astana-view

Болат Палымбетов: «Бизнесті қорғау саласындағы жетістік – тәуелсіздіктің жемісі»

2019 жылғы 08 Қаңтар
3455 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Литер газетіне сұхбат берді.

Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстанда толыққанды кәсіпкерлік қалыптасты деуге болады. Біздің бизнестің тарих белестері әр қилы: алыпсатарлық, кез-келген тексеруші қаншама жыл жұмыс істеп жатқан бизнесті еш қиындықсыз жаба салатын қорғансыздық кезең. Бизнеспен айналысқан кәсіпкерлер көп қиындық көрді, «жалған кәсіпкер» деген жала жабылып, нағыз қылмыскерлермен бірге абақтыға қамалған күндер де болды, рейдерлік басып алуға да куә болды. Дегенмен, Елбасы әрдайым шағын және орта бизнеске қорған бола білді. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әрбір Жолдауында елімізде бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау туралы айтудан жалыққан емес. Және бизнеске қысымды азайту және оны дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін де үнемі еске салып отырады.

Бизнесті мемлекеттік қолдаудағы маңызды оқиғалардың бірі - кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымының пайда болуы. Қазақстанның бизнес-омбудсмені ел Президентіне ғана есеп береді және жыл сайын атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы баяндайды. Кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайту қажеттілігі туындағаны туралы Елбасы «100 нақты қадам» іс-қимыл жоспарында айтқан болатын.  Кәсіпкерлер үшін қандай жағдай жасалған? «Литер» тілшісі Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовпен осы тақырыпта әңгімелесті.

«Қазақстан кәсіпкерлері өз құқықтарын біледі және бұдан әрі жақсара түсетініне сенеді»

- 2016 жылдың ақпанынан бастап бизнесмендердің құқықтарын қорғап келесіз. Сіздің фейсбуктегі белсенділігіңізге қарағанда, бұл жұмыс Сізге қатты ұнайтын тәрізді?

- Кез келген жұмысқа жауапкершілікпен қараймын және өзіме жүктелген міндетті орындауға барымды саламын. Бизнес-омбудсменнің алдына бизнесті жүргізуге және оның дамуына кедергі келтіретін проблемаларды жүйелеу міндеті қойылды.  Елбасы қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, соның ішінде экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыстық сипаттан арылту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырған болатын. Басынан бастап біз осы бағытқа бар күшімізді салдық.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық жасау 600-ден астам бас бостандығынан айырылған кәсіпкерге экономикалық қызметке қайта оралуға мүмкіндік берді.  Экономикалық құқық бұзушылық бойынша қылмыстық істердің саны 5 есеге төмендеді.

Қазақстанда бизнесті еркін жүргізу үшін жақсы жағдай жасалғанын мойындау керек. Мұны Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингінің соңғы нәтижелерінен де байқауға болады. Өткен жылмен салыстырғанда, Қазақстан бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша 8 позицияға көтерілді және әлемнің 190 елінің арасында 28-ші орынға ие болды.

Әрине, мұның бәрі бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету бойынша жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бизнес үшін маңызды жаңашылдықтар ескерілді, мысалы, елеусіз қылмыстық әрекет жасалған жағдайда жауапкершіліктен босату институтын қайтару, әкімшілік айыппұл мөлшерін 157 бап бойынша орта есеппен 30%-ға төмендету, айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі. Бұл бағытта жұмыс әлі де жасалады, жалғасып жатыр.

Ағымдағы жылдың 24 мамырында Президент Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Онда мемлекеттік бақылау мен қадағалауды оңтайландыру бойынша түбегейлі шаралар көзделген. Бұл - іріктеп тексерулердің күшін жою, бақылау және қадағалау функцияларын қысқарту, профилактикалық бақылауды енгізу, тексеру жүргізу мерзімдерін қысқарту .

- Кәсіпкердің бейнесін әлі күнге дейін өз отбасын асырау үшін ақша табуға тырысқан адам сияқты болып қабылданады десем...

 - Мен мұншалықты әсірелемес едім. Бүгінгі бизнесмен өз құқығын жақсы біледі, ешкімге өзін басынуға жол бермейді. Егер Елбасы кәсіпкерлерге қолдау көрсетпесе, түсіністік танытпаса, онда әрине, оларға әлі күнге дейін қиын болар еді.

Шынымды айтсам, посткеңестік кеңістікте бизнесті қорғау саласында бізге тең келер ешкім жоқ. Бұл – тәуелсіздіктің жемісі. Бізде жағдай әлдеқайда жақсы. Көрші елдер біздің тәжірибемізді зерделеп, қылмыстық, салық, әкімшілік кодекстерге енгізілген өзгерістерді және барлық мүмкін болатын мемлекеттік бағдарламаларды мұқият қарауда. Оларға біздің кәсіпкерлерді «Атамекен» палатасына біріктіру жөніндегі тәжірибеміз қызықты.

- Сіз екі жыл ішінде еліміздің барлық кәсіпкерлерімен кездестіңіз, олардың бәрін танисыз деп айтуға болады ма?

- Қазақстанда шағын және орта бизнеспен үш миллионнан астам адам айналысады. Олардың барлығын тану мүмкін емес (күлді). Кез келген мәселені алдымен зерделеу керек. Сондықтан алдымен барлық облыстарды аралап, ашық есік форматында кездесуге тырыстым. Содан кейін ауызша және жазбаша түрде келіп түскен шағымдарға талдау жасадық. 

«Бизнесте ең бастысы - ашықтық»

- Сіз кәсіпкерлік ортадағы жүйелік проблемаларға жауап бересіз. Оларды атап берсеңіз. Гәп неде?

        - Жалпы, «Атамекенмен» бірге барлық жүйелік проблемаларды бірыңғай тізілімге енгіздік, олар ашық әрі қолжетімді болды. 604 мәселе анықталды, оның 425-і немесе 70%-ы шешілсе, 50-і шешу сатысында, 129 мәселе мемлекеттік органдармен талқылауға қалып отыр.

Жүйелік проблемаларды шешу әр түрлі бағыттарда жүргізілуде, олардың бірқатары Премьер-Министр Кеңсесінің тапсырмасы аясында Бас прокуратурамен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика министрлігімен (ҰЭМ) бірлесіп жол картасы аясында шешіледі.

48 жүйелік проблеманы қамтитын «ҰЭМ-нің іс-шаралар жоспары» ерекше назар аударуға тұрарлық. Олар құзыретті мемлекеттік органдармен пысықталады, шешімнің болжамды мерзімдерінің көпшілігі 2019 жылға келеді. Жүйелік проблемаларды заңнаманы жетілдіру арқылы шешу жоспарланып отыр.

- Бізде бизнес құқық қорғау органдары тарапынан болатын заңсыз әрекеттерден қаншалықты қорғалған?

            - Бұл бизнес-омбудсменнің ең басты міндеттерінің бірі. Кәсіпкерлер әділетсіз зардап шекпеуі керек. Елбасы өзінің жолдауында бизнесті заңсыз әкімшілік қысым мен қылмыстық қудалау қатерінен қорғауды арттыру қажеттігін атап өтті.

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, кәсіпкерлік ортада құқық бұзушылықтар үшін санкцияларды төмендету нәтижесінде экономикалық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық істердің саны 5 есеге қысқарды! Сонымен қатар, жалған кәсіпкерлік туралы бап алынып тасталды, контрагенттерге түсетін қысым төмендеді. Егер Бас прокуратура, Үкімет, Парламент тарапынан жан-жақты қолдау болмаса, мұның бәрі де мүмкін емес еді.

Жалған кәсіпкерлік бойынша қылмыстық іс қозғау жөнінде көптеген шағымдар болды. Мысалы, компания төрт жыл бойы бизнеспен айналысқан: тауарларды сатып алған-сатқан, жөндеу жасаған. Бесінші жылы олардың құрылтайшысы ауысты, ол өз кезегінде директорды жалған кәсіпкерлікпен айналысуға көндірген. Әдетте, бұл заңсыз қолма-қол ақша алу. Директорды «ұстайды», тергеу басталады. 4 жыл бойы адал жұмыс істегендері далада қалды. Осы фирмамен жұмыс істегендердің барлығы ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде тергеуге алынды.  Бұрын Қылмыстық кодекс осындай әрекеттерге жол берген еді. Жоғары айыппұлдар салынды. Барлық бизнес шамамен млн. теңге тұрады десек, оның өзіндік құнынан жоғары айыппұлдар салынды. ҚК пен ӘҚБтК-ға толықтырулар мен өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана жағдай өзгерді.

Екіншісі – өңірлік мәселелер. Әдетте бұл шенеуніктер тудыратын әуре-сарсаңға қатысты. Жер телімдерін аукцион арқылы беруді шешкеннен кейін шағымдар айтарлықтай азайды. Бизнес тек бір ғана нәрсені: ашықтықты қалайды. Биылғы жылы Елбасы жергілікті атқарушы органдар берілген жер учаскелері туралы барлық ақпаратты ашық түрде (әкімдіктердің сайттарында, интернет ресурстарда, БАҚ-та), беру негіздерін, нысаналы мақсатын және т. б. көрсете отырып, учаскелерді алған адамдардың тізімдерін орналастыруға міндетті екендігі анық жазылған жер заңына енгізілген өзгерістерге қол қойды.

Кейде мені шенеуніктердің көз алдындағыны көрмейтіндіктері таң қалдырады. Өз өңірлерінің экономикасы зардап шегетін кедергілерді қолдан жасаудың не қажеті бар?

          - Қазақстанда әкімдіктер тарапынан бизнесті іс-шараларға демеуші болуға мәжбүрлейтін жағдайлар кең тараған…

- Бұл бұрын болған еді, бірақ қазір жоқ деуге де болады. Әдетте әкімдіктер жанынан ақша аудару үшін әртүрлі қорлар құрылады. Бірақ, осы өңірде тұратын кәсіпкерлер туған жеріне ешқандай «ескертусіз-ақ» көмектесетіні анық. Егер күнкөрісі төмен отбасыларға көмек көрсету қажет болса, тізім мен байланыс телефондарын беріңіз. Қазір көптеген адамдар қайырымдылықпен айналысады, бірақ оны жарнамалағысы келмейді.

- Бизнес мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қалай қарайды?

           - Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік - өте қажет әрі маңызды мемлекеттік бағдарлама және бұл көптеген мәселелерді шешудің бір жолы. Мысалы, мемлекеттік балабақшалардың жетіспеушілігі. Осы бағдарламаның арқасында балабақшаға кезекте тұрғандардың мәселесі 80% - ға шешілді. Бұл Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ең сәтті мысалдарының бірі.

Бұл жерде де шенеуніктер аяқтан шалуға тырысты. Өңірлердегі кездесулердің бірінде кәсіпкерлердің бірі: «Ауданға барып едім, меңгеруші маған ақша берілмейді деді және өзіне бағынышты адамдардан құралған комиссияға жіберді. Егер бұл Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік болса, онда неге бұл комиссиялардың 50%-ы шенеуніктер, ал 50%-ы - қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, депутаттар және т. б. болмасқа?» - деді. Толық негізделген ұсыныс. Бұл мәселе министрдің бұйрығымен шешілді.

 «Қызметіне адал емес шенеунік жариялылықтан қорқады»

      - Бұрын сіз мемлекеттік қызметте жұмыс істедіңіз. Сіз тәрізді шенеунік қарапайым кәсіпкердің жан айқайын қалай естиді?

          - Мен шенеунік емеспін, өйткені мен еңбек жолымды өткен ғасырдың 90-шы жылдары бизнесте, ең алғашқы кооперативтерден, тауар биржаларынан және брокерлік істерден бастадым. Қазіргі тілмен айтқанда, менің алған мамандығым айтишник. Алматыдағы Политехникалық институттың «Автоматтандырылған басқару жүйесі» факультетін бітіргенмін. Сондықтан барлық бағдарламашылар сияқты жұмысқа жүйелі түрде кірісемін. Кез келген мәселені шешу кезінде оны іске асыру алгоритмі құрылады. Тіпті кеңес заманында да бұл бірегей мамандық болып саналған еді, конкурстан өту қиын, бір орынға 5 адам. Сондықтан цифрландырудың қазіргі толқыны жаныма майдай жағады.

- Демек, алғашқы айтишниктің бірі ретінде сізде қазақстанның Стив Джобсы атануға мүмкіндік болды ғой?

           - Өкінішке орай ондай мүмкіндік болған жоқ. Біз ЕС -1045 үлкен электрондық есептеу машиналарымен оқыдық. Біз алғашқы дербес компьютерлер пайда болған кезде таң-тамаша болған едік. Мен ол кезде Мәскеуде, темір шымылдығы бар және интернет жоқ ең жабық елдің астанасында тәжірибе алып жатқан болатынмын. Бүгінде криптовалюта мен блокчейндерді белсене зерттеп жатырмын. Цифрландыруды қос қолдап қолдаймын, себебі бұл жемқорлықты жоюдың бірден-бір жолы.

Мемлекеттік қызметтерден, лицензиялар мен рұқсаттарды беруден тендерлерді, конкурстарды өткізуден бастау керек. Яғни шенеунік пен бизнестің байланысын барынша жою қажет. Алғашқы жылдамдық өлшегіштердің суретке түсіруін есіңізге түсіріңізші. Жүргізушілер біреулермен келісу мүмкін еместігін түсініп, айыппұлды бірден төлей бастады. Кейбір елдерде телефон арқылы мейрамхана немесе басқа кәсіпорын ашуға болады. Бұған біз міндетті түрде жетеміз.

 - Сіздің кәсіпкерге деген жалпы өз ойыңыз қандай?

            - Кәсіпкерлерді қолдап, оларға көмек көрсету керек! Әсіресе өңірлерде. Ол зауыт аша ма, шаштараз аша ма - ол маңызды емес. Олар жаңа жұмыс орындарын ашады, мемлекетке салық төлейді.

Адал қызмет атқаруға тырысамын

          - Сіз «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-н басқардыңыз. Сіздерде кейіннен интернет арқылы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй ретінде пәтер алу үдерісі енгізілді. Қандай қиындықтар болды?

          - «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ үлескерлердің проблемаларын шешу шиеленіскен тұста құрылды. Есіңізде ме, Астана мен Алматыда наразылық білдірген үлескерлер, құрдымға кеткен құрылыс компаниялары, құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендері көп болды ғой? Сол кезде бұрын-соңды болмаған бағдарлама қабылданды. Мемлекет: «Сотқа барыңыз. Өйткені бұл құрылыс салушы мен үлескердің арасындағы дау» деген болатын. Бірақ Елбасының тапсырмасы бойынша арнайы бағдарлама әзірленді. Атап өткім келеді, әлемнің бірде-бір елінде мемлекет үлескерлердің мәселесін шешкен емес.

Біз құрылысы аяқталмай қалған тұрғын үй кешендерін алып, олардың құрылысын аяқтадық.  Үлескерлер өз пәтерлерінің кілтін алды, ал қалған шаршы метрлер сатылды, бюджет қаражаты мемлекетке қайтарылды.

          Ал бертіндегі сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге келетін болсақ, қазақстандықтар алғаш рет интернет арқылы сауда-саттыққа қатыса отырып, үйден шықпай-ақ пәтер сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Бірегей бағдарлама. Біз екі апта ішінде әлеуетті сатып алушыларға ескерту жасадық. Кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді сатып алғысы келетіндердің көп болғандығы сонша, сервер істен шығып қалған сәттер де болды! Тұрғын үйлерді бөлу ашық түрде өтті, айта кетейін, шағым түскен жоқ!

- Қалаған қызметке қол жеткізе алмаған кездеріңіз бар ма?

          - Менің ұстанымым: «Кейін ұялмау үшін, өзіме жүктелген жұмысты барынша жақсы атқару». Сондықтан мен қай жерде жұмыс істесем де, артымнан сөз ертпей, өз жұмысымды адал атқаруға тырысамын. Кез-келген лауазымды өмір бойы атқармайсың ғой. Ал мансапқұмарлық менде жоқ.

- Компьютерлік бағдарламаларды құрастыратын ақылды адамдардың хоббиі не?

           - Кітап оқығанды ұнатамын. Және беттерін парақтап оқимын. Кейде, соңы не болады деген қызығушылықпен неше бет қалғанын санаймын! Бұл керемет сезім! Мені компьютер-адам десе де болады, алайда электрондық кітаптарды оқи алмаймын! (Күледі). Бірде ұшақта беріліп кітап оқып отырғанмын. Кенеттен салонға танысым кіріп келіп, бүкіл ұшақтың салонына естілетіндей: «Кәдімгі кітапты оқып отырған жалғыз сен!» деп айқай салғаны бар. Кітап оқу біріншіден миды демалдырса, екіншіден бұл жанрда жазатын көптеген талантты жазушылар бар. Бұрын Артур Конан Дойлдың шытырман шығармалары ғана болған еді ғой.

Жақында Шин Донг Хуктың «14 лагерьден қашу» кітабын оқыдым. Бұл лагерьден қашып шыққан алғашқы Солтүстік Корея азаматы. Енді ол АҚШ-та Оңтүстік Калифорнияда тұрады, «Солтүстік Кореядағы еркіндік үшін» құқық қорғау ұйымының елшісі болып табылады. Анасы қашамын деп шешкен кезде Шин жасөспірім бала болған. Ол өзіне қауіп төндірген анасына ашуланып, күзетшіге айтып қояды. Күзетші лагерь бастығына бұл туралы Шин жеткізгенін айтпай баяндайды.

Оны қинайды, ішін теседі, күйдіреді. Жарты жыл қамауда ұстайды. Одан кейін Шин мен әкесіне анасы мен ағасын қалай жазалағанын көрсетеді... Кітапты оқып отырғанда, оқиға өз басымнан өткендей қиналдым. Оқиға 21 ғасырда болған ғой.

«Өңір басшысының пальманы ойлайтын уақыты жоқ»

         - Сіз Маңғыстаудың  әкімі болып тұрған кезіңізде облыстық әкімдік ғимаратының маңында пальма отырғызды деген сөз қаншалықты рас? Түбекте осы жаңалықты барынша талқылаған еді...

         - Мен облысты қабылдап алған кезде шешілмеген мәселелер көп болатын, сондықтан экзотикалық ағаштар туралы ойлайтын да уақыт болған жоқ. Негізгі мәселе - Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК) болды. Ол Ақтау қаласы мен жақын жатқан кенттердің тұрғындарын, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын ауыз сумен және техникалық сумен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Яғни МАЭК - облыс экономикасының жүрегі банкротқа ұшырау шегіне жеткен екен.

Елбасы облысты экономикалық жағынан көтеруді тапсырды. Ал инфрақұрылымсыз экономиканы көтеру мүмкін емес. Сондықтан біз банкроттыққа жол бердік. МАЭК атом реакторы мен ЖЭО-нан тұрады. ЖЭО-ны бөлек шығарғысы келетіндер болғанын жасырмаймын. Бірақ ешкім әлемдегі бірінші өнеркәсіптік реактормен байланысқысы келмеді. Оның жобалық жылу қуаты 1000 МВт құрайды.

... Сол кезде маған МАЭК-дан физиктер мен ядролық қару шығарушылардан делегация келді. Олар оны жекешелендіріп алады деп қорыққан екен. Ондай жағдайда атом реакторын кім шығарады? Біз Елбасы мен үкімет қолдаған бағдарламаны жаздық. Ал жекешелендіру құқығына тек МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) лицензиясы бар компаниялар ғана ие. Кейін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС құрылды.

Жағалауға келетін болсақ, бұл бөліктерді маған дейін жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлшектеп алған екен. Тағы бір мәселе - Ақтауда құрылысы аяқталмаған объектілер көп болды. Жалпы, тұрғын үй мен басқа да объектілерді салуға ниет білдірген құрылыс компаниялары болған жоқ. Мен табалдырығын тоздырмаған құрылыс компаниясы қалмаған шығар! Ол жаққа ешкімнің барғысы келмеді. Дегенмен оларды өңірде жұмыс істеуге көндірдік.

Сондай-ақ облысты газдандыру мәселесі де бірінші орында тұды. Мен облыс әкімі лауазымынан басқа қызметке ауысқан кезімде өңір 80 пайызға газдандырылды.

- Сіз «Каспий» ӘКК де басқарған едіңіз…

           - Маңғыстауға алғаш рет адай тұқымды жылқылар әкелінді, бағаны ұстап тұру үшін трейдингтік сатып алу жүйесі ұйымдастырылды. Қаңтар айында қажетті көкөністер мен жемістерге баға өскен соң, қоймадан базарларға солтүстік өңірлерден алдын ала сатып алынған картоп, сәбіз, пияз, қызылша шығарылды. Олар жалға алынған қоймаларда сақталды. Бұл 2009 жыл еді және бағалардың қатаң мониторингі жүргізіліп жатқан.

Өнеркәсіптің 38 саласында инвестициялық жобалар басталды.

Мысалы, «Атыраубалық» жобасының көмегімен балық пен уылдырық экспортын дамытуға тырыстық. Тауар-бекіре фермаларын салуды жоспарладық. Өйткені Атырау өңірі Орал өзенінің бойында балық колхоздарының болуымен ерекшеленеді. Онда балықшылар балықтың еркек немесе ұрғашы екендігін көзбен көріп-ақ анықтай алады (күлді). Орал өзеніндегі судың қорегі мол. Сондықтан біз осы бұрынғы колхоздарда фермалар құрып, балықшыларды жұмысқа алуды жоспарладық. Бірақ, өкінішке орай, үлгермедік...

           Шынымды айтсам, барлығын айтып шығу мүмкін емес. Бұл мүлдем басқа оқиға. Келесі кездесу кезінде барлығын баяндап беруге әзірмін.

 

Жанна ОЙШЫБАЕВА, АСТАНА

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер