astana-view

Абылай Мырзахметов сертификаттау саласындағы бақылауды күшейтуді ұсынды

2019 жылғы 15 Қаңтар
6989 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Үкімет отырысында сертификаттау және «шартты түрде шығару» мәселелеріне көпшілік назарын аударды.

Мәселен 2018 жылы импорттық цементке (ирандық, германиялық, ресейлік, қытайлық, польшалық) қазақстандық сертификаттау органдары 224 сертификат берген, оның ішінде 199 (ол 89 %-ды құрайды) өрескел бұзушылықтармен берілгендігін мәлімдеді Абылай Мырзахметов.

2018 жылы Үкіметтің қолдауымен, техникалық реттеу саласындағы бұзушылықтар үшін айыппұл мөлшерін (үш есеге) және жауапкершілікке тарту үшін талап қою мерзімдерін (2 айдан 3 жылға дейін) арттыруға қол жеткізілді.

«Бірақ аккредиттеу субъектілеріне қатысты әкімшілік шара қолдану құқығынсыз ұсыным беру сипатындағы профилактикалық бақылау қолданылуы жалғасатын болса, бұл шаралар тиісті нәтиже бермейді,-деді Абылай Мырзахметов. Осыған байланысты аталған проблеманы шешу үшін, аккредиттеу субъектілеріне қатысты профилактикалық бақылаудың орнына ерекше тексеру тәртібін белгілеуді ұсынамыз»,-деді Ұлттық палата басшысы. 

Былтыр, Үкіметтің араласуымен, алғаш рет өнімді шартты түрде шығару шектелді, шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты сертификаттарды ұсыну мерзімі белгіленді. Осылайша балаларға арналған ойыншықтарды әкелуге тыйым салынды.

Дегенмен, жосықсыз импорттаушылар әкелінген тауарға сәйкестік сертификатын алмай, шартты түрде шығару туралы заңнаманың талаптарын бұзуды жалғастырып келеді. Айта кетерлігі, сертификаттарды кеден органдарына уақтылы ұсынбағаны немесе мүлдем ұсынбағаны үшін айыппұл небәрі 20 АЕК-ті құрайды.

Ағымдағы жағдай импорттаушыларды заңнама талаптарын сақтауға ынталандырмайды және адал бәсекелестікке қолайсыздық тудырады, деп атап өтті Ұлттық палата төрағасы.

««Атамекен» биылғы жылдан бастап отандық тауар өндірушілерге индустриялық сертификаттар бере бастайды. Түйіткілді мәселелерді шешу үшін Қазақстандық индустрияны дамыту институтымен (ҚИДИ) бірлесіп отандық тауар өндірушілердің өнімдерінің тізілімі дайындалады, олардың кейбіреулері бойынша шартты шығаруға тыйым салу ұсынысымен шығуды жоспарлап отырмыз. Бұл аталған мәселедегі реттеуді жақсартуға және бизнестің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

 

 

«Егер қоғамдық бірлестіктер бақылауды жүзеге асырмаса, Ұлттық палатамен бірлесіп бұл мәселелерді мемлекеттік бақылау саласына қайтару қажет. Аталған мәселеге назар аудару қажет», - деп тапсырды Премьер-Министр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер