.

«Облыс әкімінің мұндай маңызды шараға шақыртуынан бас тарта алмадым. Бал – еліміздегі қайырымдылық мәдениетін дамытуға жақсы бастама болары сөзсіз. Бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамның толық мүшесі сезінуіне жағдай жасайды. Және мұндай шараларды әйелдердің ұйымдастыруы-аналық махаббаттың шексіз екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, осы кеште куә болғанымыздай, мүмкіндігі шектеулі жандардың өз кәсібін ашып қана қоймай, өзге де мүгедек адамдарға қолдау болып отырғаны қуантады. Бүгінгі сертификат алған алған жандарға кәсіптеріңізде үлкен табысқа жетіңіздер деп тілеймін», – деді Алик Шпкебаев ақтөбелік Жанна Калинаға 500 мың теңгенің сертификатын ұсынып тұрып.

Жанна Калина үйде отырып, торт және кондителік бұйымдар пісіреді. Отбасында екі бала- Есет пен Бекет сал ауруымен ауырады. Балаларға арнайы мүгедек арбасы қажет болатын.

«Мен өз жерлестерімнің қамқорлығына рақмет айтамын. Мені жеке кәсіпкер ретінде қолдап отырған Іскер әйелдер кеңесі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына да алғысым шексіз»,– деді Жанна Калина. 

«Бүгінгі кешті пайдаланып өңір басшысына әрбір тұрғынның әлеуметтік дамуына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Қазіргі кезде мен секілді өмірде үлкен жетістікке жетіп, Президенттің қолынан марапат алуға әрбіреуіңіздің мүмкіндіктеріңіз бар. Алайда қажетті жағдай жасалмаса, табысқа жету қиын болар еді. Мақсатқа жету үшін қолдаудың маңызы зор. Сондықтан,мен бүгінгі тамаша шараның ұйымдастырушыларына шын жүректен ризашылығымды білдіремін»,-деген Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының төрайымы Құралай Бәйменова жарты миллиондық сертификатты Ізмұрат Сүгіртаевқа берді.

Ол 1 топтағы мүгедек, құлағы естімейді. Тасымалмен айналысатын жеке көлігі бар. Сонымен қатар оның ғиамараттарды жөндеуге икемі бар. Ізмұраттың бұл өнерін кәсіп етіп, тұрақты табыс көзіне айналдыруы үшін арнайы құрал-жабдықтар керек.

Бал барысында «Цесна Банк» АҚ филиалының ұжымы жаңажылдық корпоративтен бас тартып, 500 мың теңгені миелобластық лейкоз ауруымен ауыратын 4 жасар Ақжан Әкімғали атты қыз баланың еміне аударатындықтарын жеткізді.

Тағы 100 мың теңгені «Экспресс-Груз» ЖШС басшысы, ІӘК мүшесі Айгүл Сақтағанова туа бітті сал ауруымен ауыратын бес жасар Медина Базбековаға берді.

Түскен қаражатты арнайы жасақталған тексеру комиссиясы тіркеді. Комиссия құрамында Сал ауруына шалдыққан азаматтар құқығын қорғау қоғамының төрайымы Құралай Бәйменова, ІӘК мүшесі, «Глобал-Спецодежда» ЖШС басшысы Надежда Шабаева және Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов бар.

Балда Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері арнайы дайындаған концерттік бағдарлама қойылып, облыстық филармонияның өнерпаздары, балалар би ұжымдары және отандық жұлдыздар өнер көрсетті.

 «Бұл шараның бүгінгі қоғамымыздан алатын орны ерекше болмақ. Көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіретін осындай шаралар өзгелерге де ой салып, жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің шарамызға қатысып, игі іске атсалысқан барша жандарға алғыс білдіреміз»,-деді «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің облыстық филалының төрайымы Жанар Елеусізова.

Атап өтсек, іс-шара ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылған «Атамекенім» акциясы аясында ұйымдастырылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер